«Ювентус» әлі соттасып жатыр

16.11.2011, 21:00
«Ювентус» әлі соттасып жатыр

Италияның Турин қаласының футбол клубы - «Ювентус» елдің футбол федерациясы мен «Интер» командасын сотқа берді. Лационың әкімшілік сотына түсірілген шағымда туриндік клуб басшылары команданың 2005 және 2006 жылдарғы чемпиондық атағын қайтаруды талап еткен. Естеріңізге сала кетейік, аталған маусымдарда «Ювентус» Италия біріншілігінде топ жарып, алтын жүлдеге қол жеткізген еді. Бірақ командаға жемқорлыққа қатысы бар деген айып тағылып, чемпионат барысындағы нәтижелері жоққа шығарылған болатын.

Дәл сол жылы Италияның «А» сериясында тағы бірнеше команда даудың ортасында қалды. «Фиорентина», «Милан», «Лацио» және «Реджина» ұжымдары да жемқорлыққа жол берді деген айыптаумен келесі маусымды 0 ұпаймен бастауға мәжбүр болған еді. Ал «Ювентус» тіпті қатты жазаланып, соттың қорытындысы бойынша төменгі топқа түсірілді, екі жыл қатарынан қол жеткізген чемпиондық атағынан да көз жазып қалды. Клубтың директоры Лучано Моджи өмір бойына футболдан шеттетіліп қана қоймай, биылғы жылдың 8 қарашасы күні нүктесі қойылған сот шешімімен бес жыл төрт айға бас бостандығынан айырылды. Ұзаққа созылған осы сот үрдісі барысында 170 мың телефон әңгімесі тыңдалған екен. Алайда «Ювентус» клубы мен оның жақтастары сот шешімімен келіспейтіндіктерін мәлімдеуден танар емес. Олар әлі күнге дейін әділдіктің орнайтынына сеніп, күресті жалғастырып келеді. Бұған дейін туриндіктер УЕФА мен Лозаннадағы арбитражды сотқа да шағым түсірген болатын. Аталған құзырлы орындар қазіргі уақытта тиісті тексеру-зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатқандарын, кесімді сөзді желтоқсан айында айтатындарын мәлімдеді. Дайындаған Шалқар ЕСТЕН

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×