03.05.2012
Алматылық «Қайрат» кезінде КСРО чемпионатында Алаш елінің намысын қорғаған жалғыз команда болды. Сол уақытта ол шынымен де барша алматылықтардың, әй, алматылықтар ғана емес-ау, қалың қазақтың командасына айналды десек артық айтқанымыз емес.
Өткен жексенбіде телеэкраннан «Қайрат» – «Жетісу» арасындағы ойынды көру «бақытына» ие болғанбыз. Комментатор екі команданың құрамымен таныстырғанда, бұрынғы Югославияның футболын тамашалағандай әсерде қалғанымызды несіне жасырайық. Қазақстандық емес, белградтық команда ма дерсіз… Екі клубтың құрамында да кілең «…вич»-тер. Алматылықтар Кнежевич, Йованович (капитан), Джорджевичті алаңға алып шықса, жетісулықтар сапында Тривунович, Цветкович (капитан), Юнузович, Джалович, Маричтер жүгіріп жүр. Былайғы жұрттың «Ойпырмай, осы бір «…вич»-тер болмаса, қазақ футболының көсегесі көгермейді-ау» деген ойда қалуы ғажап емес.
Стадионда ойынды тамашалап отырған Қазақстан футбол федерациясының басшылары Сейілда Байшақов пен Саян Хамитжановтың не ойлағаны бір Аллаға ғана аян. Алайда, мына ойынды тамашалаған біздің көңілімізді, елімізде доп тебуге жарайтын қазақтың қалмағаны ма деген ой мазалады. Тіпті, КСРО кезінде де мұндай сорақылық болмап еді. Себебі, ол кезде «Қайрат» командасының құрамында қазақ футболшыларының да ойнап, шеберлік көрсеткені айдай ақиқат. Байқасаңыздар, екі команда да капитандық жауапкершілікті легионерлердің мойнына жүктей салыпты.
Бұл не деген масқара? Сонда 22 ойыншының арасынан капитандыққа лайық қазақстандық футболшының табылмағаны ма?
Алматы Орталық стадионында төреші ысқырығы естілген сәтте қос команданың қатарында бұрынғы Югославия мемлекетінің 8 бірдей футболшысы доп теуіп жатты. Кездесу барысында тек Иованович, Кнежевич, Юнузович қана көзге түсті демесеңіз, қалған «…вич»-тердің алаңда жүгіргені болмаса, мықты ойын көрсете қойғаны шамалы.
Бұл жерде Дмитрий Огай (бас бапкер), Евгений Кузнецов (бас бапкердің көмекшісі), Юрий Новиков (қақпашылар бапкері), Сергей Кулинич (бапкер) бастаған бапкерлердің де жіберген қателігі бар деп ойлаймыз. Себебі, бас демеуші «ҚазРосГаз» басшылары мен Алматы қаласы әкімдігі «Қайраттың» деңгейін көтеру үшін барлық жағдайды жасады. Ал бапкерлер болса, керегі шамалы легионерлерді топырлатып алып, енді олардан қалай құтыларын білмей бастары қатып отырған секілді.
Өз басым «Қайраттың» қосалқы құрамындағы Азамат Әубәкіров, Руслан Сахалбаев, Руслан Балтиев сынды ойыншылардың, қымбатқа түскен легионерлерден кем ойнамайтынына бәс тіге аламын. Алайда барлық гәп ойыншының шеберлігіне емес, басқа мәселеге келіп тірелетінін құлағымыз шалып жүр. Бір кезде премьер-лигада доп тепкен танысымның: «Ортан қол легионерлерді шақыратын себебі, келісімшартта 500 мың АҚШ доллары деп көрсетілгенімен, оның қолына тиетіні бар-жоғы – 100-150 мың ғана. Қалғаны басшылардың қалтасында қалады. Ал одан кейін шетел футболшыларын бапкер міндетті түрде негізгі құрамға қосу керек. Өйткені, қымбат ақшаға келген «шебер ойыншыны» қосалқы құрамда ұстап отыруға болмайды», – деп айтқаны есімде.
Міне, ащы да болса бұл сөз шындыққа жанасатын сияқты. Себебі, жоғарыда айтқандай, деңгейі Әубәкіров, Сахалбаев, Балтиевтан аса алмайтын Джорджевич, Дафф, Акйылдыз сынды ойыншылар құдай біледі, өз елдерінде күнін көре алмай, бері қарай ағылған «эмигранттар» ғана болуы ықтимал. Әйтпесе шеберлік деңгейі төмен бола тұра, оларды кім таңдаған?
P.S. «Қайратым» деп мен жүрмін, Қайрат қылмай сен жүрсің» – деп ақын Әбділда Тәжібаев айтқандай, бүгінгі «Қайратта» қайрат та, қауқар да қалмаған ба, қалай?… Сонымен, «Қайрат» – «Жетісу» кездесуінде Недашковскидің соққан голы арқасында алматылық команда әупірімдеп жүріп, жеңіске жетті. «Қайрат» 8 ойында 11 ұпай жинап, турнир кестесінің 9-ншы сатысына көтерілді.
Алмас МАНАП
http://www.nurastana.kz/?p=7108
Біздің серіктес: FONBET