3 есе қымбаттаған қорғаушы Темірлан Мұрзағалиев: ТОП-5 чемпионатта ойнауды армандаймын

03.07.2025, 11:19

Қазақстан Премьер-лигасында «Қайсардың» легионерсіз ойнап жүргенін барлығы біледі. Бірақ команда сапында ең жас, 18 жастағы ойыншы Темірлан Мұрзағалиевтың негізгі құрамда тасқамал қорғаушыға айналғанын көпшілігі бейхабар да болуы мүмкін. Өткен маусымда ғана Екінші және Бірінші дивизионда доп тепкен футболшының бағасы 25 мың АҚШ долларын құрап еді. Енді маусым айында Transfermarkt сайтының жаңартылған нұсқасында футболшының 75 мың АҚШ долларына дейін өскенін аңғардық. Осы орайда Aladop.kz сайты «Қайсар» футболшысымен тілдесіп көрді.

3 есе қымбаттаған қорғаушы Темірлан Мұрзағалиев: ТОП-5 чемпионатта ойнауды армандаймын

Өткен жылы ғана Бірінші лигада дебют жасап едіңіз. 1 жыл өтпей жатып, Премьер-лигада тұрақты ойнап жүрсіз. Үлкен футболға бейімделіп кете алдыңыз ба?

  • 2024 жылы тек «Қайсар» клубы ғана Премьер-лига, Бірінші лига және Екінші лигада командаларын қосты. Бұл ерекшелік клубтағы жас футболшылардың дамуына әсер еткенін айтқым келеді. Былтыр Екінші лигада, артынша Бірінші лигада тұрақты түрде өнер көрсеттім. Ал Премьер-лиганың ойын ырғағы басқа екенін белгілі. Әйтсе де клубтың негізгі қорғаушысы ретінде бейімделу қатты қиын болмады. Себебі, 2024 жылы Бірінші лигада бірге доп тепкен Нұрымжан Салайдин, Нұрмат Сәрсенов, Өркен Махан, Ерсұлтан Төреқұл, Марлен Айманов, Азамат Серікбаев, Бекзат Құрманбекұлы сынды футболшылар қазір де «Қайсардың» негізгі құрамындарына шығып тұрады. Олардың ақыл-кеңестері ойыншы ретінде қалыптасуға үлкен әсерін тигізді.

Қазақстан Премьер-лигасының биылғы ерекшелігі - «Қайсар» клубы түгелдей отандық футболшылармен өнер көрсетуде. Өздеріңізден әлдеқайда мықты қарсыластармен ойнау сізге қалай соғуда?

  • Маусым басында «Қайсар» тек отандық футболшылармен ойнайды дегенде футбол жанкүйерлері бізді аутсайдерлердің қатарына қосып еді. Өйткені Қазақстанның барлық дерлік командалары легионерлердің көмегіне сенім артады. Бірақ біз бірінші айналымда чемпиондыққа үміткер «Қайрат», «Астана», «Тобылдан» ұпай алып, «Тұран» мен «Атыраудан»  басым түстік. Иә, өте қиын. Бірақ тек мықты қарсыластармен ғана ойнағанда ғана футболшы ретінде дамисың. Қиындықтан қашпаймын.

Футбол жолына қалай келдіңіз? Бұған дейін өзге спорттарды да байқап көрдіңіз бе?

  • Бала кезден футболға қызығып, 8 жаста алғашқы бапкерім Елнар Жалбыровтың ақыл-кеңесімен ақырындап жетілдім. Футболға деген көзқарасымды өзгертті. 2023 жылы «Ақтөбе» жастар клубы сапында QJ Leaque турнирінде көзге түсіп, «Қайсар» клубымен келісім-шартқа отырдым.

Футболда кімді үлгі тұтасыз? Қай чемпионатта ойнағыңыз келеді?

  • Бойым 194 сантиметр. Өзімнің позициямда ойнайтын әрі бойы менімен шамалас «Ливерпуль» қорғаушысы Вирджел Ван Дейкті үлгі тұтамын. Оның алаңдағы сенімді қимылы, батылдылығы, позицияны дұрыс таңдай білуі мені шабыттандырады. Әлемдік деңгейдегі футболшыдан үлгі ала отырып, болашақта ТОП-5 чемпионатта доп тебуді армандаймын.
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

футбол
Aladop Youtube
×