Пандемияға байланысты карантин аяқталып, каталон ойыншылар жаттығуға клубтың базасына оралды. Ал Дембеле баяғы әніне қайта басып, тағы да «Барселонаға» оралған ең соңғы ойыншы болды. Француз «Барса» сапына келгелі үш маусым өтті. Бірақ содан бері өзіне жұмсаған 105 миллион еуроны сол беті ақтамады. Клуб басшылығы бір мәмлеге келіп, 23 жасар шабуылшыны жазғы трансферде сататын болып шешті. Алайда, оны сатып алуға құштар клуб табыла қояр ма екен?
Осман Дембеленің «Барселона» сапына ауысуы сірә клуб тарихындағы ең сәтсіз трансфер шығар. Қара маржан шабуылшы үшін Каталония клубы «Боруссия Дортмундқа» 105 милиион еуро көлемінде қыруар қаржы ұсынып, өз қатарына қосты. Дембеленің мойнына артылған жүк ауыр болды. Себебі, дәл сол жылы клубтың лидерлерінің бірі Неймарды Париждің «ПСЖ» клубы сатып алған болатын. «Барса» Дембелені сатып алған тұста оны бразилиялықтың орнын басар шабуылшы болар деген үмітпен алған еді. Бірақ клубтың бәйгеге қосқан аты көсіле алмады, тұяқты серпе тастамады. Бартомеу бастаған басшылық жасаған трансфердің сәтсіз екенін мойындап, ақыры сататын болып шешті.
Дембеле «Барселона» сапында ең сәтсіз күндерді кешкенімен, оның статистикалық мәліметтеріне көз жүгіртсек жалпы нәтижесі жаман емес. Әйтпесе өкпесі жел көрік, шаршауды білмейтін ойыншы ғой. Осман Испанияда нәтижелі ойын көрсетуі үшін орташа есеппен 114 минут кетеді екен. Бұл дегеніміз оның «аралардың» сапындағы көрсеткішінен небәрі 4 минутқа ғана көп. Ал өткен трансфер терезесіндегі «Барсаның» сапын толықтырған Антуан Гризманнмен салыстырғандағы көрсеткіші едәуір жақсы секілді. Ұлттық құрамадағы әріптесі алаңда гол немесе нәтижелі пас беру үшін оған жұмсалатын уақыт орташа есеппен 164 минут.
Дембеленің ойын деңгейі төмендеп кетуінің басты себебі оның жарақат алуы. Барлығын қосқанда жарақатына байланысты ол алаңға бір жарым жыл шықпады! Егер бұл жағдайдың барлығы орын алмағанда Осман Испания чемпионатында 102 матч ойнап үлгерер еді. Өкінішке орай ол 43 ойынды денсаулығына байланысты жіберіп алды. Оның «аман-есен» өткізді деген кезіміз 2017/18 жылғы маусым мен 2018/19 маусымның басы. Сол уақыт аралығында жас шабуылшы 30 ойынға қатысты. 30 ойында гол+пас жүйесі бойынша 19 ұпай жинап, Неймардың дебюттік маусымында жинаған ұпайымен теңесе алады.
Француз жарақатынан айығамын дегенше оның трансфердегі бағасы тау көшкініндей құлап, төмендеп барады. Бағасы 105 млн еуродан 56 млн еуроға дейін арзандап кетті. Сондада жас ойыншы әлемнің ең қымбат елу ойыншысының қатарына еніп тұр. «Барселона» оған қарамастан Усманды 60 млн еуроға бағалап отыр. Себебі, жазғы трансфердегі клубтың қазіргі нысанасы Неймар мен «Интердің» қазіргі жұлдызы атанып тұрған Лаутаро Мартинес.
Дембелені сатып алуға ниетті басты команда англияның «Манчестер Юнайтеді» болып тұр. 23 жасар ойыншының өзі де «қызыл сойқандардың» қатарын толықтыруға қарсы емес секілді. Испан басылымдарының сөзіне сенсек, Осман отандасы Антони Марсьял арқылы клубтың ішкі тәртібі мен атмосферасы жайлы сұрастырып та қойған. «Юнайтед» вингерді назардан тыс қалдырмай жүргенінің себептері де бар. Өйткені, Осман каталондықтардың қатарына қосылмай тұрып «Ренн» мен «Боруссияның» сапында жүргенде дәл бүгінгідей жарқат алып көрмеген. Осы жазда келіссөздер сәтті аяқталып, Дембеленің «Юнайтедте» бағы жанып, ойыны өрлеп кетсе, бар кінә «Барселонаның» медициналық штабында болайын деп тұр!
Жас шабуылшыға қызығып отырған клубтың бірі лондондық «Арсенал». «Зеңбірекшілердің» болжауы бойынша клубтың басты жұлдызы Пьер Эмерик Обамеянг осы жазда «Реалдың» сапына ауысуы мүмкін. «Арсенал» басшылығы Обамеянгтың орнын басар форвард іздегенімен, коронавирустың салдарынан орын алып жатқан экономилкалық дағдарысқа байланысты қыруар қаржы жұмсауға ниетті емес.
Османды келесі маусымда әйтеуір бір Ағылшын Премьер Лиасында көріп қалатын секілдіміз. Көзін салып отырған кезекті клуб «Ливерпуль». Испан бұқаралық ақпарат құралдырының айтуынша Юрген Клопп осы трансфер жөнінде клуб басшылығымен талқылаған көрінеді. Бірақ ауысым жайлы көп ойланып, бас ауыртуға тұрарлық емес те шығар. Себебі, «қызылдардың» басты ден қойып отырған ойыншысы «Лейпциктің» форварды Тимо Вернер. Клуб неміс ойыншысын 64 миллион еуроға бағалап отыр. Егер трансфер орын алса, Дембеленің керегі де болмай қалуы мүмкін. Расында «Ливерпульге» осыншама шабуылшының не керегі бар?
Дембеленің жарақатынан бөлек ойыннан тыс жағымсыз әрекеттері де жоқ емес. «Дортмунд» сапындағы соңғы күндерінің бірінде Барселонаға кетер алдында Дембеле пәтер жалдап тұрған. Келіссөздер аяқталуға жақын қалғанда Дембеле Барселонаға тайып тұрды. Ал бірнеше күн өткесін жалдап тұрып жатқан пәтерінің иесі оның үстінен шағым түсірді. Қожайынның айту бойынша оспадарсыз Осман тазалық жұмыстарын жүргізбей, үйді шашып, қоқысқа толтырып кеткен екен. Пәтерді қайта қалпына келтіру үшін 20 мың еуро кеткен.
Онымен қоймай «Барселонада» жаттығуға жиі кешігіп келетіні де бар. Бұл үшін басшылық тарапынан бірнеше рет сөгіс те алған болатын. «Интермен» болатын ойынға аттанар кезде Дембеле әуежайға ұшуға сәл-ақ қалғанда ғана келген. Жауапсыздықды жақтырмайтын Эрнесто Вальверде Османға ойының осылды деп негізгі құрамнан алып тастады.
Французға қарап тұрсақ құдды бір кішкентай бала секілді. Клуб оның фастфудта қаншалықты жиі тамақтанатынын білгесін жеке аспаз жалдап берді. Жаттығуға кешігіп келген себептерінің бірі түнімен ойын приставкаларын ойнайтыны белгілі болды. Бәлкім оған жеке аспаз жалдап беру тым аз болған шығар. Ол үшін бала күтуші жалдап, сағат нешеде тұрып, нешеде жату керектігін қадағалап тұру керек секілді.
Клуб тілеулестерінің аузында жүрген әңгіменің бірі, өткен маусымның Чемпиондар Лигасындағы «Ливерпульге» қарсы өткізген ойыны. Есеп 3:0 болып тұрған кезде «Камп Ноуда» құмырсқаның илеуіндей жиналған жанкүйердің алдында қақпашы Алиссонмен бетпе-бет келіп допты жай ғана бере салды. Ал көрермен болса орнынан тұрып 4:0 деген есепке жеттік-ау деп, шатыққа бөленуге дайын болған еді. Ал қарымта матча 4:0 болып ұтылып, келесі кезеңге өту үшін тек бір ғана гол жетпеді. Тек осы жайт үшін Дембелеге өкпесі қара қазандай жанкүйерлер бар.
Осылайша Осман Дембеле клубтың алдында өз абыройын өзі түсірді. «Барселона» кешіре беруден жалығып, шыдамы таусылғасын сатуға бекінді. Бұл шешімді құптағандарда аз емес. Тіпті клубтың аңызы Ривалдо осы тұрғыда өз ойын айтқан болатын:
«Дембеленің «Барса» сапында үйренісіп, өзін көрсететін уақыт берілді. Меніңше ол енді бұдан артық ойын мәнерін көрсете алмайды. Осы жазғы трансфер оны сатып жіберудің жақсы орайы түсіп тұр».
Осы маусымда француз барлығы 9 ойын өткізіп, 1 голмен шектелді. Ол голды «Севилья» қақпасына соқты. Айтпақшы, сол ойында қызыл қағаз алып, алдағы екі ойыннан шеттелді. Ол аз десеңіз екі апта өткесін жаттығу кезінде жарақат алып, маусымның соңына дейін алаңға шыға алмайтыны белгілі болды. Қысқаша айтқанда Османның керексіз ойыншы атану хикаясы осы. «Халық айтса, қалып айтпайды» демекші Османның жырына да нүкте қояр сәт жақындаған сияқты.
Шерхан Абзалұлы
Біздің серіктес: FONBET