Жұмыссыз жүрген ТОП-7 бапкер

Жақып Марғұлан
Бас редактор
08.01.2021, 17:44
Бір жылдан аса клубсыз жүргендер де бар.
Жұмыссыз жүрген ТОП-7 бапкер

Футбол әлемінде бапкерлердің орны ерекше, бірақ бірнеше сәтсіздіктен кейін басшылық босағаға нұсқауы мүмкін. Солай жұмыстан қуылған бапкерлер біршама. Тіпті бір жылдан аса жұмыссыз жүргендер де бар. Сонымен қатар жақында ғана орнын босатқандар да кездеседі. Осыған орай Aladop.kz назарларыңызға клубсыз жүрген Топ-7 бапкерді ұсынады:

Люсьен Фавр

Соңғы клубы: “Боруссия Дортмунд”


2018 жылдың 22 мамырында дортмундтық “Боруссияның” бас бапкерлігіне сайланып, клуб тарихында беташар 15 ойында жеңілмеген алғашқы жаттықтырушы атанды. 2019 жылы Германия Суперкубогін жеңіп алды. Келісімшарт 2021 жылдың маусымына дейін жарамды болса да, “Штутгарттан” оңбай (1:5) ұтылғаннан кейін 2020 жылдың 13 желтоқсанында клуб 63 жастағы швейцариялық маманды мерзімінен бұрын қызметінен босатты. Осыдан кейін Фавр “Ниццаның” тізгінін ұстауы мүмкін деген ақпараттар тарауда.

Леонарду Жардим

Соңғы клубы: “Монако”


2016/17 жылғы маусымда “Монакоға” 17 жыл күттірген чемпиондықты алып беріп, Чемпиондар лигасының жартылай финалына дейін жетті. Сол жылы Францияның және Португалияның үздік бапкері атанды. Келесі маусымда, яғни 2018 жылдың 11 қазанында клубтың сүреңсіз ойнауына байланысты қызметінен босатылды. Бірақ 2019 жылдың 25 қаңтарында Анридің орнына қайта шақыртылды. Ал 29 желтоқсанда Жардим екінші мәрте жұмысынан қуылды. Содан бері 46 жастағы португалиялық маман клубсыз жүр. Маусым соңында мәскеулік “Спартактың” бапкері атануы мүмкін деген сыбыстар бар.

Маурицио Сарри

Соңғы клубы: “Ювентус”


2019 жылдың 16 маусымында “Ювентус” тізгінін ұстап, клубқа қатарынан тоғызыншы чемпиондығын ұтуға көмектесті. Сонымен қатар Италия чемпионы атанған ең егде (61 жас 6 ай) бапкер атанды. Чемпиондар лигасы 2019/20 жылғы маусымының 1/8 финалында “Лионнан” айласын асыра алмай, келесі күні, яғни 8 маусым күні орнын босатты. “Ювентустан” бөлек “Наполи” һәм “Челси” сынды белді клубтарды баптаған “Мистер 33” “Фиорентина” немесе “Романы” баптауы мүмкін делінгенмен, әлі де жұмыссыз жүр. 

Лучано Спаллетти

Соңғы клубы: “Интер”


2017 жылдың 9 маусымында “Ромадан” “Интерге” ауысып, “Сан-Сироға” Чемпиондар лигасын әкелді. Бірақ “нерадзурри” тізгінінде екі маусым өткізіп, бірде-бір трофей ұта алмады. Екі жыл қатарынан төртінші орынды қанағат тұтты. Сөйтіп 2019 жылдың 30 мамырында 61 жасар италиялық маман орнын тағы бір италиялық бапкер Антонио Контеге босатып берді. Қазіргі таңда Лучано Чили ұлттық құрамасын баптауы мүмкін деген жаңалық желіде желіп жүр.

Эрнесто Вальверде

Соңғы клубы: “Барселона”


2017 жылдың 29 мамырында “Барселона” бас бапкерлігіне тағайындалды. Каталондықтарды екі мәрте ел чемпионатының шыңына шығарды. Сонымен қатар Испания кубогі мен суперкубогін “Барселона” қоржынына салды. Бірақ басты мақсат Чемпиондар лигасының “қалқаң құлағын” “Камп Ноуға” әкеле алмады. Ал Испания Суперкубогінің жартылай финалында мадридтік “Атлетикоға” есе жібергеннен кейін 2020 жылдың қаңтарында жұмысынан босатылды. Еуропаның белді клубтары Вальвердеге қызығушылық танытпауда. Өзі де Еуропада жұмыс істеуге құлқы жоқ екенін білдірткен еді.

Томас Тухель

Соңғы клубы: “Пари Сен-Жермен”


2018 жылдың 14 мамырында париждік клубтың бас бапкері атанып, екі жыл қатарынан ішкі чемпионатта қарсылас шақ келтірмеді. Клуб тарихындағы алғашқы Чемпиондар лигасының финалына жолдама алуға септігін тигізді. Бірақ БАҚ өкілдерінің хабарлауынша, неміс маманы клубтың спорттық директоры және ойыншылармен сөзге келіспей 2020 жылдың 29 желтоқсанында қызметінен кетті. Орнына бір жылдан аса уақыт жұмыссыз жүрген Маурисио Почеттино сайланды. Қазіргі уақытта Тухельді “Челсидің” бас бапкерлігіне үміткерлер қатарына қосуда.

Максимилиано Аллегри

Соңғы клубы: “Ювентус”



2014 жылдың 16 маусымында “Ювентус” тізгінін ұстап, қатарынан бес мәрте ел чемпионатында алдына жан салмады. Төрт жыл қатарынан “алтын дубль” жасаған алғашқы бапкер атанды. Италия футболының құрмет залына енгізілді. Бірақ 2019 жылы ішкі чемпионаттағы сәтсіздіктер,  кубоктың ширек финалынан ұшып кету, Чемпиондар лигасының 1/4 финалында “Аяксты” айналып өте алмауы Аллегридің клубтан кетуіне әкеліп соқты. Барлық дерлік топ клубтар Максимилианоны өз қатарларында көргісі келеді. Соңғы күндері италиялық маман “Челсидің” бапкері атануы мүмкін деген қауесеттер көптеп тарауда.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×