ҰЛАН – ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІГІ

27.12.2011, 17:49
ҰЛАН – ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІГІ

Соңғы бірнеше жылдың бедерінде отандық футболдың үздік ойыншысын таңдау, тіпті қас жанкүйердің өзіне қиынға соққанын білеміз. Әсіресе, жас та болса бас бола алатын, тума таланттар жоқтай көрініп, таңдауымыз айналып келгенде не Самат Сымақовқа, не Нұрбол Жұмасқалиевқа түсетін. Биылғы жыл бұл гегемонияға нүкте қойды.

Ұлан ҚОНЫСБАЕВ – «Жылдың ең үздік аяқдопшысы». Командасы – «Шахтер» (Қарағанды) Бойы – 176 см, салмағы – 62 келі.

Тараз футболының түлегі Ұлан үшін аяқталған маусым оның футболшылық ғұмырындағы есте қаларлық, табысты жылдың бірі болды. Неге? 2011 жылы ол тұңғыш рет ұлттық құраманың жейдесін киді. 2011 жылы ол өнер көрсететін қарағандылық «Шахтер» өз тарихында тұңғыш рет ел чемпионы атанды. Ұланның өзі Еуропа лигасының дәмін татып, көзге түсті. Дәлелдеп жатпай-ақ қоялық, оған «Шахтер» мен Словенияның «Копері» арасындағы ойынды тамашалаған қалың көпшілік куә. Десе де, біздің көңілімізде Ұланның Еуро – 2012 чемпионатының іріктеу кезеңінде Түркия құрамасына соққан голы қалып қойыпты. Шыны керек, нағыз Ұланды сонда таныдық. Сол ойыннан кейін оның өзі де түлеп сала берді. Арасы бір жылдың ішінде ол құрама қатарында 6 ойын өткізіп, 1 голдың авторы атанды. Ішкі біріншілікте де Ұлан өз ойын өрнегімен көзге түсті. Маусымның шымылдық ашарын «Астананың» сапында бастап, кейіннен «кеншілер» құрамына ауысқан жас талант биылғы біріншілікте барлығы 22 ойын өткізіп, 4 гол соқты. Біздіңше небәрі 22 жасында ел футболының үздігі атанған Ұлан Қонысбаев қос қапталда бірдей өнер көрсете алатын қабілетімен және ойынды өзіне ала білетін батылдығымен ерекшеленеді. Виктор КУМЫКОВ – «Жылдың ең үздік жаттықтырушысы». 2011 жылғы ел чемпионы «Шахтер» клубының бас бапкері - Жалпы, жабылған маусым Қарағандының «Шахтері» үшін толағай табысқа толы болды десек жаңсақ айтпаспыз. Айталық, Ұлттық Футбол лигасының (ҰФЛ) биылғы жылғы сауалнамасы бойынша анықталған еліміздің ең үздік 33 футболшысының құрамында «кеншілердің» жеті бірдей ойыншысы бар екен! Олар – Александр Мокин, Александр Киров, Алдин Джидич, Никола Василевич, Ұлан Қонысбаев, Жамбыл Көкеев («Астанаға» ауысты) және Сергей Хижниченко. Ал бүгінгі «Шахтердің» жеңісі, ең алдымен Виктор Кумыковтың маңдай тер, табан ақы еңбегі екені сөзсіз. Жылдың басында 80 пайызға жаңаланған команданы салған беттен чемпиондыққа жеткізу екінің бірінің қолынан келе бермейтін қиын іс. Кезінде қызылордалық «Қайсарды» алаңнан алып кетіп бір шулатқан Кумыков, биыл «Шахтердан» чемпион шығарып, айда аспанға бір-ақ шығарды. Ол сонысымен де үздік деген атаққа лайықты деп ойлаймыз. Сергей ХИЖНИЧЕНКО – «Жылдың ең үздік жас футболшысы». Командасы – «Шахтер» (Қарағанды) Бойы – 197 см, салмағы – 81 келі Өскемен футболының түлегі өткен жылдары Голландияның атақты «Фейеноорд» командасына ауыса жаздап бір дүрліктірген еді, биыл ел футболының ең үздік жас футболшысы атанып тағы бір тамсандырды. Хижниченконың қазіргі трансферлік құны да қазақстандық межемен салыстырғанда тәп-тәуір. Бақандай 475 мың доллар! Сергей бұған дейін Өскеменнің «Востогінде», «Астана», «Атырау» клубтарында өнер көрсеткен. Соның бірде-бірінде аяқдопшы деген атына кір келтірген жоқ. Ал биылғы чемпионатта 20 жасар шабуылшы қарсыластар қақпасына 16 доп соғып, біріншіліктің сұрмергені атанды. Біздіңше, Сергейдің үздік атануына ең алдымен оның шабуылшылық шапшаңдығы себеп болған сияқты.

ДмҚ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×