Ыдырыс Умаевты Ұлттық құрамаға тартудың үш себебі

04.03.2024, 18:12

Көктеммен бірге ҚПЛ-де оралды. Түрлі эмоция сыйлаған алғашқы турдың жанкүйер көңілінен шыққаны анық.

Ыдырыс Умаевты Ұлттық құрамаға тартудың үш себебі

Осы демалыста өзара дербилерді, әдемі голдарды да тамашаладық. Сондай қызықты матчтың қатарына «Ақтөбе» мен «Қайсардың» ойынын жатқызуға болады. Нәтижелі өткен кездесуде «Ақтөбенің» ресейлік шабуылшысы Ыдырыс Умаев дубльдің авторы атанды. Жалпы, «қасқырларға» қарсы болған ойында ресейлік шабуылшының жақсы қырынан танылғанын айта кетейік. Маусымашар матчтан кейін Умаев екі голы мен голдық пасымен үздік шабуылшылар көшін бастады. Осыдан екі жыл бұрын ресейлік футболшы Қазақстан Ұлттық құрамасының жейдесін кигісі келетінін айтқан. Ыдырыс Умаевты біздің құрама команданың қатарына алуға тұратын бірнеше себеп бар. Біріншісі  – ресейлік футболшының әкесі Қазақстанда туып-өскен екен. Дәлірек айтсақ, Қарағандының тумасы. Демек, «Ақтөбелік» футболшының бізге бөтендігі жоқ деген сөз. Екіншіден – Умаев ҚПЛ-мен жақсы таныс. «Шахтерде» доп тепті. «Ақтөбеде» осымен екінші маусым шеберлігімен көзге түсіп жүр. Айтпақшы, ресейлік орталық шабуылшы өзінің еурокубоктердегі алғашқы голын «Шахтердің» сапында (Конференция лигасы) соққан болатын. Жалпы, Умаевтің ҚПЛ-дегі бірінші клубының "Шахтер" екені белгілі. Қарағандылық коубты да тегін таңдамаған болар. Не дегенмен әкесінің кіші Отаны ғой. Бір бүйрегі бұрды ма екен? Қалай десе де, үш маусым қазақстан чемпионатының қазанында қайнаған футболшыға Магомед Адиевпен тіл табысу қиынға соқпас деп ойлаймыз. 

Ресейдегі үздік академия түлегі 

Тағы бір маңызды фактор – Умаев Ресейдегі алдыңғы қатарлы футбол академиясының түлегі саналады. Футболдағы алғашқы қадамын Шешен Республикасының басты футбол клубы - Грозныйдың «Ахматында» жасады. Бұл клубтың академиясы Ресейдегі үздіктердің қатарында. Мәселен, Шешен Республикасында біраз жылдан бері «Рамзан» футбол академиясы мен «Ахмат» балалар мектебі жұмыс істейді. Онда елдің түкпір-түкпірінен жиналған өрендер шетелдік бапкерлердің тәлімін алып, шеберліктерін шыңдайды. Грозныйда Яя Туредей мамандардың қызмет еткенін білеміз. Ал ондағы футбол мектебінен түлеп ұшқандар арасында Ресей құрамасына шақырту алған Арсен Адамов, Ризван Уциев пен Лечи Садулаев сияқты талантты футболшыларды айтуға болады. «Ақтөбенің» шабуылшысы да сондай буынның өкілі. Қысқасы, Ыдырыс Умаев жақсы футбол мектебінен өткен, әлеуеті әлі де болсын  толық ашылмаған шабуылшы.

Жаңа командаға жедел бейімделеді

Жалпы, Умаевтың статистикасы да жаман емес. 2017-2018 жылғы маусымда «Ахматтың» сапында өте нәтижелі өнер көрсетіп, Грозныйлық клуб қатарында жастар арасындағы чемпионатта үздік шабуылшылар арасынан көрінді. Ресейлік футболшының тағы бір ерекшелігі бар. Орталық шабуылшы жаңа командасына қысқа уақытта бейімделеле алады. Бұған Умаевтың Ресейде «Ахмат», «Химки», Литва чемпионатындағы «Паланга», «Шахтер» мен «Ақтөбенің» қатарындағы матчтары дәлел. Ақтөбеге екінші оралғаны күні кеше ғана болса да дубль жасап, бір голдық пастың авторы атанды. Сондықтан, Ыдырыстың Қазақстан Ұлттық құрамасындағы шабуылшыларға мықты бәсекелес болатыны күмәнсіз. Ұлттық құрама шабуылшылары демекші. Магомед Адиевтің командасына қазір Умаевтей адам қажет-ақ. Қазір бізде тәжірибелі, ел сенімін ақтайды деген сапалы сұрмерген саусақпен санарлық қана. Талай тығырықтан шығарған Абат Айымбетов отызға таяп қалған. Оның үстіне жаңа чемпионатқа ауысқалы ойын тәжірибесі де көп болмай жүр. Абат мықяты ғой. Қазір тек Түрік Суперлигасына бой үйретіп, бейімделуде. Жалғыз Айымбетов жыртығымызды жамай алмас. Грекиямен болатын ойындағы тізімге бір көз жүгіртейікші. Прокопенко, Кәрімов, Астанов пен Свиридов. Ыдырыс Умаевты осы тізімге қосып жіберсек ештеңеден ұтылмайтынымыз анық.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 53
Ұнамайды 3
Күлкілі 1
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×