Ақырыс СЕЙТҚАЗЫ. Футболымыз да Ресейге қосыла ма?!

27.12.2011, 12:55
Ақырыс СЕЙТҚАЗЫ. Футболымыз да Ресейге қосыла ма?!

Ресей Футбол Одағының басшысы Сергей Фурсенко кезекті жиналыстардың бірінде Қазақстан, Украина, Белоруссия бастаған ТМД мемлекеттерінің басын қосып, футболдан біріккен чемпионат өткізу туралы ұсыныс айтты. Фурсенконың бұл ұсынысына республикалық спорт комитетінің басшысы Елсияр Қанағатов қарсы емес. Себебі, «төскейде малымыз қосылып жатқан» Ресеймен қоян-қолтық жұмыс істеп, бірге доп қуу біздің футболдың деңгейін біраз өсіреді екен.

Еуразиялық экономикалық Одақ пен Кедендік Одақтың аясында Ресеймен етене байланысып жатқан Қазақстан футболды да басқамен бірлесіп тепсе, күйіміз қандай болар екен?! Бұл жай ғана ұсыныс, нақты іске ешкім де көшкен жоқ деп жайбарақат отыруға болар еді. Бірақ, ұсыныстың ар жағында басқа ниеттердің де бойы көрсетуі бек мүмкін ғой. Хоккей мен баскетбол сынды спорт түрлерінде біріккен лигалар бар. Ұлттық хоккей лигасы, құрлықтық хоккей лигасы, ВТБ лигасы... Алайда, миллиондардың ойыны саналатын футболдан біріккен лига құру біріншіден көлемді қаражат талап етеді. Сондай-ақ, бұл лига құрыла қалса, кімнің мүддесі бірінші орында тұратыны белгілі сияқты. ТМД елдерінің лигасын құру тиімді ме, жоқ па деген сұрақтарға жауап берген мамандар пікіріне құлақ салыңыздар:

Құралбек Ордабаев, ардагер футболшы:

Негізі, бұл идеяны мен қолдаймын. Бірақ, бұл тек қана Ресейге емес, барлық қатысушы мемлекеттерге пайдалы болуы тиіс. Мәселен, Ресей көктем-жаз жүйесіне көшіп жатыр. Ал, біздің біріншілік наурызда басталып, қарашада аяқталады. Бұл жергілікті футболшыларға қолайлы ма?! ТМД лигасы құрылса қалса, клубтардың бюджеті оның талаптарын көтереді ме?! Оның ережесі қандай болады?! Кімнің алаңында қашан ойнайды деген мәселелердің бәрі оң шешім табуы керек алдымен. Бір жағынан, Достастық Кубогының мәртебесі төмендеп кетті. Бұрын абыройы биік болған бұл додаға қазір командалар екінші-үшінші құрамын жібере салады. Мүмкін, соның орнын толтырып, футболдағы кеңістікті бос қалдырмауды көздейтін шығар Ресей. Сонымен қатар, жақсы ойыншыларды өз қатарына тарттырып алуы да мүмкін. Ұлттық құраманың ойынына кері әсерін тигізбей ме деген сауалдың туындауы да орынды. Бұл лига құрыла қалса, бізді күрмеуі көп біраз мәселе күтеді. Сол мәселелер шешімін тауып жатса, неге ойнамасқа?! Бұл жерде федерация ештеңе шешпейді. Клуб басшыларының құзырындағы мәселе бұл. Жоғарғы жақ терең ойлануы тиіс.

Нұрбол Жұмасқалиев, «Астана» футбол клубының ойыншысы:

Мен бұл ұсынысқа қарсы емеспін. Құрлықтық Хоккей Лигасында «Барыс» тәп-тәуір өнер көрсетіп жүр. Егер лига құрылып, Қазақстан да қосылатын болса, бұл біздің шеберлігімізді өсіреді деп ойлаймын.

Есей Жеңісұлы, спорт комментаторы:

Меніңше, футболдан ел чемпионы деген атаққа ештеңе жетпейді. Қазақстанның өз чемпионы, Ресейдің өз чемпионы болғаны абзал. Оның үстіне, ТМД елдері қосылатын болса, жер аумағы үлкейеді де, шығын еселене түседі. Қазір бір маусымды 4-6 миллионмен атқарып шыққан жергілікті командаларға 14-16 миллион көлемінде қаражат керек болады. «Өз қазанымызда қайнай береміз бе, одан де Ресейге қосылайық» деген пікірлерді де естідім. Меніңше, мұндай ойды үмітсіз адамдар ғана айтады. Барлық нәрсе бірден жақсы болып кетпейді ғой. Мысалы, биыл Еуропа лигасына іріктеу кезеңінің екінші айналымына үш командамыз өтті. Ал, бұрын біреуі де бірінші айналымнан әрі аспайтын. Жағдай сәл де болса жақсарып келеді. Сондықтан да, ТМД лигасы туралы ойланудың қажеті жоқ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×