Жеңімпаз анықталар күн жақын

19.10.2011, 00:28
Жеңімпаз анықталар күн жақын
Енді екі турдан соң Қазақстан премьер-лигасындағы биылғы тартыс аяқталады. Бас жүлдеден негізгі үміткер екі команда - Талдықорғанның «Жетісуы» мен Қарағандының «Шахтеры». Қазір олардың арасын бар болғаны 2 ұпай бөліп тұр. Ең қызығы, алдағы сенбі күні қос үміткер ұжым өзара бәсекеге түседі. Ел біріншілігінің алтын жүлдесі қайсысына бұйыратыны сол кездесуден кейін белгілі болып қалуы да ықтимал. Маңызды ойын Талдықорғанда өтеді. Өткен турда көш басындағы екі ұжым да ұпайдан шашау шығармады. Шымкентте жергілікті «Ордабасыға» қарсы тұрған талдықорғандықтар зордың күшімен үш ұпайды еншіледі. Азулы командаларға тап келгенде күшейіп сала беретін «Ордабасы» бұл жолы «Жетісуға» бөгет жасай жаздады. Естеріңізде болса, бұның алдында шымкенттік клуб «Шахтермен» тең ойнап, кеншілерді маңызды ұпайдан қаққан-ды. Бас жүлде жолында арпалысып жүрген жетісулықтар кездесуді тәуір бастап, 36-минутта жас шабуылшы Алексей Щеткиннің көмегімен есеп ашты. Алайда үзілістен кейін-ақ алаң қожайындары таразы басын теңестіріп кетті. Ойынның 63-минутында мергендік танытқан Мұхтар Мұхтаров болатын. Қайткенде де жеңіске жету қажеттігін жете түсінген қонақтар үшін «Ордабасы» қорғанысын бұзып өту қиынға соқты. Дегенмен кездесудің негізгі уақыты аяқталардан бес минут бұрын «Жетісудың» сербиялық легионері Милош Михайлов жеңіс добын енгізді. Кездесу 2:1 есебімен қорытындыланды. Турнир кестесінің екінші сатысындағы «Шахтер» өткен турда Кереку өңірінің ұжымы «Ертісті» қабылдады. Ойын алаң иелері үшін өте қолайсыз басталды. Өйткені қонақтар 2-минутта жылдам гол соғып, жергілікті жанкүйерді жабырқатып тастады. Нәтижелі соққының авторы - Георги Даскалов. Қанша тырысқандарымен, алаң қожайындары бірінші кезеңде есепті теңестіре алмады. Есесіне үзілістен кейін олардың ойындары жүріп, алдымен 57-минутта босниялық шабуылшы Алин Джидич «Ертіс» қақпасынан саңлау тапты. 80- минутта гол соғу кезегі ардагер ойыншы Серік Досманбетовке тиіп, «Шахтер» есепте алға шықты. Ал төреші белгілеген қосымша уақытта Андрей Финонченко енгізген доп ойынға нүкте қойды. 3:1 есебімен кезекті жеңісіне қол жеткізген кеншілер турнир кестесіндегі өз орындарын сақтап қалды. Елорда төрінде өткен «Астана» мен «Ақтөбе» арасындағы бәсеке де көпшілік назарынан тыс қалмады. Жүлделі орындардан дәмелі қос қарсылас жиналған жанкүйерге керемет қойылым тарту етті деуге әбден болады. Бұл ойындағы алғашқы голды ақтөбеліктер тіркеді. Мәлік Маненің 15-минутта бағыттаған добы алаң иелерінің қақпашысы Ненад Эричті сан соқтырып кетті. Бірақ ойынның алғашқы бөлігі аяқталар тұста елордалық футболшылар таразы басын теңеді. Сол қанаттағы әріптесінен пас алған Игорь Бугаев ұлттық құраманың қақпашысы Андрей Сидельниковті қапы қалдырды. Үзілістен кейін де таразы басы екі жаққа кезек ауып, ойынды қызықты ете түсті. Кездесудің 61-минутында «Ақтөбе» сапындағы серб жартылай қорғаушысы Зоран Костичтің 35 метрдей жерден шірене тепкен добы отандасы Эрич қорғаған қақпа торынан табылды. Дегенмен қонақтардың басымдығы көпке созыла қоймады. Арада төрт минуттай өткенде Игорь Бугаев есепті қайта теңеп, астаналықтарды қуантты. Молдовалық легионер тағы бес минуттан соң өзінің осы ойындағы үшінші голын соғып, хет-трик авторы атанды және командасына үш ұпай сыйлады. Кездесудің соңына таман төрешіден екінші рет ескерту алған Марат Шахметовтың алаңнан қуылғанын да айта кетейік. Екінші алтылықтағы бәсеке де өзінше қызық өрбуде. Мұндағы көшбасшы команда «Тобыл» өткен турда Қызылордаға барған болатын. Қостанайлықтар Сыр өңірінен ірі есеппен ұтылып қайтты. Соңғы кездесулерін жақсы өткізіп жүрген «Қайсар» өз алаңындағы төрт ойында қатар жеңіске жетті. Бұл жолы 4:1 есебі тіркелді Осы кездесуден кейін «Қайсар» мен «Тобылдың» ұпай сандары бір-бірлеріне жақындай түсті. Қостанайлықтар 30 ойында 28 ұпай еншілесе, қызылордалықтар 26 ұпай жинады. Турнир кестесінің ең соңғы орындарына жайғасқан Өскеменнің «Востогы» мен Алматының «Қайраты» Алатау бөктерінде кездесті. Бұл ойында да алаң иелері жылдам гол соғып, есепте алға шықты. Кездесудің 8-минутында тіркелген гол Алексей Шакиннің атына жазылды. 23-минутта алматылықтар тағы бір мәрте нәтижелі шабуыл ұйымдастырып, Константин Головской гол авторы атанды. Өскемендіктер тек кездесудің екінші жартысында мергендік танытты, Павел Удаловтың соққысы дәл шықты. «Тараз» өз алаңында «Атырауды» қабылдап, кездесу 1:1 есебімен тең аяқталды. Босниялық легионер Дамир Мемишевичтің 18-минутта соққан голы алаң иелерін алға шығарғанымен, қонақтар 42-минутта Тарас Данилюктің көмегімен таразы басын теңеді. Шалқар ЕСТЕН
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×