Жасыл алаңның астындағы құпия - Қытымыр қыста да қатпайтын 26 тонна сұйықтық стадионды қалай құтқарып қалмақ?

Бүгін, 15:20

Қарағанды футболының жүрегі саналатын, сонау 1958 жылы іргетасы қаланған атақты “Шахтер” орталық стадионында бұрын-соңды болмаған ауқымды жаңғырту жұмыстары қызу жүріп жатыр, деп хабарлайды Aladop.kz.

Жасыл алаңның астындағы құпия - Қытымыр қыста да қатпайтын 26 тонна сұйықтық стадионды қалай құтқарып қалмақ?
ekaraganda.kz

Екі жылға созылған бұл алып жоба биыл қараша айында толық аяқталып, стадион УЕФА-ның 4-ші санатындағы ең жоғары стандартына сай келмек. Бұл дегеніміз — Қарағандыда Eурокубоктардың ең жоғары деңгейіндегі ойындарын еш кедергісіз өткізуге болады деген сөз.

Жаңартудың ең басты әрі ең таңғаларлық тұсы — футбол алаңының астына тартылған алып жылыту жүйесі. Жоба авторлары көгал астына жалпы ұзындығы 40 шақырымды құрайтын құбыр желісін жүргізіп, оның ішіне қатып қалмайтын 26 тонна арнайы аязға төзімді сұйықтық құйған.

Қарағандының қалың қары мен қақаған аязында да стадионда толыққанды футбол ойнауға жағдай жасалады. Футбол маусымын әдеттегіден әлдеқайда ерте бастап, кеш аяқтауға тамаша мүмкіндік туамақ.

Жергілікті әкімдіктің хабарлауынша, маусым айында осы заманауи жылыту жүйесінің үстіне су жаңа табиғи көгал төсеу жұмыстары басталады.

Стадион тек жасыл алаңымен ғана емес, сыртқы келбеті мен ішкі инфрақұрылымымен де көрерменді таңғалдырмақ. Қазіргі таңда мынадай қызу жұмыстар атқарылуда:

– Жарық пен дыбыс: Түндегі ойындарды күндізгідей жарқырататын Ұлы Британиядан арнайы алдырылған заманауи прожекторлар мен жаңа акустикалық жүйелер орнатылуда.

– Жайлылық: Көрермендерге арналған ескі орындықтар толығымен жаңасына ауыстырылып, қосалқы құрам ойыншыларына арналған жабық бастырмалар жасалуда.

– Спорттық сектор: Жеңіл атлетикаға арналған жүгіру жолдарының тартан жабындысы толықтай жаңарып, кіреберіс қақпалар заманауи үлгіде қайта салынбақ.

Оған қоса, стадион ішіндегі ауыр атлетика залы бұған дейін күрделі жөндеуден өтіп, барлық құрал-жабдықтары мен инженерлік желілері 100% жаңартылған.

“Шахтер” стадионы мұнымен тоқтап қалмақ емес. Қазіргі уақытта жас футболшылар жыл он екі ай үзіліссіз жаттығып, балалар турнирлерін қысы-жазы өткізе алуы үшін аумақтан су жаңа жабық футбол манежін салу жобасы да қарастырылып жатыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×