Беларусьтің "Нафтан" клубында өнер көрсетіп жүрген Қазақстандық жартылай қорғаушы Вадим Яковлев жергілікті "Беларусь 5" телеарнасына берген сұхбатында Қазақстан Премьер лигасы мен Беларусь жоғары лигасын салыстырып, өз ойын ортаға салды, деп хабарлайды Aladop.kz.
22 жастағы футболшының айтуынша, екі чемпионаттың деңгейі арасында жер мен көктей айырмашылық жоқ, бірақ Қазақстан біріншілігі бәсекелестік тұрғысынан бір қадам алда тұр.
"Лидерлер жағынан Қазақстанда қарсыласқа дес бермейтін, ойын тізгінін толық өз қолдарына алатын командалар көп. Оларға қарсы ойнап, жеңіске жету өте қиын.” – деп қосты Яковлев.
Сонымен қатар, Вадим Беларусь лигасындағы кез келген қарсыласпен тең дәрежеде ойнауға болатынын алға тартты. Оның сөзінше, мұндағы командалардың ойын мәнері мен тактикалық дайындығы ҚПЛ-мен салыстырғанда біраз ерекшеліктерге ие.
Вадим Яковлев "Нафтан” сапына ақпан айында "Атыраудан" еркін агент ретінде ауысқан болатын. Қазіргі таңда ол командадағы өзгерістердің оң нәтиже беріп жатқанын атап өтті.
"Жаңа бапкер Александр Храпковский команданың тактикалық схемасын өзгертіп, көбірек шабуылдауға басымдық берді. "Барановичи" командасымен болған жеңістен кейін команданың сенімі артып, кез келген қарсыласпен ойнай алатынымызды түсіндік." – дейді футболшы.
Айта кетейік, 16 жасында жастар құрамасы сапында өнер көрсетіп, Қазақстанның жастар құрамасы тарихындағы ең жас ойыншы ретінде тіркелген Вадим Яковлев қазіргі уақытта Беларусь елінде өз шеберлігін шыңдауды жалғастыруда. Оның трансферлік құны қазіргі таңда 150 мың еуроға бағаланып отыр.