Жұмбақ бала – Неймар

23.03.2012, 03:05
Жұмбақ бала – Неймар
Бразилияның жаңа жұлдызы Неймардың маңайындағы әңгімелер күннен күнге көбейіп келеді. Бұл бала кім өзі? Қайдан пайда болды және неліктен ел аузында жүр? Осы сұрақтар талай оқырманның көкейінде жүрген болса керек. Неймар әшекей-бұйымдардың сауда-саттығымен айналысатын орташа тұрмысты жанұяда дүниеге келген. Жасы он тоғызда. Кішкентайынан доп тебуден басқаны алаңдамайтын Неймар 1999 жылы «Сантостың» футбол мектебіне түсті. Команданың негізгі құрамына өтпей тұрып-ақ, ол, өзіне  «Манчестер Сити», «Реал Мадрид», «Арсенал», «Барселона», «Челси» мен «Милан» секілді алпауыттардың назарын аударып үлгерді. Сан-Паулудың «Копинье» атты жастар біріншілігінде ел-жұртты таң қалдырған Неймарға «Жаңа Робиньо» деген лақап ат берілді. Жә, оның биографиясын өздеріңіз де «беске» білетін боларсыздар… Бразилиялық жас періге деген қызығушылық сағат сайын артып келеді. Шашын әтеш құсап алдыратын ерке жігіттің бойында Роналдоның техникасы мен Ривалдоның миы астасып біріккен. Соққысы Ривелинонікіндей, мінезі Эдмундоға тартқан. Тағы қандай сипат берсе болады? Өзі торапай… «Торапай»? Жоқ, олай демей-ақ қоялық. Әзірше ол тек ерке-тәйтік бала. Істеген қылықтары мен әрекеттері сондайға ұқсатады.   Роналдо секілді Әлбетте, Неймар өте дарынды жігіт. Ойыны көркем. Аяғына тиген доп әп-сәтте ажырамастай жабыса қалады да, алаңдағы екі команданың текетіресі көрікті «шоуға» ұласады. Алаңда істеп жүрген финттерінің көбісі Неймардың өзінікі. Бірақ Роналдо «жеке басты» ойыншыларға жатпайтын. Оның әрбір қимылы – ұжымның мүддесінен туатын. Роналдо доппен жүгіргенде логикаға, ақылға сүйенетін. Неймар ше? Оның фристайлдары шабуылдың қай кезеңінде басталатынын анықтап бақылап көріңізші. Шабуыл шарықтау шегіне жетіп, артық қимылды қажет етпейтін мезетте ол бірдеңе ойлап табады, аладасады. Сол себептен шабуыл тежеліп баяу тұншығады.  Екінші жағын айтып өтпесек ұят болар. Допты оның аяғынан тартып алу мүмкін емес секілді. Кейде оның әрі қарайғы бет алысын ешкім болжай алмайтындай. Сондықтан оған қарсы шыққан қарсылас та не қолданарын білмей тәлтіректейді.   Ривалдо секілді Ми. Ең алдымен кез келеген ойыншы миымен бағалы. Яғни, ойлау қабілеті мен ақыл-зерде техникадан да маңызды. Интеллект – ең қиын сәттерде құтқарады. Тілге тиек етіп отырған жігітіміз ақылды емес, бірақ қу. Ақылдылық пен қулықтың арасы футболда сондай алшақ емес. Ривалдо «Барсаны» я Бразилия құрамасын алға жетелегенде өзі үшін керекті аумағын қалтыра білетін. Тура соққы жасау үшін немесе әріптесіне келістіріп пас беру үшін оған кішкентай болса да бос кеңістік керек болатын. Неймар әзірше ол деңгейге жете қойған жоқ. Оның пастары – мәжбүрлік пен қажеттіліктен туындайды. Негізі, ерке-тотай да көркем пастар бере алады. Бергенде жарты алаңды ойып тұрып береді. Міне, сол тұстарда оның нағыз потенциалы байқалады. Боз баланың әлі де ілгерілейтін шамасы көрінеді. Неймардың пасы солдан да оңнан да, арттан да ортадан да кеп қалуы мүмкін. Бұл нағыз шебер ойыншының сипаты. Ойынның өзі де басқалар да сондай ойыншылардың маңайында өрбиді. Неймар секілді ойыншылардың бірнеше функцияны қатар алып жүруге шамалары жетеді. Үздік техника мен қулықтың қосындысы кез келген қарсыласты қапы қалдыра алады.   Ривелино секілді Неймардың «Фламенго» қақпасына соққан голы 2011 жылдың ең әдемісі деп танылды. Көп күтпей-ақ құлағымыз «Неймардың стилінде соғылған гол» деген сөздерді шалып қалар. Әзірше еуропадан бойы алыс Неймар-жігіттің голдары қандай? Неймардың голы – тентектің ісі. Қорқынышсыз жорық пен қисынсыз шабуылдың оқыс аяқталуы «Неймар голы» дегенге жақын. Ривелино дәл сондай болатын. Бразилия құрамасының мұртты шабуылшысы аяқ асты, ойламаған жерден допты қақпаға тартып кеп жіберетін. Сол үшін халық та оны жақсы көретін. Неймарға да бойында сондай қасиеті болғандығы үшін қолпаштайды. Бұл бүгін ғой… Екі жыл бұрын оркестрдегі бірінші сыбызғының рөлі Пауло Энрике Гансоға тиесілі еді. «Сантос» мектебін бірге аяқтаған қос футболшы «үлкендер» командасына бірге өтті. Басында ойын тағдырын Гансо ғана шешетін. Неймар оның шашбауын көтеріп қолына су құюға ғана жарайтын, кезінде. Энрике ауыр жарақат алған соң алғы шепке Неймар жылжи бастады. «Сантостың» ойыны жүйесі бұзылып, көңіл көтеретін бағдарламаға ұқсай бастады. Барлық жерде Неймар. Тек Неймар. Оның голдары аннан да мыннан да жаңбырша жауды. Әсіресе, «Либертадорес» кубогы жолындағы қарсыластар қатты жапа шекті. Неймар әліде болса «бала». «Баланың ісі – шала». Бүгін қызыл, ертең жасыл ойыншықты сұрайтын бала. Ол ойын барысында әріптестерін байқамай, елемей кетуі мүмкін. Ал егер керісінше жағдай болса ол ойнамай қойып, бір орында тұрып-ап қырсығып қалуы мүмкін. Бір кезде «Сантостың» сапына жаңа келген жас түлек Алан Патрик есімді ойыншы қосылғын. Өзі сол мектептің түлегі. Патрик  ортада бекіп құрамға сіңе бастап еді «қояншық» бала кеселденді де қалды. Ерке-тотайға ерік берген «Сантостың» президенті Луис Ребейро «жас жұлдыз кетіп қалар ма екен?» деп қорқып әлгі ойыншыны негізгі құрамнан алып тастауға бұйрық берді. Айта берсең бітпейді, істемегені жоқ қой.   Эдмундо секілді «Пиньерольға» қарсы өткізген финалдық ойындағы теріс қылығы оны Эдмундоға жақындатты. Аты шулы төбелескіш Эдмундо барлық абыройынан дөрекілігі үшін айрылған. Неймар қарсылас команда ойыншысы Николас Фрейтостың аяғын қасақана тепкен болатын. Сөз арасында аңыз-футболшы Марадонна да Неймардың тәртібі жайлы тіс жарған: «Неймар – Пеле секілді тәртіпсіз» деп. «Өзі сондай момақан боп па еді?» деген ой келеді. Негізі тек асау аттар жүйрік болады. Мүмкін Неймардың «арқасы» бар болар қозатын.         Бразилияның қорғаушылары қатаң болғанымен үлкен ара қашықтықты ұстайды. Кәрі құрлықтағы қорғаушылар доппен секеңдетіп қойып қарап тұрады ма екен? Жоқ, әрине «А» Сериясында да, Испанияда да, Англияда да сол. Ол жақтың футболы мүлде бөлек. Неймар Еуропада доп тепкісі келсе футболға деген көзқарасын да, іске араласу дәстүрін де өзгертуі тиіс. Қай деңгейдегі «жұлдыз» екені сонда анық болады. «Барсамен» келісім шарт жасалды… Бірақ мәселе қайда! Мысалы, «Барселонада» команданы сүйреп жүрген бір ойыншы бар. Екі қошқардың басы бір қазанға сияды ма екен? Сол қызық. Ал әзірше, 2014-ке дейін, өз жерінде жүріп «Ai Se Eu Te Pego» деп әндете тұратын уақыт бар…   Олжас НҰРАЗХАН аламан.кз
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Алдыңғы жаңалық
ІЗДЕУ САЛАМЫЗ
Серіктес жаңалықтары
×