Жанкүйерлерді қуантатын кез келді

25.06.2011, 15:16
Жанкүйерлерді қуантатын кез келді
Санаулы күндерден кейін футболдан чемпиондар мен Еуропа лигасының біліктілік бәсекелері басталады. Осы аптаның басында Швейцарияның Ньон қаласында жеребе тартылып, алғашқы айналымда кездесетін командалар анықталды. Айтулы жарыстарда Қазақстанның төрт клубы бақ сынайды. Олар - Қостанайдың «Тобылы», Ақтөбенің «Ақтөбесі», Павлодардың «Ертісі» және Қарағандының «Шахтері». Былтырғы Қазақстан чемпионатында жоғарыда аталған командалардың барлығы да табысты өнер көрсетіп, қарт құрлықтың мықтыларымен күш сынасу құрметіне ие болған еді. Алайда елшілік жарыс пен «Еуролига» бәсекесінің айырмашылығы жер мен көктей екені баршаға мәлім. УЕФА-ның қатарына қабылданғалы бергі уақытта жерлестеріміздің арасынан тек «Тобыл» ғана азды-кемді табысқа жете алды. Осыдан бірер жыл бұрын қостанайлықтар «Интертото» кубогы жолындағы жарыстың бірнеше кезеңінен сүрінбей өткен болатын. Ал қалған командалар алғашқы айналымдарда-ақ жеңіліс тауып, өз жанкүйерлерін жерге қаратты. Ал биылғы маусымдағы доп додасында жерлестеріміз табысты өнер көрсете ала ма? Дәл қазір осы сауал көпшіліктің көкейінде жүр. Оған нақты жауап алу үшін қарсыластар командасының өткен тарихы мен бүгінгі бағыт-бағдарына зер салған жөн. Қазақстанның үш командасы Еуропа лигасында шеберлік байқасады. 30 маусымда Қарағандының «Шахтері» Словенияға сапар шегеді. Сол күні олар «Копер» клубымен күш сынасады. Жерлестеріміздің жайы белгілі. Олар 19 рет ел чемпионатына қатысып, үш рет (1995, 2007, 2009 жылдары) қола жүлдеге қол жеткізді. Былтыр алтыншы сатыға табан тіресе, биыл екінші орында келеді. Қарсыластарымыз 2010 жылғы Словения чемпионы және суперкубок иегері, үш рет кубок үшін бәсекеде топ жарды. Бұл команда сапында Миран Павлин ең белді ойыншы саналады. Кезінде ол өз елінің ұлттық құрамасы шебінде 63 кездесу өткізіп, бес гол соқты. Сонымен қатар Павлин аталмыш клубтың бас директоры қызметін атқаруда. Словениялық Милан Остерец пен эстониялық Константин Васильевті де таныстырып жатудың өзі артық. Олар өз елдерінің ұлттық командасының тәжірибелі ойыншылары. Сондай-ақ «Копердің» туы астында Давид Это'о өнер көрсетуде. Ол Самуэль Это'о сынды атағы алысқа жайылған әйгілі футболшының туған інісі. Қос команда арасындағы қарымта ойын 7 шілдеде өтеді. Дәл сол күндері «Ертіс» пен Польшаның «Ягеллониясы» бәсекеге түседі. Павлодарлықтар алғашқы ойынын сыртта өткізсе, қарымта кездесу елде ұйымдастырылады. «Ертіс» - еліміздегі ең атақты клуб. Олар бес рет (1993, 1997, 1999, 2002, 2003 жылдары) чемпиондық тұғырға көтерілді. Үш мәрте күміс жүлдегер (1994, 1996, 2004 жылдары) атанды. Бес рет қола медальді (1992, 1998, 2000, 2008, 2010 жылдары) иеленді. Қазіргі чемпионатта павлодарлықтар бесінші сатыға табан тіреп тұр. «Ягеллония» сонау 1989 жылы кубоктық бәсекеде бас жүлдені иеленгенімен, бірер жыл қиын-қыстау кезеңді басынан өткерді. Әйтсе де былтыр олар қайта «қаһарына» мінді. Белосток қаласының түлектері 11 жыл бұрынғы нәтижесін қайталап, суперкубокты да олжалады. Ел чемпионатында «Ягеллония» «Висла», «Сленск» және «Легия» сынды командалардан қалып қойып, төртінші орынды қанағат тұтты. «Ақтөбенің» футболшылары 14 және 21 шілде күндері де жасыл алаңға шығады. Олардың қарсыластары - Венгрияның «Кечкемет» клубы. Алғашқы бәсеке сырт алаңда өтеді. Кейіннен жерлестеріміз қарсыластарын өз алаңында қабылдайды. «Ақтөбе» Қазақстанның 14 чемпионатына қатысқанымен, алғашқы кездердегі қадамы аса сәтті болмады. Есесіне соңғы жылдары қарқынын күрт күшейткен олар төрт рет (2005, 2007, 2008, 2009 жылдары) чемпиондық атаққа қол жеткізді. Екі рет (2006, 2010 жылдары) күміс медальді еншіледі. Кубоктық бәсекеде бір мәрте (2008 жылы) топ жарса, суперкубок сайысында екі мәрте (2008, 2010 жылдары) дара шықты. Қазір ақтөбеліктер 14-орында келеді. «Кечкемет» клубы осыдан бір ғасыр бұрын құрылғанымен, үнемі төменгі топтарда өнер көрсетіп келді. Осыдан үш жыл бұрын ғана мықтылармен күш сынасу мүмкіндігіне ие болған олар биылғы Венгрия кубогы жолындағы жарыста бас жүлдені олжалады. Ал ел біріншілігінде «Кечкемет» 12-орынды қанағат тұтты. Чемпиондар лигасында шеберлік байқасатын «Тобыл» азулы қарсыласқа тап болды. Братиславаның «Слованы» Чехословакияның іргесі сөгілмей тұрып сегіз рет ел чемпионатында жеңімпаз атанды. Бес рет кубоктық бәсекеде қарсылас шыдатқан жоқ. Ол аз десеңіз, 1968 - 1969 жылғы маусымда Кубок иегерлерінің кубогы жолындағы сайыста бас жүлдені олжалады. Словакия тәуелсіздік алғаннан кейін төрт рет (1994, 1995, 1996, 1999, 2009 жылдары) өз мемлекетінің көшін бастады. «Тобыл» 1992 - 2001 жылдар аралығында Қазақстандағы ортанқол командалардың бірі саналса, 2002 жылы қарқынын күрт күшейтті. Сол уақыттан бері жалауы желбіреген тоғыз чемпионаттың сегізінде жүлделі орындарды иеленді. Қостанайлықтар төрт рет (2003, 2005, 2007, 2008 жылдары) күміс медальдарды мойындарына ілсе, үш мәрте (2002, 2004, 2006 жылдары) қолаға қол созды. Ал биыл аталмыш клуб өз тарихында тұңғыш рет бас жүлдені иемденді. Қазір «Тобыл» Қазақстан чемпионатының жарыс кестесінде жетінші орынға жайғасты. Бұл командалар 12 немесе 13 шілдеде Братиславада, одан кейін 19 немесе 20 шілдеде Қостанайда кездеседі. Байқап қарасаңыздар, жерлестеріміз үшін жеребе аса қиын түспеген сыңайлы. Алғашқы кезеңдегі қарсыластарымыздың арасында «Слован» ғана мықты. Алайда оларды да ұтуға болады. Қостанайлықтар «Интертото» клубында өнер көрсеткендегідей мінез танытса, Словакия чемпионына сан соқтыруы ғажап емес. Ал «Шахтер», «Ертіс» және «Ақтөбе» алғашқы айналымнан кедергісіз өтуге тиіс. Егер осы жоспарымыз жүзеге асып жатса, жерлестеріміздің келесі кезеңдегі қарсыластары кімдер болуы мүмкін екені де анықталды. Қарағандылықтар «Коперді» қапыда қалдырса, Исландияның «Вестманннаэйяр» және Ирландияның «Сент Патрикс Атлетик» жұбы арасындағы жеңімпазбен кездеседі. Ал «Ягеллонияны» ұтқан жағдайда «Ертіс» не Арменияның «Бананц», не Грузияның «Металлург Рустави» клубымен күш сынасады.
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×