“Қайсар” клубының баспасөз хатшысы Сергей Неудачиннің хабарлауынша, біздің команданың оқу-жаттығу жиынына қатысып жүрген жапон жартылай қорғаушысы Акиеши Тайсуке бапкерлер көңілінен шығып отыр. Ол өткен жылы Сингапурдың “Сингапур Армед Форс” ұжымында ойын көрсеткен. Күншығыс елінің өкілі біздің клуб сапына енген жағдайда орталық шепті күшейте түседі. Сондай-ақ, қызылордалық мамандар серб қорғаушысы Златко Жечевичтің кәсіби деңгейіне оң баға беріп отыр. Қақпашы былтыр Беларусьтің “Ягодина” клубының намысын қорғаған. Украиналық жартылай қорғаушылар Евгений Шмаков пен Роман Романчук те жақсы қырынан көрініп жүр. Осы шепте грузин Георги Пейкришвили де ойын көрсетуде. Қап тауының баурайынан келген футболшы былтыр “Атырау” жейдесін киген болатын. Өткен жылы Павлодардың “Ертісінің” құрамында жасыл алаңға шыққан словениялық Марко Балажич біздің клуб бапкерлерінің сенімін ақтай алмады. Сынақтан тағы бір қақпашы өтуде. Ол - “Тараз” клубының түлегі Мұрат Мұқашев. 2009 жылы “Қайсар” сапында ойнаған шабуылшы Олег Хромцов араға үш жыл салып, Қызылордаға қайта келсем дейді.
Өкінішке орай, былтыр жанкүйер көңілінен шығатын ойын көрсеткен словениялық Борут Семлер үстіміздегі жылы Алматының “Қайрат” командасына ауысатын түрі бар. Сонымен қатар, өзбек қақпашысы Жасур Нәрзіқұлов та биыл “Ақтөбе” сапына қосылмақ.
Біз өткен нөмірде “Қайсардың” Ресейдің “Спартак” клубының жастарымен кездескенін айтқан едік. Түрік жерінде жерлестеріміз жергілікті «Элгазиспор” клубымен шеберлік байқасқан. Дегенмен, бұл ойында алаң иелері 2:0 есебімен басым түсті. Одан кейін Украинаның “Кривбасс” клубына 0:6 есебіне есе жіберіп қойды. Енді қызылордалық футболшылар бүгін, 21 қаңтарда Әзірбайжанның “Симург” ұжымымен ойнайды.
Әділ ТАЛАП.
Біздің серіктес: FONBET