
Бапкер Иван Азовскиймен қош айтысқан “Ұлытауға” “Тараздан” мамандар шақыртылды.
Осыдан 4 күн бұрын облыс боп жаңадан қалыптасқан аймақтың бас командасының бапкері қызметтен кетті. Иван Азовский Премьер-лигаға алғаш рет қатысып тұрған “Ұлытаудың” нәтижесін жақсарта алмады. Команда 14-тур қорытындысы бойынша турнирлік кестеде 12 сатыға жайғасып, жоғары біріншілікпен қош айтысушы ұжымдар қатарына кірді. Оның үстіне Азовскийдің баптауымен “Ұлытау” өз матчтарында жиі қызыл қағаз алды. Соның нәтижесінде қарсыласқа сан басымдылығын беріп, ұтуы тиіс кездесулерде ұпай жоғалтып жатты. Осының барлығына куә болып отырған басшылық бапкердің тағдырына байланысты шешімді кеш қабылдады. Клубтың турнирлік кестедегі жағдайы мүшкіл болғанда ғана бар жағдайды бақылауға алып, ақырында жаттықтырушы қызметіне Нүркен Мәзбаевты шақыртты. Жамбылдық маман "Тараздың" "Ертіске" қарсы кездесуінен кейін жұмыссыз қалған еді. “Ұлытауға” келісімен Қалдыбекұлы өзінің сенімді серігі Сергей Пакты көмекші қызметіне тағайындап алды. Бұл қызметке дейін Алексейұлы “Тараз” ФК орталығының басшылық міндетін атқарды. Клубқа жаңадан келген бапкерлердің алдында “Ұлытауды” Премьер-лигада сақтап қалу деген мақсат пен міндет тұр. “Оқжетпес”, “Астана”, “Тараз” ұжымдарында біраз жылдар бойы еңбек еткен Мәзбаев өзіне артылған сенімді ақтауы тиіс. Премьер-лиганың клубтарымен жақсы таныс маман мол тәжірибесіне сүйеніп, маусым соңына дейін “Ұлытауды” элитада сақтап қалады дегенге күдік жоқ. Жалпы Нүркен Қалдыбекұлының бапкер ретіндегі жетістігі жайында тоқталар болсақ, маман 2018 жылы “Таразды” жергілікті түлектерімен Бірінші Лигадан Премьерге алып шықты. Сол сәттен кейін 53 жастағы футбол маманы “Астананың” спорттық директоры лауазымына дейін көтерілді.
Біздің серіктес: FONBET