Сол үшін де Оливамыз Серікті Құдайындай сыйлайды. «Баркер кубогы маған берілген Қонақбаевтың сыйы» деп айтқаны бар. Әлі күнге дейін достығы үзілмеген. Күні кеше әлемдік бокс сериясы (WSB) бәсекесінің үшінші маусымында бас жүлдені жеңіп алуымыз да осы спорт түрінің бәсі биік екенін тағы да дәлелдеп берген секілді. Қош делік.
Ал әлемде, қалаберді ескі құрлықта футбол биікте тұр. Жас та, кәрі де футбол тамашалайды. Бізде де Алматының «Қайраты» КСРО біріншілігінде өнер көрсетіп жүрген кезде футбол бірінші орында еді. Стадионда ине шаншар жер болмайтын. Ойынға кіре алмай, сыртта тамашалайтын жанкүйерлер қаншама! Қазір сол футбол, сол ду халық арасына қайта келе жатқан секілді. Кешегі Еуропа кубогы жолында кездескен Қарағандының «Шахтері» мен Албанияның «Скендербеу» командаларының ойыны соған толық куә.
Жалпы қазақ футболының УЕФА-ға мүше болған кезіндегі айтыс-тартыс әлі есте. Осы күнге дейін «бекер кірдік, УЕФА бізге қол емес» дейтіндер арагідік кездесіп қалады демесек, мойындағанымыз молдау. Мысыққадамдап болса да, жетістіктеріміз бар. Жігіттеріміз шыңдалып, еуропалық деңгейде өнер көрсете бастады. Алаң үстінде шабан қимылдап, уақыт созып жүріп алатын кезеңдер қалып бара жатқан секілді.
Ел чемпионы бұл кездесуде ойынның нағыз үлгісін көрсетті. Алаңды көре білу, дриблинг, ұзын да дәл пас, қос қапталда да өз-өзін еркін сезіну, қақпаға допты дәл бағыттай білу жерлестеріміздің үлкен жетістігі. Мұнда легионерлердің ойын машығы, өзіндік қолтаңбасы мен жергілікті ойыншылардың әлемдік доп додасына бейімделуі еліктеу-солықтаудан, тырысып бағудан әлдеқайда жоғары тұрғаны байқалады. Шеберлік те өскен, жауапкершілік те артқан. Әттең, біздің ұлттық құрама да дәл осы «Шахтердің» осы жолғы ойын өрнегін бойына сіңіре алса, құба-құп болар еді. Ендеше футбол деген тек екі өкпесін қолына ұстап алып алға шапқылай жөнелу, доптан құтылу үшін әйтеуір бір жаққа қарай «қақырата» теуіп жіберу емес екен. Алаңда 90 минут бойы доп тебу, сол допты қақпаға дарытудың айла-амалдарын қарастыру екен де!
Өткенде ел құрамасы Болгариямен ойнағанда сын көп айтылды. Пас беруде, қақпаны дәлдеуде, қарсыласты алдап өтуде болсын, шетелдік футболшылардан бір сүйем қалыс тұрдық. Сонда С.Байшақовтың интернеттегі бір сұхбатында журналистерге ренжігені бар. «Біз Болгарияны спаринг-серіктес ретінде таңдадық. Оларды біз жеңуге тиіспіз деп кім айтты?» деп бұлданды атақты футболшы. Сонда біз алаңға не үшін шығамыз? «Жеңу, жеңу және жеңу» үшін емес пе? Ал үйрену, тәжірибе алмасу осының ішінде ғой! Біздің ұлттық құрама енді «Шахтерден» үйренуге тиіс. Футболға қатысты барлық амал-тәсілді. КСРО кезіндегі «Қайратқа» тән қайрат-жігерді, шеберлікті, жеңіске деген ұмтылысты осы ойыннан көрдік.
«Скендербеу» – оңай шағылатын жаңғақ емес. Атақты «Нефтчиді» (Әзірбайжан) Кубоктың жолынан тайдырған қасқа. Тіпті қарағандылықтармен кездесу алдында «Шахтерді» менсіне де қоймаған, «Шахтер» «Нефтчиден» әлсіз» деп баға да берген. Есесіне 0:3 есебімен ойсырай ұтылды. Ағайынгершілікпен емес, жан берісіп, жан алысқан ойында. Келесі кездесу 6 тамызда Албанияда өтеді. Жерлестеріміздің келесі сатыға шығуы үшін алғышарт жасалды. Осы қарқыннан таймаса, жеңіс алыс емес.
Осы матчтан кейін Қазақстан УЕФА-ның рейтингінде Финляндияны артқа тастап, 35-орынға жайғасты. Сонымен Еурокубокқа қатысып жатқан қазақстандық клубтар 8,5 ұпай жинап («Шахтер» – 3, «Ақтөбе» – 3, «Ертіс» – 2,5 ұпай), ұпайлар жиынын 2,125-ке жеткізді. Ал бұған дейін жерлестеріміз ешқашан 2 ұпайға қол жеткізіп көрген емес. Соңғы бес маусымды қосқанда Қазақстан 7,250 ұпай жинапты. Енді УЕФА-ның мына кестесіне қараңыз:
33. Молдова – 8,750.
34. Босния мен Герцеговина – 7,500.
35. Қазақстан – 7,250.
36. Финляндия – 7,175.
37. Исландия – 6,375.
Бұл – Қазақстан футболының жетістігі емес пе?! Жетістігі, әрине. Ендеше қазақ футболының көсегесі көгерер кез алыс емес дейік. Лайым солай болсын!
Д.ӘДІЛБЕК