
Қызылордалық «Қайсар» жанкүйерлері ҚФФ президенті Марат Омаровқа ашық хат жолдап, төрешілікке байланысты араша сұрады.
«Қазақстан футбол федерациясының төрағасы
Марат Талғатұлына
Сыр өңірі футбол жанкүйерлерінен ашық хат!
Құрметті Марат Талғатұлы!
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен елімізде футболды дамыту, оның ішінде отандық ойыншыларға басымдық беру бағыты қолға алынғаны баршамызға мәлім. Осы бастаманы алғашқылардың бірі болып қолдаған — Қызылорданың “Қайсар” футбол клубы. Биылғы маусымды “Қайсар” ұжымы толығымен отандық ойыншылармен бастап, жанкүйерлер арасында үлкен құрмет пен қолдау тапты. Маусым басында нәтиже оңай келмегенімен, бас бапкер Виктор Кумыковтың тәжірибесі мен еңбегінің арқасында команда біртіндеп шебер ойнай бастады. Еліміздің үздік клубтарынан ұпай алып, жақсы нәтиже көрсетіп келе жатқан еді. Алайда соңғы турларда төрешілер тарапынан әділетсіз шешімдер жиілей түсті. Атап айтқанда:
• 13-турдағы “Ұлытау” командасымен өткен ойында бас төреші Г. Чеховский “Қайсардың” таза голын есепке алмай, жеңістен айырды;
• 14-турдағы “Елімаймен” ойында төреші Кучма ойыншымызға қызыл қағаз көрсетіп, айқын пенальтиді белгілемей, тағы да командамызды ұпайдан қақты.
Осындай жағдайлар жанкүйерлердің наразылығын туғызуда. Бірақ жанкүйерлердің ашық пікір білдіруі үшін клубқа айыппұл салына береді. Ал төрешілердің кәсіби қателіктері жауапсыз қалады. Қазіргі таңда облыс әкімінің қолдауымен жаңа стадион салынып жатыр. Егер төрешілердің әділетсіз шешімдерінің салдарынан команда Бірінші лигаға түсіп қалса, бұл заманауи стадион кімге қажет болады?
Құрметті Марат Талғатұлы! Сыр өңірінің мыңдаған футбол жанкүйерлері атынан сізден төрешілер тарапынан орын алып жатқан келеңсіздіктерге назар аударып, әділдікті қалпына келтіруге ықпал етуіңізді сұраймыз. Біз әділ төрелік пен футболдағы тазалықты қолдаймыз. Болашақта “Қайсар” футбол клубына қысым жасалмайтынына, әділетсіздік тоқтайтынына сенеміз. Бұл жан айқайымыз елеусіз қалмайды деп үміттенеміз. Ізгі ниетпен, Сыр өңірінің футбол жанкүйерлері!» , - делінген қызылордалық жанкүйерлердің хатында.
Естеріңізде болса, Қайсардың» бас бапкері Виктор Кумыков Қазақстан Премьер-лигасының 14-турында «Елімайдан» (1:2) жеңілген соң төрешілікті сынға алған болатын. Сондай-ақ, жетінші турда «Астанамен» өткен ойыннан кейін де төрешілер жұмысын сынаған еді.
Біздің серіктес: FONBET