ФУТБОЛ ҚАЗАҚТЫ ӘЛЕМГЕ ТАНЫТА БАСТАДЫ

24.08.2013, 04:12
ФУТБОЛ ҚАЗАҚТЫ ӘЛЕМГЕ ТАНЫТА БАСТАДЫ
Екі ойынның нәтижесінде Албанияның «Скендербеу» клубын 5:3 есебімен тізе бүктірген Қарағандының «Шахтері» тарихқа түрен салды. Футболдың қазақша тарихын тасқа ойып, қашап жазып та тастады. Бұл соңы емес, әрине. Алда – топтық бәсеке. Кеншілердің кезекті кезеңде Еуропаның белді командалары – Тел-Авивтің «Маккабиінен» басым түскен Швейцарияның «Базелі», Тбилисидің «Динамосын» ұтқан Румынияның «Стяуасы», Кипрдің АПОЭЛ-ін жолдан шығарған Словенияның «Мариборы»,
Молдованың «Шерифін» ығыстырған Загребтің «Динамосы»,  Швецияның «Эльфсборгінің» арынын басқан Шотландияның «Селтигі» және Эстонияның «Нымме Кальюін» жеңген Чехияның «Виктория» командаларының қайсысымен бақ таластыратыны әзірге белгісіз. Бұған Австрияның «Аустрия», Болгарияның «Лудогорец» және «Легия» (Польша) мен «Мольде» (Норвегия) арасындағы жеңімпазды қосыңыз. Алдыңғы аталған бес команда ескі құрлықтағы рейтингі жоғары клубтардың қатарында. Сондықтар олар әр топқа бөлініп орналасуы тиіс. Ал қалғандары әр себетке таратылып жіберіледі. Жерлестерімізге қарсылас болатын командалардың тізімі бүгін тасталатын жеребеден кейін белгілі болады. «Шахтердің» қазіргі тас-түйін қимылына қарап осы жетістікпен тоқтап қалмайтынына көзің жете түсетіндей. Яғни тарихтың тың парағына әлі талай жазба түсетін сыңайлы. Қойшы, сонымен бәйгеге екінші раундтан қосылған қарағандылық футболшылардың қазақ футболы тарихында тұңғыш рет плей-оффқа өткенін айттық. Елорданың «Астанасы» екінші, Павлодардың «Ертісі» үшінші кезеңнен аса алмады. Ал «Ақтөбе» түн ауа Исландия астанасы Рейкьявикте «Брейдаблик» командасымен қарымта кездесуін өткізді. Еурокубоктағы ұпай саны жағынан «Ақтөбе» әзірге алда тұр. Еурокубокта қазақстандық командалардың бұдан басқа да сәтті ойындары болған. Бұл додаға тұңғыш қатысқан – Астананың «Жеңіс» клубы. Әрине жерлестеріміз үшін бұл сонша табысты бола қойған жоқ. Молдавияның «Шериф» командасынан Тираспольде 1:2 есебімен ұтылып, Астанада 3:2 есебімен қарымта қайтарғанымен, екі ойынның нәтижесі бойынша қонақтар ойынды одан әрі жалғастырған. Қостанайдың «Тобылы» Интертото және УЕФА кубоктарында (қазір Еуропа лигасы) да бақ сынап үлгерді. Шын мәнінде Интертото аталған құрлық кубоктары арасындағы түсініксіздеу жарыс еді. Ондағы жеңіс үшін ешқандай ұпай да, мәртебе де берілмейтін. Ол тек  УЕФА кубогының іріктеу турнирі секілді рөл атқарды. 2003 жылы қостанайлық аяқ доп шеберлері УЕФА кубогына өтуге шақ қалды. Алдымен «Полонияны» (Польша) елде – 2:1, сыртта 3:0 есебімен, «Сент-Трюйденді» (1:0, 2:0) ұта тұрып, «Пашингке» (Австрия) 0:1, 0:3 есебімен есе жіберіп алды. Ал төрт жылдан кейін Интертотоны жеңіп алған он бір үздіктің арасынан табылды. Осы жарыста Д.Огайдың сол кезгі шәкірттері «Зестафониді» (Грузия), «Либерецті» (Чехия) және ОФИ-ді (Грекия) жолда қалдырып, УЕФА кубогында «Дискоболиядан» (Польша) сүрінді. Ол кезде еуромаусымда 8 матч өткізу рекордттық көрсеткіш саналатын. Сосын «Ақтөбенің» күні туды. Олар – Чемпиондар және Еуропа лигаларында да өнер көрсеткен, Еурокубокта плей-оффқа тұңғыш жеткен ұжым. Ақтөбелік футболшылар 2009 жылы топтық кезеңнің табалдырығына тақап барды. Чемпиондар лигасында «Хафнарфьордур» (Исландия) командасын 4:0, 2:0 есебімен ұтып, «Маккабиге» келгенде маңдайы тасқа тиді. Өз алаңындағы тең ойыннан (0:0) кейін, Хайфада 3:0 есебімен жеңіп тұрып, қатарынан төрт доп жіберіп алды. Еуропа лигасына өткен соң плей-оффта немістің «Вердер» клубымен кездесті. Алайда өзі де тыным таппайтын, өзгені де бос жүргізбейтін неміс «машинасы» екі ойында да тізгінін ұстата қоймады. 2010 жылы «Ақтөбе» осы екі атақты лигада тағы да бақ сынап көрді. Жерлестеріміз бұл жолы да Израиль қамалынан өте алмады. «Хапаоэльден» екі кездесуде де ұтылып қалды. Ал Еуропа лигасында Голландияның «Алкамарынан» сырт алаңда 0:2 есебімен жеңіліп қалғанымен, Ақтөбеде 2:1 есебімен басым түсті. Бірақ бұл есеп жеткіліксіз еді. Өткен жылы Еуропа лигасында өнер көрсеткен Шымкенттің «Ордабасы» командасы алғашқы турда «Ягодинадан» (Сербия) басым (1:0, 0:0) шығып, «Русенбергпен» (Норвегия) тең ойынап тұрып (2:2, 1:2), соңғы минуттарда есе жіберіп алды. Енді, міне, қазақ футболы жаңа биікке көтерілді. Осы үшін де бізге тамаша ойын көрсетіп, керемет сәттер сыйлай білген «Шахтерге» алда да табыс тілей отырып рахмет айтуға тиіспіз. Ал «Ақтөбе» келесі сатыға өтсе, қазақ футболы сыртқа жүнін тағы да бір қомпайтып алар еді.
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×