Желтоқсанда жеребе тартылады

26.11.2011, 05:07
Желтоқсанда жеребе тартылады
Келесі жылы футболдан өтетін Еуропа чемпионатына қатысатын ұлттық құрамалар өткен аптада толықтай белгілі болды. Бірден айта кетейік, бір жылдан астам уақытқа созылған іріктеу бәсекелері барысында айтарлықтай тосын оқиғалар тіркелген жоқ. Мықтылар Польша мен Украинада жалауы желбірейтін жарысқа жолдама алса, ортаңқол мен осалдары жарты жолда қалып қойды. Бұл күндері жеңіліс тапқан команданың жанкүйерлері қан жылап отырса, бағы жанғандар «Еуро - 2012» додасына қазірден бастап қамдануда. Енді іріктеу турнирін тағы бір таразылап, әр команданың мүмкіндігін топшылайтын кез келді деп ойлаймыз.
Іріктеу сынында іркілген командалар арасында тек Түркия құрамасын бөле-жара атауға болады. 2002 жылғы әлем чемпионатында қола жүлдегер атанған олар шешуші тұста Хорватияға есе жіберді. Алайда соның өзін «жаңалық» деп айтуға келмейді. Өйткені осыдан бірер жыл бұрынғы Түркиямен бүгінгі таңдағы Түркияны еш салыстыра алмаймыз. Қазір ел футболы құлдырау кезеңін басынан кешіруде. Осы іріктеу турнирінде Эстония мен Арменияның ойыны жақсы әсер қалдырды. Балтық жағалауы елінің өрендері Сербия мен Словения сынды мықты командаларды артқа тастап, өз тобында екінші орын алуы, көпшілік үшін тосын жайт болды. Алайда соңғы сәтте Ирландияға жол берген олар жолдамаға иелік ете алмады. Қап тауының өкілдері өз тобында екінші орын алу үшін соңғы сәтке дейін талпынды. Тіптен тәжірибелі Словакия құрамасының өзіне сан соқтырып кетті. Бірақ армениялықтар да діттеген мақсаттарына қол жеткізе алмады. Бұл топта екінші орын Ирландияға бұйырды. Десек те, жоғарыдағы жайттар аталмыш елдерде футбол саласы еңсе тіктеп келе жатқандығын аңғартады. Осы қарқынын бәсеңдетпесе, Эстония мен Армения теңбіл доп шеберлерінің келесі іріктеулерде бақ жұлдыздары жануы әбден мүмкін. Өкінішке қарай, Қазақстан құрамасы тым сүреңсіз ойнады. 10 кездесудің тек біреуін ұтып, біреуін тең аяқтаған отандастарымыз төрт ұпаймен көш соңында қалып қойды. Қарсыластар қақпасына 6 доп енгізіп, 24 рет ойынды алаң ортасынан бастауға мәжбүр болдық. Басқасын айтпағанда, деңгейі өзімізбен шамалас Әзірбайжан құрамасын да алға жібердік. Ұпай саны жағынан біздің жігіттер Кипр, Мальта, Сан-Марино және Андоррадан ғана асып түстік. Фарер аралдары, Исландия, Люксембург және Лихтенштейн құрамаларымен жиған ұпайымыз бірдей. Бұлардың барлығы да, батыстың тілімен айтсақ - карлик мемлекеттер. Бұлардың тек жер көлемдері ғана емес, халқының саны да біздерден әлдеқайда аз. КСРО-ның шекпенінен шыққан Латвия, Грузия, Молдова және Литва секілді бұрынғы бауырлас республикалардың қазақстандықтарға қарағанда қарқындары әжептеуір күшті болды. Олардың арасындағы ең нашары - литвалықтар 5 ұпайды қанағат тұтса, алдыңғылары кемінде 9 ұпайды қоржынға салды. Беларусь елінің ойыншылары 13 ұпайды қанжығаға байласа, Эстония мен Арменияның жайын жоғарыда баяндадық. Ал Қазақстанның футболшылары әдеттегідей, өз жанкүйерлерін тағы да жерге қаратты. «Еуро - 2012» додасына жолдама алғандар санатында Испания, Германия, Голландия, Италия, Англия, Ресей, Франция, Швеция, Грекия, Дания, Ирландия, Чехия, Португалия және Хорватия құрамасы бар. Олардың қатарына жарыс қожайындары ретінде Украина мен Польша қосылды. Жарыс келесі жылдың 8 маусымы мен 1 шілдесі аралығында өтеді. Доп додасын Польшаның Варшава, Познань, Гданьск, Ворцлав және Украинаның Киев, Донецк, Харьков, Львов қалалары қабылдайды. Чемпионаттың ашылу салтанаты Варшавадағы 58 145 мың көрерменге есептелген Ұлттық стадионда өтсе, жабылу рәсімі Киевтегі 70 150 адамды сыйдыра алатын «Олимпийский» стадионында ұйымдастырылады. Осындай мәртебелі жарысты өткізу құқығын иеленгеннен кейін аталмыш қос мемлекеттегі негізгі және қосалқы стадиондар күрделі жөндеуден өтті. Олар қажетті құралдармен жабдықталып, бүгінгі таңда халықаралық талаптардың барлығына жауап береді. Қонақ үйлер қалпына келтірілді. Әуежай, тас жол, темір жол секілді көптеген салалар бойынша бірқатар ауқымды шаруа тындырылды. Әрине, УЕФА басшылығы мен меймандарды алаңдатып отырған мәселелер бар екені де жасырын емес. Өйткені кейбір өзекті проблемалар әлі де шешімін таппай отыр. Алайда ұйымдастырушылар келесі жылы барлық мәселе қалыпқа келіп, жарыс жоғары деңгейде өтетініне көпшілікті сендірді. Бүгінгі таңда Еуропа чемпионатына жолдама алған ұлттық командалардың барлығы да жеребе тарту рәсімін тағатсыздана күтуде. Қарт құрлықтың басты жарысының топтық турнирінде кімдердің күш сынасатыны үстіміздегі жылдың 2 желтоқсанында анықталады. Бұл рәсім Киевтегі Ұлттық Мәдениет және өнер сарайында өтеді. "Айқын"
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×