ЖАНКҮЙЕРДIҢ БАУЫР БАСЫП ҚАЛУЫ – САТҚЫНДЫҚ ЕМЕС!

10.02.2011, 00:39
ЖАНКҮЙЕРДIҢ БАУЫР БАСЫП ҚАЛУЫ – САТҚЫНДЫҚ ЕМЕС!

немесе Жарқын Түсiпбекұлы дейтiн әрiптесiме басу айту

Көпшiлiк жұрт бiле бермейдi. Бiрақ, сiз бiлмейтiн Жандос Фернандо Торрес десе, iшер асын жерге қояды. Ал, Фернандо Торрес деген кiм?

Фернандо Торрес қарапайым испан жiгiтi. Атасының арқасында Мадрид футболының жарқын түлегiне айналған сабаз. Әдеттегi испан жiгiттерi секiлдi қасы-көзi Қарағандының көмiрiндей болмаса да, табиғаты мен мiнезi өз ұлтынан алыс емес. Айтпағымыз, өзге испандарша қара-торы емес, қазақтың тiлiмен айтқанда айран-сары секпiлбет жiгiт. Бiрақ, соған қарамастан қыз бiткенiң арманы, тек Олалланың ғана жан-жары. Бүгiнде ол екi дүркiн әке атанып, қалталы жiгiт Роман Абрамовичтiң «Челси» клубында өнер көрсетедi. Сыртынан қарағанда қыз секiлдi нәзiк көрiнгенмен, аяғына доп тисе, аңыздағы батырларша әруақтанып кететiн ерекше футболшы. Жалпы, кiмдi айтып жатқандығымды бiлетiн боларсыз.

Мен негiзi 1998 жылғы Францияда өткен әлем чемпионатынан бастап футбол көрiп келе жатқан жанмын. Содан берi барлық матчты көзбен көрмесем де, негiзгi ойындарды шолып шықтым. Бiрнеше футболшыға көңiлiм толып, ойынына тәнтi болған кездерiм де болды. Азу тiстi Роналдо, голландиялық Патрик Клюйверт, сол жылдардың басты қаһарманы Зидан көппен бiрге менiң де ерекше ықыласыма бөленген едi. Бiрақ, мен олардың футболдан тыс өмiрiне қызығып, алаңнан тыс адами қасиеттерiне жеке тоқталмаппын. Ал, Фернандо Торрес болса, менiң күнделiктi жұмысқа келiп, ғаламтор желiсiне отырғанда iздейтiн нөмiр бiрiншi адамым. Торрес әлемдегi қыз бiткеннiң жүрегiн жiгiт ретiнде баураса, менiң көңiлiмдi адами қасиеттерi арқылы аулап келедi. Жалпы, мен Фернандо Торреспен бiрге үзеңгi қағыстырып бiр заманда өмiр сүргендiгiме қуаныштымын.

Көпшiлiк Эль Ниньо деп еркелеткен жiгiттiң өмiрiне тоқталмай-ақ қояйын. Тек қазiргi оның ақпарат әлемiндегi актуальды тақырыпқа айналған «сатқындығы» жайында аз-кем әңгiме өрбiтсем.

Торрес қазiр атақты ақсүйектердiң ордасы Лондондағы «Челсиде» өнер көрсетедi. Бiрақ, тарихқа бай «Ливерпульдiң» сапынан аяқасты Лондонға клуб ауыстыруы көпшiлiк көңiлiне селкеу түсiрiп, мерсисайдтықтар үшiн сатқын, екiжүздi, өтiрiкшi атанып үлгердi. Нелiктен? Өйткенi, «қызылдардың» жанкүйерi бұл шабуылшыға әбден бауыр басып қалған едi. Талай матчта жеңiс добын соғып жүрген Фернандо алаңда жүргенде жанкүйер бiткен өзiне сенiмдiлiк шақыратын. Мiне, гәптiң бәрi осында. Ендi, «Энфилд» алаңының бас қаһарманы Эль Ниньо басқа жейдемен басқа команданың шотын шаппақ. Бұл әрине, елең еткiзер жағдай болып отыр. Бiрақ, көпшiлiк жұрт Торрестiң «Ливепульге» қандай жақсылық жасағанын бiлмейдi. Жұрттың барлығы Фернандо Торреске легионер ретiнде емес, «Ливерпульдiң» тумасы, түлегi деген тiркеспен шатастырып алса керек едi. Әгәрәки, ол Мальдини, Тотти секiлдi өз клубына берiлген футболшы болатын болса, «Атлетикодан» бiр адым аттамас та едi. Осыны ұғу қажет. Екiншiден, Торрес осы уақыт аралығына дейiн «Ливерпуль» тарихындағы ең қымбат ойыншы атанғаны рас. Сол кеткен ақшаны ол голымен де, жолымен де ақтады. 2007 жылы Мадридтен 22 млн. фунт стерлингке бағаланған футболшы, 2011 жылы 50 млн. фунт стерлингке бағаланып, ағылшын футболындағы рекордты жаңартты. Ал, оның не себептi дәл осы сәтте клуб ауыстырғанын айтар болсақ, тағы Торрестiң құрметi үшiн шапалақ ұрған болар едiңiз.

«Челси» Торреске бiрiншi рет құда түскен жоқ. Тек сырға салудың сәтi осы кезге таянып тұр да. Қалың малы қымбат демесеңiз, барған жерi жаман емес. Тiптi, «Челси» сапында ең жақсы «келiн» болатындығына да күмән жоқ.

Торрес «Ливерпульдi» сүйген жоқ дегендерге не айтуға болады. Ол сүйдi, тiптi барынша сүйдi. Жаны нәзiк Фернандо кетерiнде де тарихи клубқа үлкен сыйлық жасады. Өткен жылы ОАР-да өткен әлем чемпионатында Роман Абрамович осы испан жiгiтiнiң ойынын тамашалау үшiн арнайы барды. Бiрақ, жарақатынан айықпаған Торрес көпшiлiк күткен үдеден шыға алмай, жеке тұрғыда тартымсыз, командалық тұрғыда мақтанарлықтай нәтижемен оралды. Бiрақ, сонда да орыстан шыққан жомарт жiгiт Торрестен бас тартқан жоқ. Бiрақ, Торрес ол кездегi бағасының «Ливерпуль» үшiн пайда әкелмейтiнiн сезiп, қысқы базарды күттi. Ендi, нәтижесi осылай. Жалғыз өзi «Ливерпульға» Суарес, Кэррол секiлдi жоғары класты ойыншылар сатып алып, жағдайын түзеуге мүмкiндiк жасап берiп кеттi. Тiптi, бiрер жыл көлемiнде «қызылдардың» құрметтi атаққа қол жеткiзе алмайтынын ескерiп, жасы да бiразды еңсерген ерiмiз «Челсидiң» көлеңкесiнде жүрiп шөлiн басамын деп кеттi.

Торрес «Челсиге» ауысқалы менiң жүйкеме тиетiн қаншама сөздердi таныстарымнан естiп жатырмын. Айдаладағы испан жiгiтi үшiн бiреуге жұдырық ала жүгiрмесем де, күйiп-пiскен сәттерiм жиi болды. Әсiлi, менi көпшiлiк «Ливерпульдiң» жанкүйерi деп бiлетiн. Бiрақ, мен «Ливерпульдiң» емес, Торрестiң жанкүйерi екендiгiмдi ешкiм ұға бермейтiн. Торрес «Энфилдте» жүргенде әрiптесiм Жарқын Түсiпбекұлы екеумiз бiрге болысатынбыз. Ендi, «Челсиге» сәттiлiк тiлемесем де, Торрес үшiн болысатыным жасырын емес. Қазiр, Жарқын бауырым Торреске «Сатқынсың» деп күйе жағуын бастады. Оны да әбден түсiнуге болады. Бiрақ, бұл сатқындық емес, Торреске бауыр басып қалу деп түсiнемiн. Өйткенi, "Ливерпульден" Робби Фаулер кеткеннен кейiн де команда өз деңгейiнде қала бердi. Сол үшiн легионерге сатқын деп жала жабу әбестiк болар. Айтпағым осы, алып-қосарыңыз бар ма?

Жандос БАЙДIЛДА

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Келесі жаңалық
Беларусьпен тең түстік
Aladop Youtube
×