Жіберілген төрт гол, соғылмаған пенальти, екі қызыл қағаз, өрескел қателіктер. Біз жастарға сенеміз...

Черногориямен өткен матч жастарға әсер етпеген секілді. Бүгін де дәл сол сценарий қайталанды.
Жіберілген төрт гол, соғылмаған пенальти, екі қызыл қағаз, өрескел қателіктер. Біз жастарға сенеміз...

Бүгін Қазақстар жастар құрамасы ЕУРО-2021 турниріне іріктеу кезеңі аясында Солтүстік Македониямен кездесті. Алматыдағы Орталық стадионда өткен кездесу 1:4 есебімен қонақтардың пайдасына аяқталды. Ия, ешкім мұндай нәтижені күтпеген. Әрине бұл матчта жеңіске жету қиын болатыны айтпаса да түсінікті еді. Бірақ тең нәтиже бізге артықтық етпес еді.

Ойынға келетін болсақ, қонақтар матч бастала салысымен бақылауды өз қолдарына алды. Қайта-қайта жасалған соққылар өз нәтижесін берді. 38-минутта Чурлинов екі ойыншыдан өтіп, айып алаңынан сыртынан соққы бағыттап, есеп ашты. Соққы алыс бұрышқа бағытталғандықтан, қақпашы Мұхаммеджан Сейсенде ешқандай мүмкіндік болмады. Араға үш минут салып, Кусяпов айып алаңының ішінде тәртіп бұзып, нәтижесінде қақпамызға пенальти белгіленді. Атанасовтың тепкен добын Мұхамеджан Сейсен тосқан еді. Бірақ қақпашыдан кері серпілген допты дәл сол Атанасов голға айналдырды.

Екінші тайм басталғаны сол еді, Чурлинов дубль авторы атанды. 52-минутта Оралхан Өміртаев қақпашымен жеке-дара шығып, есепті қысқартты. Матчтың ең қызық сәті 55-минутта болды. "Қайрат" клубының шабуылшысы Артур Шушеначев пенальтиден гол соға алмады. Дәл осы сәтте Оралхан Өміртаев та екінші сары қағазын алып, алаңнан қуылды. Сен соқпасаң, саған соғады деген қағида футболда жиі қолданылатынын жақсы білесіздер. Бұл жағдай дәл осы матчта орын алды. 67-минутта Митровский есеп айырмасын ұлғайтты. Жау жағадан алғанда, бөрі етектен алады дегендей, алаңда он ойыншымен қалған команданы 70-минутта Рауан Орынбасар да тастап кетті. Осылайша, ойын 1:4 есебімен аяқталды.

Бұл жеңіліске кінәлі адамдар көп. Соның бірі Артур Шушеначев. Сол бір пенальтиді соққанда, үміт оты пайда болар еді. Соғылмаған пенальтидің кесірінен Оралхан алаңнан қуылды. Не дегенмен, осындай қиын матчта бір ұпай біз үшін керемет нәтиже болар еді. Сондықтан жеңіліске себеп болған бірден-бір ойыншы - Шушеначев.

Бүгінгі ойынға Геворг Наджарянның қатыспауы өз әсерін тигізбей қоймады. Бүгін оң қапталда өнер көрсеткен Аслудин Хаджиев көп қателесті. Үшінші гол дәл осы ойыншының жіберген өрескел қателігінен кейін кіргенін де айта кеткен жөн.

Жастар құрамамыз сол бір Черногориямен болған матчтан кейін сабақ алатын шығар деп ойлаған едік. Мұнымыз бекер болып шықты. Солтүстік Македониямен өткен сырт алаңдағы алғашқы ойын тең аяқталған еді. Ал бүгін өз алаңымызда жеңіске жетпей не көрініпті деп ойлаған шығарсыздар. Ия, үш ұпайды армандап жүргенде, бір ұпайға да зар болып қалдық. Трагедия көру үшін кинотеатрға барудың қажеті де жоқ секілді. Жастарымыз көрсетті трагедияның көкесін: жіберілген төрт гол, соғылмаған пенальти, екі қызыл қағаз, өрескел қателіктер...

Бұл матчтан кейін Қазақстан жастар құрамасы Еуропа чемпионатына шығу мүмкіндігінен айырылды десек те болады. Келесі ойын Испанияға қарсы өтетінін ескеретін болсақ... Жалпы, бұл ойын қазақ футболының қандай деңгейде екенін көрсетіп қана қоймай, бетпердесін де шешіп бергендей көрінді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×