АУЫСҚАННЫҢ ДА АЙЫБЫ ЖОҚ

27.12.2011, 17:33
АУЫСҚАННЫҢ ДА АЙЫБЫ ЖОҚ

Елордалық “Астана” клубының жартылай қорғаушысы Нұрбол Жұмас­қалиев “Тобылға” қайта оралды. Былтыр ол “Тобылдың” капитаны болып жүрiп, ел чемпионы атанған болатын. 10 жыл қатарынан “Тобылдың” келешегiне бола доп қуған Жұмасқалиев “ауысқанның айыбы жоқ” деп байырғы клубының жейдесiн қайта кидi. “Тобылдың” ойыншылары Ермек Қуантаев пен Ярослав Багинский келiсiм-шарттарын ұзартты. ОҢАЛТУҒА ОГАЙ КЕЛДI Алматылық “Қайраттың” бас бапкерi болып, Дмитрий Огай тағайындалды. Жазға салым Англиядан алып келген Джон Грегори қызметiнен кеттi. Үш жылдық келiсiмшартқа қол қойған Джонның жолы болмады. Ол бар болғаны жетi айға жуық уақыт қана “Қайраттың” жiгiттерiн қайрады. Бiрақ онысынан түк шығара алмай, алматылық клуб қоян жылғы премьер-лиганы 11-орынмен аяқтап, 1-лигага түсiп қалды. “Қайратты” премьер-лигада алып қала алмаған Грегоридiң орнын ендi Огай басты. Дмитридiң қазақ футболына бапкер ретiнде қосқан үлесi зор. Ол керекулiк “Ертiстi” баптап, екi мәрте ел чемпиондығына қол жеткiздi. Қостанайлық “Тобыл” футболшыларына тәлiм берiп жүрiп, үш жыл күмiс, екi жыл қола жүлде алып бердi. Огайдан бұрын бас бапкерлiк мансаптан ресейлiк Юрий Красножан мен Гаджи Гаджиев дәмелi болған едi. “Дмитрий Қаскелең қаласының “Сұңқар” клубын баптайды екен” деген сөз де шыққан. ЕНДI “ТАРАЗДЫҢ” ЛЮБОМИРI Келесi жылғы маусымда “Тараз” футбол клубын серб маманы Любомир Петрович баптайды. Любомир өзiнiң бапкер ретiнде жеткен ең үлкен жетiстiгi деп 1990-91 жылы Еуропа чемпионатының кубогын ұтып алғанын мақтанышпен айтады. Петрович “Осиек”, “Црвена Звезда”, “Войводина”,и“Эспаньол”, “Олимпиакос” сынды клубтарды баптады. Бiр жылдары Любомир Югославияның жасөспiрiмдер мен жастар құрамасына тәлiм берген болатын. “Тараз” биылғы маусымда тәуiр өнер көрсете қоймайды. Премьер-лиганы бар болғаны 9-орынмен аяқтады. ЖЕТIП СҮРIНДI Польшаның Тыхы қаласында хоккейден аяқталған әлем чемпионатынан жерлестерiмiз күмiс жүлдемен оралды. I-дивизонның “В” тобында өнер көрсеткен жастар алдымен жапондарды 2:1, поляк хоккейшiлерiн 2:0, хорваттарды 4:3, итальяндықтарды 1:0 есебiмен ұтып, финалға шыққан. Бiрақ 2:1 нәтижесiмен француздарға жол берiп, әлем чемпионы атағынан қағылды. Чемпион болған Франция құрамасы келесi жылы өтетiн әлем чемпионатының “А” тобында ойнау жолдамасын қоса олжалады. Қазақстандық қақпашы Павел Полуэктов “әлем чемпионатының үздiк қақпашысы” деген марапат алды.

Жас Алаш

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Алдыңғы жаңалық
ҮШ ОЙЫННАН БIР ҰПАЙ
Келесі жаңалық
ҰЛАН – ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІГІ
Серіктес жаңалықтары
×