Түріктер қапы қалдырды

08.09.2011, 01:47
Түріктер қапы қалдырды
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Стамбулда Түркия футболшыларымен кездесіп, шектен тыс шиеленісті ойында 1:2 есебімен ұтылып қалды. Бірақ ұтылса да, жеңісті қолдан бермей, түріктердің жандарын мұрындарының ұшына келтірді.

Бұған дейінгі УЕФА туы астындағы ресми ойындарда Қазақстан құрамасын «қалпақпен ұрып» алып, үш кездесуде қақпамызға 13 гол тоғытқан түріктер бұл жолы «әдеттегідей» тайраңдай алмады. Мирослав Беранек баптаған командамыз түріктердің қарымды қарқынына төтеп берді. Тіпті арагідік ұрымтал қарсы шабуылдарымен екі аяқтарын бір етікке тықты. Мирослав аға өзінің ізденімпаз бапкер екендігін тағы да бір рет дәлелдеді.

Қазақстан біріншілігіндегі ойыншылармен және немістің екінші бундеслигасындағы жалқы легионермен Еуропаның деңгейі өте жоғары чемпионаттарында шыңдалған түрік тарландарын тұсаулап ұстай алды. Тек соңғы секундтарда сәттілік теріс айналып, түрік­тер таразы басын өздеріне аударып кетті. Бұл ойында Генрих Шмидтгаль үлгілі ойын өрнегін көрсетті. Сол бұрынғысынша, айылын тартпай, алға ентелеп, қайсарлық танытты. Ұлан Қонысбаев та аянбай тер төгіп, көпшілікті өзінің жанкештілігімен сүйсіндірді. Тамаша гол соғып, топсасы берік түрік қақпасының кілтін ашты. Бұған дейінгі үш ойында Түркия құрамасының қақпасына гол да соға алмай есеміз кетіп жүр еді. Соның бәрінің есесі ретінде әдемі гол соғып, айызымызды қандырды. Сынап-мінеуге шебер кейбіреулер «бұл абайсызда соғылған гол болды» деп қытығымызға тиюде. Ал осы ойындағы түріктердің соққан екі голы абайсызда соғылған жоқ па? Бұл екеуі де кездейсоқ соғылған голдар емес пе?! Қайрат Нұрдәулетов те сенім үдесінен шыға білді. Бірінші таймда қақпаға кіріп бара жатқан допты «суырып» алып шықты. Алаң сыртына теуіп жіберді. Логвиенкоға да ырзамыз. Гридин түрік қорғаушыларына тыным бермеді. Рас, тамаша екі мүмкіндікті мүлт жіберді. Әсіресе ойынның аяғында қиыс тепкенін айтсаңшы. Сол жерде ол гол соқ­қанда, үш ұпайды түріктер емес, біз олжалайтын едік. Әйтсе де Гридин – құрамаға өте қажет ойыншы. Алға асырылған допқа ұмтылып, оған жабысып-жармасуға бапандай. Осылай допты біраз ұстап не болмаса артындағы жігіттеріміздің біріне бере қойып, ойынды өрбітуге тырысады. Осылай тылдағы қорғаушылардың дамылдап, айналаға қарап, оң-солдарын бағамдап алуларына мүмкіндік туғызады. Басқасы басқа, бірақ Беранек ағамыз тасқамал қақпашы таппай жүргендей әлі. Осы жолы Мокинге сенім артылды. Мокин жаман қақпашы емес, негізі. Шапшаңдығы (реакциясы) бар. Қарбалас сәттерде қас шеберлік танытып, қауіпті соқыларды тойтара алады. Бірақ... бірақ кейде қателік жіберіп қоятыны бар. Ойланатын тұстарда асығыс қимылдап кете ме... Бұл ойында да бірнеше рет қауіпті сәттерде қақпаға допты дарытпай, екі-үш рет қателескендей болды. Бірінші гол соғылғанда, допқа ұмтылған Гурманмен қоса, Бурактың аяғына оратылмау керек пе еді... Шахметов құрама сапына әлі толықтай кірігіп кете алмай жүргендей. Алдағы ойындарда шабуылға дем беріп, ойынды өрбітер ойыншыға айналады деген үміттеміз. Қорғаушылар мен шабуылшылардың арасында үйлестіруші де, байланыстырушы да бола білсе, нұр үстіне нұр. Жасырып қайтеміз, Хайруллинге екі есе үлкен сенім артамыз. Бірақ ол «сол сенімімізді еселеп ақтап жүр» деп айту қиын. Міне, Түркия – Қазақстан құрамалары арасындағы ойынға қарап отырып, түйгеніміз – осылар. Ешкімді де даттаудан аулақпыз. Керісінше, ұлттық құраманың ойыны жетіліп келе жатқанына қуаныштымыз. Бұл – біздің ұлттық құрама. Сондықтан әрқашан да оған тілеулеспіз. Жеңсе де, өрнекті ойын үлгісін көрсетсе де, бәрін кездейсоқтыққа балайтын жанкүйерлерге қосыла алмаймыз. Қайта ұлттық құрамамыздың қазіргі ойынымен мақтана аламыз. Біз тек ойынымызбен ғана өзгелерді мойындата аламыз. Сонда француз төрешісі Клеман Турпен сияқтылар доп құлап жатқан ойыншының қолына доп тигенде, пенальти бермейді. Сонда Клеман Турпен секілді бас төрешілер матчты гол со­ғылғанша созып, ойынды тоқтатпай жүріп алмайды... Түркия – Қазақстан – 2:1 Голдар: Бурак, 31. Арда, 90+3 – Қонысбаев, 55. 62-минутта Бурак (Түркия) пенальти соға алмады. Түркия: Волкан, Сабри, Хакан Балта, Сердар, Эмре (Гекхан Торе, 60), Сельчук Инан, Мехмет Экиджи (Сельчук Шахин, 51), Арда, Эгемен Коркмаз, Бурак, Казим-Казим (Умут Булут, 82). Қазақстан: Мокин, Гурман, Мұхтаров, Логвиненко, Киров, Нұрдәулетов, Шахметов (Байжанов, 82), Хайруллин (Остапенко, 67), Қонысбаев (Нөсербаев, 86), Шмидтгаль, Гридин. Қосалқы құрам: Логиновский, Рожков, Көкеев, Хижниченко. *** Дәл осы күні 2012 жылғы Еуропа чемпионатының електік додасы аясында бірнеше матч өтті. Біз солардың ішінде «А» тобының ойындарына ғана тоқталып өтпекпіз (Өйткені Қазақстан ұлттық құрамасы да «А» тобында): Әзірбайжан – Бельгия – 1:1 Голдар: Әлиев, 86 – Симонс, 55-пенальтиден. Германия – Авастрия – 6:2 Голдар: Клозе, 8. Озил, 23. Подольски, 28. Озил, 47. Шюрле, 83. Гетце, 88 – Арнаутович, 42. Харник, 51. Осы ірі жеңістен соң Германия құрамасы 2012 жылғы Еуропа чемпионатының ақтық додасында бақ сынау құқығана ие болды. «Еуро-2012» іріктеу ойындарының аяқталуына екі-үш тур қалғанда, бірінші болып жолдамаға қол жеткізді. Автор: Нұрғазы Сасаев
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×