УЕФА: Фенербахче бірінші лигаға түсірілуі керек!

25.10.2011, 03:51
УЕФА: Фенербахче бірінші лигаға түсірілуі керек!

Түркия супер лигасында жетінші аптаның матчтары ойналды. Шілдеден бері келісілген матчтармен сарсылып, есін әрең жиған түрік футболы теңселіп барып аяққа әрең тұрған болатын. Осылайша супер лига да мерзімінен кешігіп, шымылдығын тоғызыншы қыркүйекте түрді. Келісілген және сатылып алынған матчтардың бас қаһарманы Фенербахче президенті Әзиз Йылдырымның ісі ұзаққа созылып әлі қамауда. Бешікташтың бұрынғы бапкері Тайфур Хавутчу да Әзиз Йылдырымның күйін кешуде. Бұл даудан дін аман тек екі жыл бұрынғы чемпион Бурсаспор мен биыл бапкерлік креслосына қайтадан Фатих Теримді әкелген Галатасарай екенін бұрын да жазған болатынбыз. Аталмыш даудан кейін Фенербахче Чемпиондар Лигасынан аластатылып, орнына Лиганы екінші орында тәмамдаған Трабзонспор кеткен-тұғын. Тобындағы азулы қарсылас Интерді өз алаңында жеңіп, айды аспанға бір-ақ шығарған, тобында лидер Трабзонспор кешегі ойында мәскеулік ЦСКАдан жеңіліп, еңсесі түсіп-ақ қалды. Еуропа Лигасында Түркияның намысын қорған жатқан Бешікташ Маккаби Тель-Авивті ойсырата жеңіп бәсекені жақсы-ақ бастап еді, кешегі аптада Динамо Киевке есе жіберіп алды. Өткен аптада Хаккаридегі террор есеңгіретіп, онан кейін шығысындағы жер сілкінісі де ес жинауға мүмкіндік бермеген Түркияның басына УЕФАның мына шешімі жай түсіргендей қылды. Фенербахчені бірінші лигаға түсірмесе, Түркия құрамасын Хорватиямен ойнатпайтынын, ойнап, жеңген күннің өзінде іріктеулерге қатысу құқығынан айыратынын айтады. Фенербахчемен бірге келісілген мачтарға қатысы бар тағы екі команданың бірінші лигаға түсуі ықтимал. Олар Сивасспор және Мерсин Идманюрды. Соңғы аптада Қаратеңіз командасы Самсунспормен ұпай бөліскен Фенербахче қазір супер лигада лидер. Екінші орында алғашқы апталарда ұпай жоғалтып, қазір кеткен есесін қайтаруға кіріскен Галатасарай. Лигада чемпиондықтан лайым үмітті азулы қарсыластар Бурсаспор мен Трабзонспор да араларында өткен кездесуде ұпайды бөлісіп тарқасты. Осыдан кейін Қаратеңіз дауылы(Трабзоспор-ред) бесінші орынға жайғасса, қолтырауындар(Бурсаспор-ред) жетінші орынды қанағат тұтты. Үш дәудің бірі Бешікташ оныншы. Ол бүгін Мерсин Идманюрдымен ойнап, жетінші аптаны тәмамдайды. Ал келесі апта биылғы сезонның алғашқы дербиі ойналады. Бешікташ пен Фенербахченің арасында ойналатын кездесудің төрешісі Фырат Айдынус. Биылғы сезонның голшысы 2012 іріктеулерінде бізге соғылған екі голдың бірінің авторы, Трабзонспор аяқдопшысы Бурак Йылмаз. Ол бүгінге дейінгі ойнаған алты матчында қарсыластар қақпасын тоғыз рет дәл көздеген.

Ғалия Серікқызы. Ыстамбұл

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Келесі жаңалық
Телекөрсетілім
Серіктес жаңалықтары
×