Жейлітбаевты футболшыларымыз жебеп-демеді

03.04.2012, 04:24
Жейлітбаевты футболшыларымыз жебеп-демеді
Көпшілікке танымал футболшының миында ісік пайда болған. Отбасын асырап, жары мен балаларына қамқор атанған Серіктің дерті оның замандас футболшыларын бей-жай қалдырмады.
Қазақ футболының көзі тірі аңыздарының бірі, Қазақстан премьер лигасында 450 кездесу өткізген даңқты футболшы Серік Жейлітбаевқа кеше Израильде екінші ота жасалды. Бүгінде «Қайрат» футбол клубының қосалқы құрамын жаттықтырып жүрген Жейлітбаевтың басында ісік пайда болғанын жақындары 2010 жылы байқапты. Футболшының өмір сүру кестесі қиын. Бітпейтін жаттығулар мен бір қаладан екіншісіне, бір елден басқасына ұшу...Алғашында талып қала берген Серіктің бұл әрекеті жай шаршағаннан болар деп топшылаған туыстары қатты қателесіпті. Көпшілікке танымал футболшының миында ісік пайда болған. Отбасын асырап, жары мен балаларына қамқор атанған Серіктің дерті оның замандас футболшыларын бей-жай қалдырмады. Футболшы достары дереу бас қосып, Серіктің алғашқы операциясына қажетті қаржыны жинап берді. Операция Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өтіп, Жейлітбаевтың жағдайы жақсара бастайды.  Осыдан соң «Қайрат» футбол командасының қосалқы құрамын жаттықтырып, енді ес жинай бастағанда, ескі дерті тағы да сыр береді. Дәрігерлер тексеруінен өткен соң Серіктің миындағы ісіктің одан әрі үлкейгені анықталған. Бұл жолы да айтып келмейтін қауіпті аурудан абдырап, сең соққандай болған Серіктің отбасына Самат Сымақов, Руслан Балтиев, Давид Лория, Алмас Құлшынбаев, Әлібек Бөлешов сынды танымал футболшы достары көмекке келеді. Осыдан бірер күн бұрын Серіктің басына екінші қайтара операция Израильде жасалды. Бұл туралы еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары жазып та, айтып жатыр. Ел футболында өз қолтаңбасын қалдырған әйгілі футболшының дін аман жазылып, ортамызға оралуына біз де тілектеспіз. Ал, қиын сәтте жолдасын жолда тастамаған қазақ футболшыларының азаматтығына да қол соғуға болады. Серік Жейлітбаевтың футболшылық ғұмырындағы ең көп матчын Алматының «Қайраты» сапында өткізді. Қазақ футболының аңыз командасы қатарында ол 181 рет алаңға шығып, 26 гол соққан. Әлім Анапьянов, "Қайрат" футбол клубының баспасөз хатшысы: Серікке жасалған операция туралы ауыз толтырып ештеңе айта алмаймын. Дәрігерлер қандай да бір ақпарат берген жоқ. Даңқты футболшының хал - жағдайы туралы бірнеше күннен соң толық ақпарат бере аламыз. алаш арена
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×