Ал соңғы матчтан кейін «біз бұл жерде оқушы рөліндеміз, бізге қалай ережені бұзбай ойнауды үйретуде, қыспаққа алғанда не істеу керек екенін де көрсетуде» деп мәлімдеме жасады.
Жексенбі күні Ресейдің Санкт-Петербург қаласында «Валентин Гранаткин мемориалы – 2013» халықаралық турнирі аяқталды.
Өкінішке қарай, осы додаға қатысқан еліміздің 19 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы құрамасы жеңілістен көз ашпай, соңғы 16-орынға табан тіреді.
Қаңтардың басында Ресей маманы Михаил Соловьев жаттықтыратын бозбалаларымыз Нева жағалауына аттанғанда, бөркімізді аспанға атып, қуанып едік. Өйткені құрама сапында қазақ жастары біршама көп-ті. Қазақстан U-19 құрамасының дені қазақ жастарынан жасақталғанына қуанып, аталмыш доданы асыға күттік. Бозбалаларымыздың әрбір ойынын тағатсыз тостық.
Осы жерде әуелі Қазақстан U-19 құрамасының сапына көз жүгіртіп өтейік:
қақпашылар – Михаил Голубничий («Ертіс», Павлодар), Илья Караваев («Сұңқар», Қаскелең);
қорғаушылар – Қасымжан Тайыпов («Қайрат», Алматы), Қуаныш Советов («Қайрат», Алматы), Ернар Қыдырәлі («Қайрат», Алматы), Мадияр Нұралы («Тараз»), Әбілқайыр Исмаилов («Астана»), Юрий Кузьменко («Ертіс», Павлодар);
жартылай қорғаушылар – Әнуар Жағыппар («Қайрат», Алматы), Абай Жүнісов («Астана»), Нұрлан Дайыров («Қайрат», Алматы), Алтынбек Сапаров («Атырау»), Рустам Сахибов («Ақтөбе»), Владимир Воменко («Ертіс», Павлодар);
шабуылшылар – Әлішер Сүлей («Тобыл», Қостанай), Әділ Балғабаев («Астана»), Біржан Сағындық («Ертіс», Павлодар), Владислав Морозов («Восток» Өскемен).
Жалпы, осымен 15-рет өткен «Валентин Гранаткин мемориалы» халықаралық турниріне 15 мемлекеттің 16 командасы қатысқан болатын. Олар әуелі төрт топқа тең бөлініп, өзара додаға түсті:
«А» тобы
Украина – 7 ұпай, Чехия – 5, Әзірбайжан – 4, Литва – 0.
«В» тобы
Ресей – 5, Словения – 5, Грекия – 4, Латвия – 1.
«С» тобы
Финляндия – 9, Иран – 6, Түркия – 3, Қазақстан – 0.
«D» тобы
Санкт-Петербург – 6, Италия – 6, Беларусь – 3, Бельгия – 3.
Қазақстан U-19 құрамасы өз тобында әуелі Иран бозбалаларымен кездесіп, 1:2 есебімен ұтылып қалды. Жалғыз голды Әлішер Сүлей соқты. Бұл кездесуде біздің құрама сапынан ойынның үздік ойыншысы болып танылған, қақпашы Михаил Голубничий бірнеше рет қарсыластарының қауіпті соққыларын тойтарды.
Бұдан кейін Қазақстан U-19 құрамасы Финляндия футболшыларынан 0:1 есебімен ұтылды. Негізі, бұл ойында біздің жігіттер де бір гол соққан. Алайда төрешілер оны «офсайдтан соғылды» деп есепке алмай қойды. Біздің құрама сапынан Әлішер Сүлей матчтың үздік ойыншысы атанды.
«С» тобындағы соңғы матчта Түркия тарландарына да шамамыз жетпеді. Есеп – 1:3. Бұл матчтағы жалғыз голды әуелі Рустам Сахибов соқты деп мәлімденіп еді, кейіннен автогол ретінде жазылды. Алтынбек Сапаров біздің жігіттердің арасынан үздік ойыншы болып танылды.
Сөйтіп, өз тобында оңды-солды ұтылып, соңғы орынды саялаған жігіттеріміз тек 13-16-орындар сарапқа салынатын төрттікте сынға түсетін болды. Әуелі Бельгия бозбалаларымен кездесіп, 0:2 есебімен жеңілістің кермек дәмін тағы татты. Біздің құрама тарапынан матчтың үздік ойыншысы атану мәртебесі Әнуар Жағыппарға бұйырды.
Ал жексенбі күні 15-орын үшін Латвия құрамасымен кездесіп, тағы да жеңіліске ұшырады. Есеп – 1:2.
Қазақстан U-19 құрамасының аға жаттықтырушысы (ұлттық құрамадан басқа жас мөлшеріндегі құрамаларымыздың бапкерлері ресми түрде осылай аталады) Михаил Соловьев басында «
тәжірибеміз аз» деді. Одан соң «
төрешілер соққан голымызды есепке алмады, бірінші ойында біздің қақпаға 11 метрлік айып добын беріп, жаза басты» деп ақталды.
Бұдан кейін «
жігіттердің талабы таудай, бірақ күш-жігерлері жетпей жатыр» деп өз ойын бүкпесіз білдірді. Төртінші ойыннан соң «
осыдан екі апта бұрын ғана бас қосып, жиналдық» деп салды.
Ал соңғы матчтан кейін «
біз бұл жерде оқушы рөліндеміз, бізге қалай ережені бұзбай ойнауды үйретуде, қыспаққа алғанда не істеу керек екенін де көрсетуде» деп мәлімдеме жасады.
Құрама тізгінін қолына алған бапкердің пікірлері – осындай. Мүмкін, осы жеңілістер сенім артқан футболшыларымызға да, жауапкершілік жүгін арқалаған аға жаттықтырушыға да, құрама тізгінін шетелдік маманға ұстатқан басшыларға да сабақ болар...