Бұл мақаланы Қазақстан футбол федерациясы орысшаға аударып, өз сайтына салды. Сондай-ақ тағы бір спорттық порталда жарық көрді. Мақаланың орыстілді нұсқасын оқығандар авторға (яғни маған) риза болмай, тілдерінің ұшына жиған ащы запырандарын төгуде. Бірақ мен ұлтшыл болсам да, арандатушы немесе ұлт пен ұлыстар арасына іріткі салушы емеспін. Жалпы, орыстілді оқырмандардың өкпелерін де түсінемін. Өйткені бұл мақала қазақтілді оқырмандарға арналған еді. Себебі қазақтілді жанкүйерлердің арасында, еліміздің құрамасын «Қазақстан ұлттық құрамасы» деп жазсаң, реніш білдіретіндері де бар. Бұл тұрғыда олар «қалай ғана ұлттық құрама деуге болады, құрамында қазақтар жоқ немесе тым аз» деп шала бүлінеді. Міне, сондай қызуқанды жанкүйерлер үшін «қазір құрама сапында қазақтар көбейіп келеді» деп, сүйінші сұрағандай жар салған едім. Спорт жанкүйерлері ел боксын қалай жақсы көрсе, футболымызға да сондай ықылас танытса деген ниетім еді.
Өз басым Сегізбаев, Ордабаев, Байшақов, Смақов шыққан қазақ даласы футбол өнері таланттарына кенде емес екендігіне бек сенімдімін. Аман болсақ, қазақтың сайын даласынан да футбол жұлдыздары шығар.
Содан соң, кейбіреулер ойлағандай, бұл мақала Қазақстан футбол федерациясы басшыларына жағу үшін жазылған жоқ. Жанкүйерлеріміздің ұлттық рухын, ұлттық намысын жану үшін жазылды. Бірақ шынымды да айтайын, Қазақстан футбол федерациясы басшыларының бірнеше игілікті ісі маған ұнады:
1. «Қазақ тілі көлеңкеде қалып қойды» деп зар илегенімізде, ресми сайттарын қазақшалап, мемлекеттік тілге айрықша көңіл бөле бастады. Ана тілімді төрлеріне шығарғаны үшін мен неге риза болмауым керек?!2. 2008-2009 жылдары Төрешілер және нұсқаушылар департаментінің басшысы тізгінін Еуропа футболында беделі жоғары, Ресей маманы Николай Левниковке ұстатты. Осылай әділ қазылар қызметін реттеуге тырысты. Бізден көрді ме, білмедім. Әйтеуір, былтырдан бері Украина мен Ресей осындай қадамға аяқ басты. Украина былтыр төрешілер корпусын әйгілі Италия маманы Пьерлуиджи Колинаға сеніп тапсырса, Ресей биылдан бастап оның отандасы Роберто Розеттиге төрешілерін басқартып отыр. Әдетте біз Ресейді қайталаушы едік, бұл жолы Ресей бізден үлгі алып отыр. Маған салса, біздегі Төрешілер және нұсқаушылар департаментін қайтадан беделді, бейтарап шетелдік маманға басқартқанын қалар едім.
3. Ұлттық құрамамыз бен жастар арасындағы құрамамызға еңбекқор бапкерлер шақыртылды. Мирослав Беранек те, Слободан Крчмаревич те қос құрамамызды түлетіп, қолдарынан келгендерін істеп жүр. Екеуін де тауып, біздің елге әкелген ҚФФ бас хатшысы Саян Хамитжанов көрінеді. Бізге дәл қазір Хиддинк, Моуринью секілді атақты бапкерлер келмейді. Оны мойындау керек. Сондықтан әзірше осындай қарапайым, дегенмен еңбекқор бапкерлермен көшімізді жүре түзей бергеніміз дұрыс сияқты.
Бір нәрсені түсінбеймін. Шетелдіктер Қазақстанда тұратын ұлттардың бәрін қазақ дейді. Мысалы, қазақстандық орыс Ресейге барса, оны ешкім орыс дей қоймас. Қазақ дейді. Ол түсінікті. Сонда біздегі өзге ұлт өкілдері шетелде қазақ атануға келісіп, өз елімізде қазақ атанғылары келмей, мөңкитіндері қалай?! «Қазақстандықпыз» дейді. Шетелде қазақ па, онда бізде де қазақ болуы керек қой. Ал мен ұлттық құрама сапындағы сүйікті ойыншыларымның бірі Юрий Логвиненко мен Андрей Карповичті еш қазақтан кем көрмеймін.
Автор: Нұрғазы Сасаев
Біздің серіктес: FONBET