Ұтуға үмітіміз бар

12.07.2011, 13:57
Ұтуға үмітіміз бар
Өткен аптада футболдан Еуропа лигасы ойындары басталды. Қарт құрлықтың орта қол командаларының барлығы жасыл алаңға шығып, өздерінің мықтылар санатында ойнауға лайық екендерін дәлелдеуге тырысып бақты. Әрине, спорттық сайыс болғандықтан бәрі бірдей жеңіске жете бермейді. Біреулер - ұтты, біреулер - ұтылды, біреулер - тең түсті дегендей. Ал біздер үшін ең маңыздысы, Қазақстанның қос командасы жарысты тәуір бастап, келесі айналымға шығуға жақсы мүмкіндік алды. Өткен аптада футболдан Еуропа лигасы ойындары басталды. Қарт құрлықтың орта қол командаларының барлығы жасыл алаңға шығып, өздерінің мықтылар санатында ойнауға лайық екендерін дәлелдеуге тырысып бақты. Әрине, спорттық сайыс болғандықтан бәрі бірдей жеңіске жете бермейді. Біреулер - ұтты, біреулер - ұтылды, біреулер - тең түсті дегендей. Ал біздер үшін ең маңыздысы, Қазақстанның қос командасы жарысты тәуір бастап, келесі айналымға шығуға жақсы мүмкіндік алды. Қарағандының «Шахтері» алғашқы кездесуін Словенияның «Копер» клубына сырт алаңда өткізді. Жерлестеріміз бұл матчта мынадай құрамда өнер көрсетті: қақпашы - Мокин; қорғаушылар - Отабаев, Джидич, Василевич, Борантаев; жартылай қорғаушылар - Байжанов, Вичус, Қонысбаев, Көкеев; шабуылшылар - Финонченко мен Хижниченко. Алаң иелері де бұл бәсекеге барлық мықтыларын қосты. Матч басталған бетте «Копердің» ойыншылары біздің айып алаңымызға баса-көктеп кірді. 4-минутта Вундерленің үш метрдей жерден қаңырата тепкен добын Мокин әзер қайтарды. 6-минутта Остерц оңтайлы тұстан қақпаны дәл көздей алмады. Егер қарсыластарын еркінсітіп қойса, жағдайдың ушығып кетерін дер кезінде түсінген қарағандылықтар да өз бақытын словениялықтардың айып алаңынан іздеуді жөн көрді. Бірінші таймның алғашқы жартысында Хижниченко мен Байжановтың соққан доптары қақпашы Хашичті кәдімгідей абыржытты. Үзіліске дейін қос команда бір-бірін ала алмады. Екінші кезеңде де алма-кезек шабуылдар өз жалғасын тапты. Бірде - Словения футболшылары қақпаны нысанаға алса, енді бірде біздің жігіттер жанұшыра алға ұмтылды. 50-минутта Финонченконың пасын жақсы қабылдап алған Байжановтың санаулы метрден бағыттаған соққысы қақпашыға тиді. 59-минутта Финонченко қақпашымен бетпе-бет қалып, оны алдап өте алмады. 69-минутта Отабаевтың баспен ұрған соққысы бағанаға тиді. «Копердің» ойыншылары да қарап қалған жоқ. 84-минутта Борантаевтың қателігін ұтымды пайдаланған ардагер Остерц аяғындағы допты Бубаньяға бағыттады. Ол өз кезегінде біздің қақпашыны алдап өтіп, есеп ашты. Бірақ бұл есеп ұзақ сақталған жоқ. Негізгі уақыт аяқталып, төреші қосқан үш минуттың ішінде қарағандылықтар таразы басын теңестірді. 11 метрлік айып добын Жамбыл Көкеев мінсіз орындады. Есеп - 1:1. Павлодардың «Ертісі» де тұсаукесер кездесуін қонақта өткізді. Олар Белостокта жергілікті «Ягеллония» клубына қарсы ойнады. Былтырғы жылы Польша кубогы жолындағы жарыста топ жарып, Суперкубокты иеленген белді командаға отандастарымыз лайықты қарсылық көрсете білді. Алаң иелері қанша жанталасқанымен, ұзақ уақыт бойы павлодарлықтардың қақпа кілтін таба алмады. Оның үстіне 37-минутта «Ертістің» ойыншысы Михайлюк алаңнан қуылды. Жерлестеріміз сонда да сыр берген жоқ. Бірақ айналдырған «жау» алмай қоймады. 80-минутта Франковски соққан гол «Ягеллонияға» жеңіс әперді. Бірақ соған қарамастан, «Ертіс» келесі айналымға шығу мүмкіндігін сақтап қалды. Ең бастысы, өз жерімізде өтетін кездесулерде Қазақстанның қос командасы сауатты ойнап, жеңіске қол жеткізе алса, алға қойған мақсат орындалады. Енді біз жоғарыда аталған командалардың қарымта кездесуімен «Ақтөбе» және «Тобылдың» ойынын тағатсыздана күтеміз. Ақтөбеліктер 14 және 21 шілде күндері де жасыл алаңға шығады. Олардың қарсыластары - Венгрияның «Кечкемет» клубы. «Тобыл» 12 немесе 13 шілдеде Братиславада, одан кейін 19 немесе 20 шілдеде Қостанайда Братиславаның «Слованымен» кездеседі.
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×