«Қайраттың» бұрынғы шабуылшысы Вагнер Лав Үндістанның үш дүркін чемпионы «Ист Бенгал» клубымен келісім-шартқа отыруға жақын, деп хабарлайды СпортРадар.kz телеграм арнасы.
Дереккөздің хабарлауынша бразилиялық шабуылшы бұл ұсынысты мұқият қарастыруда. Аталмыш клуб қазір Үндістан чемпионатының 10 турынан кейін 6 ұпаймен ең соңғы орында келе жатыр.
Бұған дейін ЦСКА-ның жаттықтырушылар штабы Вагнер Лавты командадан көргісі келетінін хабарлаған болатынбыз. Бас бапкер Алексей Березуцкий де бразилиялық ойыншыға қызығушылық танытқанын бірнеше рет растады.
37 жастағы футболшы ресейлік клубқа 2020 жылы келуі керек еді, бірақ ол кезде Гинер бұған қарсы болған еді. Бұл жолы да клуб президенті Вагнер Лавтың қайта оралғанын қалап отырған жоқ.
Айта кетейік, Вагнер Лав «Қайрат» клубы үшін бас-аяғы 57 кездесу өткізіп, 27 гол мен 20 нәтижелі пасты өз еншісіне жазды. Алматылық клубпен бірге Қазақстан чемпионы атанып, ел кубогін жеңіп алды.
Біздің серіктес: FONBET