ҮШ ОЙЫННАН БIР ҰПАЙ

27.12.2011, 17:30
ҮШ ОЙЫННАН БIР ҰПАЙ
Венгрияның Дьендьеш қаласында футзалдан өтiп жатқан әлем чемпионатының iрiктеу кезеңiнде елiмiздiң ұлттық құрамасы үш кездесу өткiзiп, екеуiнде жеңiлiп, соңғысында тең ойынға қанағат бiлдiрдi. Әлем чемпионатының iрiктеу кезеңiндегi алғашқы ойында бiздiң футболшылар венгр құрамасына қарсы ойнап, 1:5 есебiмен ойсырай ұтылған болатын. Екiншi турда ресейлiктерге 4:0 нәтижесiмен жол бердi. Соңғы ойында Латвия ойыншыларымен тең тарқасты. Бұл ойында алғаш болып есептi Сень ашқан едi. 23-минутта Таку таразы басын теңестiрiп кеттi. 35-минутта Довгань екiншi голды енгiзiп, латыштар алға шыққан. 37-минутта Сень тағы да көзге түсiп, әрiптестерiн кезектi жеңiлiстен алып қалды. Елiмiздiң футзал ойыншылары әлем чемпионатының iрiктеу кезеңiндегi үш ойыннан 1 ұпай еншiлеп қайтты. СМАҚОВ МЕКТЕБI СЕМЕЙДЕ Семей қаласында Самат Смақов атындағы футбол мектебi ашылды. Семей мемлекеттiк педагогикалық институты баспасөз қызметiнiң хабарлауынша, футбол мектебiне талапкерлер 10 жастан қабылданады. Әзiрдiң өзiнде доп тебуге құмар балалардың саны арта түскен. Самат атындағы мектептiң салтанатты ашылуына ел футболының ардагерлерi Сергей Волгин, Вахид Масудов, Фанас Салимовтар қатысып, оқушыларға ақ жол тiледi. Семей қаласының әкiмi Айбек Кәрiмов оқушылар жаяу жүрмесiн деп “Газель” көлiгiн сыйға тартты. Футбол мектебiнiң оқушыларына доп тебудiң қыр-сырын Педагогикалық институттың оқытушылары мен Саматтың өзi үйретедi. “БАРСЕЛОНАНЫҢ” БАБЫ ДА, БАҒЫ ДА БАСЫМ Жапонияда өткен клубтар арасындағы әлем чемпионатында каталондық клуб “Барселонаның” бағы жанды. Жазға салым УЕФА Чемпиондар лигасының чемпиондық атағына таласта “Манчестер Юнайтедтi” еңсерiп, УЕФА суперкубогына “Портуды” тұқыртқан “Барселона” клубы бұл жолы да аянып қалмады. Йокогамо қаласында өткен финалдық ойында бразилиялық “Сантос” клубын 4:0 есебiмен жүндей түттi. Ойынның 17-минутында есеп ашқан Мессидiң голынан кейiн “Сантос” қорғаушылары сансырап қалды. Арада жетi минут өткенде “Барсаның” күре тамыры iспеттес Хаби голды еселедi. 45-минутта Сеск Фабрегас үшiншi голды енгiздi. Екiншi таймда да Хосеп Гвардиола баптайтын футболшылар голға тояттаған жоқ. 83-минутта “алтын бала” Месси екiншi голын енгiздi. Лионель “Барселона” сапында биылғы маусымда 26 ойын өткiзiп, 29 гол соқты. Биылғы клубтар арасындағы әлем чемпионатының финалында УЕФА чемпиондар лигасының жеңiмпазы мен Либертадорес кубогiнiң иегерi кездестi. ҚОНЫСБАЕВҚА АТАҚ “ҚОНДЫ” Футболдан елiмiздiң ұлттық құрамасының һәм қарағандылық “Шахтердiң” жартылай қорғаушысы Ұлан Қонысбаев қоян жылының ең үздiк футболшысы атанды деп хабарлайды ҚР футбол федерациясы. Ұланды мұндай марапатқа жеткiзген – еңбегi. Қонысбаев көп футболшылар секiлдi алаңда босқа жүрiп уақыт өткiзбейдi. Талдырмаш денесiмен-ақ өзiнен еңселi футболшыларды сан соқтырып кетедi. Сосын дәлме-дәл пас бередi. Алыстан тура соққы бағыттаудың да шеберi. Ұланның ұлттық құрама қатарына қосылғанда да ойыны тұсалған емес. Мамандар, әсiресе, оның Еуропа чемпионатының iрiктеу кезеңiндегi Түркия құрамасына қарсы ойында түлеп сала бергенiн мақтанышпен айтады. Сол ойында 2002 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегерi Түркия құрамасына соққан голы да көпшiлiктiң есiнде. Жуырда ұлттық футбол лигасында өнер көрсететiн ойыншылардың 33 үздiгi анықталды. Осы үздiк 33 футболшының 6-ауы “Шахтердiң” ойыншысы. Беттi әзiрлеген – Қуаныш БАЖАҚ.
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×