Жеңіс символына айналған - Жота

08.11.2020, 06:06
«Ливерпульдің» жаңа жұлдызы - Диогу Жота негізгі құрамда ойнай алатындығын дәлелдеді.
Жеңіс символына айналған - Жота

Жазғы ауысым кезі. Футбол клубтары әр позицияда шебер ойнай алатын ойыншыларға көз тігіп, өз қатарларын толықтыруға кірісіп кетті. Англиялық "Ливерпуль" де бұл болып жатқан ауысым кезінде жаңа ойыншылар алу мәселесіне белсене ат салысып, бірнеше ойыншымен толықты.

2020 жыл 19 қыркүйек. Диогу Жота "Ливерпуль" ойыншысы атанды.

Диогу Жота (шын есімі: Диогу Жозе Тейшейра да Силва) атымен танымал футболшы 1996 жылы желтоқсан айының 4 жұлдызында Португалияның Масарелуш қалашығында туған. Ата-анасы Изабель мен Хоаким Силва футболды жақсы көргендіктен, Диогудың футболшы болуына мүлдем қарсы болмаған. Ол бала кезінде көп уақытын бауырымен доп теуіп өткізетін.

Оның спорттық мансабы 2005 жылы "Гондомар" командасында басталды. Ойыншы ретінде ол алаңда өзінің жастығына қарамастан ересек ойыншыларды оңай алдап өтетін. Сондай ойындардың бірінде қарсыластар қақпасына бес гол соққан Диогу сол елдегі ортаңқол командалар назарына ілікті.

2013 жылы "Пасуш де Феррейра" командасында доп тебе бастады. Бұл жерде қосалқы құрамда мүмкіндігін ұзақ күтті. Тек 2014 жылы ғана алаңға шығып алғашқы ойынын өткізді. 2014-2015 жылғы маусымда қарсыластар қақпасын 14 мәрте дәл көздеп, әріптестеріне 10 рет гол соғуға мүмкіндік жасап берді. Осылайша 19 жасқа дейінгі ойыншылар арасында 12 голдан асырып соққан жартылай қорғаушы талантын дәлелдей түсті.

Мадридтік "Атлетико" сапын 2016 жылы толықтырған ол, сол командадағы шеберлігі асқан ойыншылармен иық тірестіріп ойнай алатындығын көрсете алмады. Ойыншыны клуб басшылығы "Портуға" жалға берді. Бұл жерде тырнақ алды голын Чемпиондар лигасында "Лестер" командасына соқты.

Келесі жылы "Вулверхэмптонға" жалға кетті. Бірақ, көптеген португалиялық жанкүйерлер бұл шешімін дұрыс деп санамады. Дегенмен, ойыншы өзінің бұл шешіміне еш өкінбейтінін және отбасының қолдайтынын жеткізді. Жаңа маусымда "қасқырлар" сапында 17 гол соқты. Иә, ағылшын чемпионатында осынша гол соғуы футбол жанкүйерлері мен мамандарын бей-жәй қалдырмады.

Көп ұзамай Диогу Жота Португалия ұлттық құрамасына да шақырту алды. Құрамаға 2019 жылдың көктемінде келген ол сол жылы Ұлттар лигасын жеңіп, алтыннан алқа тақты. Португалия сапында Украина, Сербия және Литваға қарсы ойындарға қатысты. Соңғысында ол алаңға әлем жұлдызы Криштиану Роналдуды алмастырып кірді. Ол ұлттық құрама үшін алғашқы голын осы жылдың 5 қыркүйегінде Хорватияға соқты.

Диогу Жота жеке өмірінде бақытты десек те болады. Жары Руте Кардозумен бала кезінен таныс. Футболшы үй жануарларын жақсы көреді. Ол өзі жеңген Ұлттар лигасының алтынын иті - Лунаға таққан.

Футбол маусымы басталып жатқан тұста "Ливерпульмен" келісімшартқа отырады. Оның бұл командада ойнауы мен алаңға шығу көрсеткіші төмен еді. Салах, Мане және Фирмино секілді азулы шабуылшылармен терезесі тең ойын көрсетіп, олармен бәсекелесуге тура келді. Бірақ, ол жоғарыдағы ойыншылар жарақат алған жағдайда алмастыратын ойыншы еді. Дегенмен, кез-келген футболшының ойы негізгі құрамда доп тебу екендігі түсінікті. Диогу өзінің таланты мен шеберлігінің, сондай-ақ өнер көрсеткен ойындарда гол соғуының арқасында Юрген Клопптың сенімін нықтай түсті. Бапкер ойыншыны негізгі құрамда шығара бастады. Ол өзі қатысқан соңғы төрт ойында қарсыластар қақпасының торын алты рет тулатты. Команда үшін алғашқы хет-тригін жасады. Оған қоса бұл үш гол италиялық "Аталанта" қақпасына Чемпиондар лигасының матчында салынуы жанкүйерлердің ойыншыға деген назарын арттыра түсті. Диогу Жота гол салған ойындарда англиялық команда жеңіліс дәмін татпаған. Демек, осы ойыншы "Ливерпульдің - жеңіс символына" айналып келеді деген сөз.

Нақысбек СЕРІКБОЛ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×