УЕФА талаптарына сай – Көкшетаудағы стадион құрылысы қашан басталады?

Бүгін, 10:37

Көкшетау қаласының әкімі Әнуар Күмпекеев жаңа стадион құрылысына қатысты мәлімдеме жасап, нысанның алғашқы қазығы қашан қағылатынын айтты, деп хабарлайды Aladop.kz.

УЕФА талаптарына сай – Көкшетаудағы стадион құрылысы қашан басталады?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен бой көтеретін жаңа спорт кешені 10 мың көрерменге лайықталған. Бұл жай ғана футбол алаңы емес, халықаралық деңгейдегі матчтар мен ірі мәдени шараларды өткізуге болатын көпфункциялы арена болмақ.

Ең бастысы, нысан УЕФА стандарттарына толықтай сай келеді деп жоспарлануда. Бұл болашақта Көкшетауда еуропалық деңгейдегі бәсекелерді қабылдауға жол ашады.

Қала басшысы “Оқжетпес” футбол клубының жаңа директорын таныстыру барысында құрылыстың басталу мерзімін нақтылады:

“Жаңа стадионның іргетасына символикалық капсула салу рәсімі 29 сәуірге жоспарланған.” — деді Әнуар Күмпекеев.

Әкім стадион мәселесімен қатар, жергілікті команданың алдағы ойындарына да тоқталып өтті. Ол клубтың жаңа басшылығы мен ойыншыларына жігер беріп, жанкүйерлер үшін жеңістің маңызды екенін атап өтті.

“25-і күні біз “Қайсармен” ойнаймыз. Ферапонтов мырза бізге қонаққа келе жатыр, сондықтан оны лайықты қарсы алып, тек жеңіске жетуіміз керек.” — деп түйіндеді сөзін қала әкімі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×