XXIV біріншілік өз мәресіне жетті. Сандар не дейді?

09.11.2015, 02:38
XXIV біріншілік өз мәресіне жетті. Сандар не дейді?
Футболдан XXIV Қазақстан чемпионаты аяқталды. Жарыс қорытындысы бойынша бас жүлде елордалық "Астанаға" бұйырды. Чемпионаттың интригасы соңғы минуттарға дейін сақталып, "Ақтөбеге" қарсы ойынның 87-ші минутында ғана Станимир Стойлов командасы "Қайраттың" қолында тұрған чемпиондықты жұлып алды. Чемпионат екіге бөлінгелі бері сүреңсіз ойын көрсеткен "Ақтөбе", қос астаналық клубтан 13-14 ұпайға артта қалып, үшінші орынға тұрақтады. -"Астана"-қатарынан екінші мәрте чемпион атанды. -"Қайрат"-тарихында тұңғыш рет күміс жүлде иеленді. -"Ақтөбе- соңғы он бір жылда чемпионатта жүлдесіз қалған емес. Бұл уақыт ішінде батыстықтар бес мәрте бірінші орынды, үш рет екінші орынды және тағы үш біріншілікте қола жеңіп алған. -Ең нәтижелі команда -"Қайрат". Алматылықтар 32 ойында қарсыластар қақпасына 60 доп тоғытса, ел чемпионы "Астана" 55 мәрте қарсыластар қақпасына гол соққан. Ең аз гол соққан команда-"Қайсар". Қызылордалықтар еншісінде бар болғаны-20 гол. -Ең аз гол өткізген ұжым дa -"Қайрат". Чемпионат барысында Плотников қорғаған қақпаға 19 гол ғана кіріпті. Екінші орында-"Ақтөбе" 25 голмен. -Бір қызығы "Астана" мен "Қайраттың" барлық көрсеткіштері бірдей. Қос команда да 20 реттен жеңіп, 7 рет тең түсіп, 5 ойында қарсыласқа есе жіберген. Доп айырмасы жөнінен алматылықтарда + 41 болса, "Астанада" +32. Бірінші айналым қорытындысы бойынша "Ақтөбе" мен "Қайратта" 44 ұпайдан болса, "Астанада" 43 ұпай еді. Бірінші айналым аяқталған соң, командалардың еншісіндегі ұпай сандары екіге бөлініп, үш командада да 22 ұпайдан болып шыға келді. 43:2=21,5. Әрине, математикалық есепке салсақ, 21,5 21-ден 22-ге жуық. Дау жоқ. Дегенмен, осы бір ұпай бірінші орынның тағдырың шешіп тұр. -Чемпионатқа қатысушылар саны 12-ге қысқартылып, өткізу жүйесі екіге бөлінгеннен кейінгі голға ең сараң чемпионат осы жылы болды. Голдар саны-418. Былтырғы нәтиже-464, 2013-ші жылғы маусымдағы біріншілікте 433 гол соғылыпты. -Чемпионаттың үздік сұрмергені-Жерар Гоу. Кот-д'Ивуар елінің тумасы 22 голдың авторы атанды. Бұл соңғы он жылдағы ең үздік нәтиже. Соңғы рет Қазақстан чемпионатында Ұлықбек Бақаев пен Арсен Тлехугов 2004-ші жылы 22 голдан соққан. -Соңғы 6 маусымда тек легионерлер ғана чемпионаттың үздік сұрмергені атануда. Соңғы рет Премьер-Лиганың үздік сұрмергені болған-Мұрат Тілешов. Мұрат 2009-шы 20 голмен оза шапқан еді. -Қазақстандық футболшылар арасынан ең көп гол соққан-Таңат Нөсербаев. 28 жасар "Астана" шабуылшысының еншісінде 11 гол.    
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×