Зинедин ЗИДАН: «Алаңдағы мықтылық менмендікке себеп емес»

01.10.2012, 23:22
Зинедин ЗИДАН: «Алаңдағы мықтылық менмендікке себеп емес»

Мұсылмандар арасынан шыққан тұңғыш футболдан Әлем чемпионы З.Зидан биыл қырыққа келді. Жақында оның 2006 жылғы Әлем чемпионатының финалында Италия құрамасының қорғаушысы – Марко Матерацциді баспен соққан қимылына Парижде ескеркіш қойылғанын да естіген шығарсыз.

Мұсылмандар арасынан шыққан тұңғыш футболдан Әлем чемпионы Зинедин Зидан биыл қырыққа келді. Жақында оның 2006 жылғы Әлем  чемпионатының финалында Италия құрамасының қорғаушысы – Марко Матерацциді баспен соққан қимылына Парижде ескеркіш қойылғанын да естіген шығарсыз.

Баскетбол дегенде есімізге еріксіз Майкл Джорданның түсетіні бар. Гольф аталғанда, әлбетте, Тайгер Вудс ойға оралады. Зинедин Зиданның есімі де таныстыруды қажет етпейтін әлемдік бренд.

Ол – 1998 жылғы Әлем чемпионы, 2000 жылғы Еуропа біріншілігінің жеңімпазы, Еуропа Чемпиондар лигасының алтын алқа иегері (2001), үш дүркін әлемнің үздік футболшысы (1998, 2000, 2003), 2006 жылғы Әлем чемпионатының күміс жүлде иегері. Ол – Франция ұлттық құрамасының  капитаны болды, қанша жыл әйгілі «Ювентусты» өрге сүйреді. Әр футболшының арманы болған Испанияның «Реалында» жарқылдады. Роберто Карлос, Дэвид Бекхэм, Роналдо, Рауль, Луиш Фигудың басы бір клубта қосылған сол жылдары Зидан мадридтік ұжымның лидері болды. Өткен аптада ғана «Реалдың» спорттық директоры қызметін тастап, бапкерлікпен айналысуға бет бұрған Зизудың сұхбатын ықшамдап ұсынып отырмыз. - Сіз Марсельдің ең кедей, қылмысқа толы аудандарының бірінде өстіңіз ғой. Нашақор немесе қылмыскер боп кетпеуіңізге футболдың әсері болды ма? - Рас, мен Франциядағы ең бір берекесіз аудандарының бірінде өстім. Бірақ, меніңше, сенің қайда өскенің маңызды емес. Маңыздысы – кімдермен қатар жүргенің, қоршаған ортаң, айналаң. Біздің ауладағы менімен тетелес жиырма баланың ешқайсысы да ішімдікті татып алмайтын, темекі шекпейтін. Мені ақымақ қадамдардан қашық еткен футбол емес, ата-анам мен достарымның қандай құндылықтарды құрметтейтіні. - Сіздің әкеңіз бір сөзінде «эмигранттар басқаларға қарағанда екі есе көп еңбектенуі керек» дегені бар. Бұл кеңес сізге де көмектескен шығар? - Әрине! Біз Францияға Алжирден көшіп келгенбіз. Көптеген қиындықтарды бастан өткіздік. Әкемінің тіпті орта білім алуға мүмкіндігі болмапты. Сауатсыз арабты, Францияға енді көшіп келген эмигрантты кім құрметтеуші еді? Қазір ғой, әлем танитын Зиданмын. Бірақ ол кезде мен ешкім де емес едім. Қоқысқа толы, күнкөрісі өте нашар жерде тұрдық. Әкем айтқандай, бізге шынында да өзгелерге қарағанда көп тер төгуге тура келді. Кез-келген іске мән беріп, жауапкершілікпен қарау, жұмысты жүйелі істеу, өзгелерді құрметеу - әкем осы ақылды үнемі айтатын. Мен үйдегі бес баланың ең кенжесі болдым. Әкем бізді қатты еркелеткен емес. Бірақ бізді қатты жақсы көретінін бәріміз іштей сезетінбіз. - Ал сіздің балаларыңыз ше? Даңқты Зиданның перзенттері екенін сезіне ме?  - Мен олар үшін сіз айтқандай даңқты Зинедин Зидан емеспін. Бар болғаны, жай ғана, олардың әкесімін! Балаларым әлі жас қой. Бірақ әзірден-ақ олардың жанында мәңгі болмайтынымды, уақыты жеткенде, өздері еңбек етіп ақша табуы тиістігін, ұзамай өз өмір жолдарын анықтайтын сәт келетінін жұқалап айтып жүремін. - Ойыншылық карьераңызға нүкте қоймай тұрғаныңызда, сіз әлемдегі ең көп жалақы алатын футболшылардың бірі болдыңыз. Байлықтан мінезіңіз өзгерген сәттері болды ма? - Маған мықты жалақты оңай келген жоқ. Әрі ол ақшаны мен біреуден ұрлап немесе тартып алған жоқпын ғой. Адал еңбегіммен таптым. Рас, алаңда доп теуіп жүріп мол ақшаға кенелген көп адамға біртүрлі көрінуі мүмкін. Маңызды, ауыр жұмыс істеп, футболшылардан аз айлық алатын мамандық иелері бар екені де шын. Бірақ асып-тасыған кезім есімде жоқ. Өйткені, жаңа айттым ғой, бала кезімде біздің отбасы көп тапшылық көрді. Әкем күнұзаққа жұмыс істесе де, табатын ақшасы өте аз еді. Ол үймелі-сүймелі бес балаға қайдан жетсін? Бірақ ешқайсымыздың ашыққан кезіміз жоқ. Ал қазір... қазір әкем еккен егінін орып – еңбегінің жемісін жеп отыр. Сосын, мүмкін, кезінде өзге футболшылардан сәл жақсы ойнаған болсам, рас, менің артықшылығым. Бірақ оның күнделікті өмірге еш қатысы жоқ қой. Стадионда танымал футболшы болған шығармын. Бірақ дүкенде немесе кинотеатрда мен көптің бірі ғанамын! Алаңдағы мықтылық – көшеде өзіңді біреуден биік ұстауға себеп емес. - Марко Матерацци сіз екеуіңіздің араңызда болған оқиға туралы кітап жазып та тастады. Футболқұмарлар ол кітапты таласып оқыды.  Соған қарағанда, Матерацци пайда тапқан да тәрізді. Жауап кітап жазбайсыз ба? - Жоқ! Матераццимен болған қақтығыс - өтіп кеткен нәрсе. Рас, сол финалдан кейінгі күндер мен өте үшін ауыр болды. Бірақ солай істегеніме өкінбеймін. - Өмірдегі ең маңызды жетістігіңіз ретінде қайсы жеңісіңізді айтар едіңіз? - Балаларыма жақсы тәрбие бере алсам, балаларым мені жақсы әке деп санаса, мен үшін ең бастысы осы. «zidanefans.com» сайтының материалдары бойынша әзірлеген Ырысбек ЖАНТӨРЕ http://jaqsy.kz/article/view?id=140  
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Алдыңғы жаңалық
Сатқын
Серіктес жаңалықтары
×