Иван Свиридов - Адиевтің гректерге тосын сыйы ма?

Мұқашұлы Мұрат
Мұқашұлы Мұрат
Бас редактор
13.03.2024, 15:26

Қазақстан Ұлттық құрама командасының 21-ші наурызда Грекиямен болатын матчына қатысатын 26 футболшысының қатарында шабуылшы Иван Свиридов та бар. Осыған дейін негізінен түрлі деңгейдегі Қазақстан жастар құрамаларының жейдесінде өнер көрсетіп келген «Елімайдың» футболшысын Магомед Адиев тап осындай маңызды ойынға бекерден-бекер шақырмайды. Ресейлік маман Иван Свиридовпен жақсы таныс. Магомед Адиев бірнеше маусым бұрын «Шахтердің» құрамында осы футболшымен де жұмыс істеді. Грекиямен болатын бәсекеде алаңға шығуы мүмкін Қарағанды футбол мектебінің түлегі жайлы тағы қандай ақпарат бар? 

Иван Свиридов - Адиевтің гректерге тосын сыйы ма?

«Астанаға» ауысуы мүмкін еді

Иван Свиридовтың үлкен футболдағы дебюті өзінің туған «Шахтерінде» болды. Кенді қаланың басты футбол командасының жейдесін алғаш рет 2019-2020 жылы киген. Алайда, жас ойыншы туған клубының негізгі құрамына тек келесі маусымнан бастап тартыла бастаған. Сол жылы сәуірде «Шахтерге» бас бапкер болып қазіргі Қазақстан құрамасын жаттықтыратын Магомед Мұсаұлы тағайындалады. Ресейлік жаттықтырушының Ұлттық Құраманың алдында Қарағандыда тура бір жыл жұмыс істегені мәлім. Десе де, осындай аз уақыттың өзі Адиевке қанаты қатаймаған жеріглікті жастардан ҚПЛ деңгейіндегі футболшы тәрбиелеп шығаруға жеткілікті болды. Ресейлік жаттықтырушының тәлімін алғандардың қатарында осы Свиридов те бар. Шеберлігі шыңдала түскен Иван Свиридовке сол кездері «Астананың» өзі қызығушылық танытқан көрінеді. Бірақ, бас бапкер аяғына әлі нық тұрмаған жас футболшыға асықпай, әлі де біраз «Шахтерде» шыңдалуды ұсынса керек. Тіпті, осыған байланысты бас жаттықтырушы мен шабуылшының арасында біраз түсініспеушіліктің болғаны да белгілі.     

Магомед Адиев 

«Өкінішке қарай, Иван мен оның әкесіне жағдайды дұрыс түсіндіре алмағандықтан, бұл мәселедегі қателікті өз мойныма аламын.  Свиридовке  қатты алаңдаймын. Өйткені, әлі жас қой. Осындай жастармен жұмыс істеп, алға жетелейсің. Ілгері басса деп ойлайсың. Бірақ, қателікті тек өзіне қатысты деген дұрыс емес. Иванның мансабын емес, тек өздерінің бас пайдасын ойлайтын агенттердің ықпалына түсті. Бұл енді жас футболшыларға тән дүние».

Бірінші лигадан ҚПЛ-ге дейін

Дегенмен, қандай түсініспеушілік болса да Свиридовтың карьерасындағы сәтті кезең осы Магомед Адиевпен байланысты. Шабуылшының 2020-2021 жылға маусымнан бері қарайғы статистикасына көз жүгіртсек. Сол аралықтан бері Свиридов «Шахтердің» негізгі құрамына жақындай берген. Мәселен, 20-21 маусымында Иван бірінші лига мен ҚПЛ-ді қосып есептегенде 18 кездесуде өнер көрсетіп, 1 гол салған. Шабуылшы үшін бұл әрине, төмен көрсеткіш. Бірақ, жыл сайын аз болса да нәтижелілігі артып отырғанын байқауға болады. Келесі футбол маусымында форвардтың голдық нәтижелілігі сол өз деңгейінде қалды. Бірақ, 2022 жылы премьер-лигада ойнаған матчтарының саны (Бір жыл бұрын – 5 матч, 2022 де – 14 ойын) артқан еді. Ал оның спорттық мансабындағы ең табысты маусымы, әрине, былтырғы жыл. «Шахтердың» шабуылшысы 26 кездесуде 9 рет мергендік танытты. Кеншілер сапындағы 25 ойынның 20-да алаңға негізгі құрамға шыққан Иван Свиридовтың нәтижелі ойыны бұрынғы танысы Магомед Адиевтің назарын аударды. Бас бапкер Ұлттар лигасында құрамаға қатарына шақырды. Бірақ, Иванның өзін көрсетуіне мүмкіндік болған жоқ. Ол іріктеуде Магомед Мұсаұлы тәжірибесі толысқан өзге футболшыларға сенім артқаны мәлім.

«Троян атындай» тосын сый

Ал қазір Қазақстанның басты командасында жағдай өзгерген. 21 ші наурыздағы маңызды ойынға шақырту алған шабуылшылар - Абат Айымбетов, Эльхан Астанов пен Иван Свиридов. Енді осылардың қайсысында негізгі құрамда шығатын мүмкіндік көбірек? Түркияда жүрген Абат Айымбетовтің ойын тәжірибесі өте аз. Оның үстіне «Адана Демирспордың» шабуылшысын Ұлттық құрамада соңғы кездері негізгі құрамның ойыншысынан көрі, джокердің рөлінде жиі көріп жүрміз. Сондықтан, Түркия Суперлигасындағы соңғы екі матчта алаңнан көрінбеген шабуылшыны осы жолы да бәсекенің аяғына сақтайтын шығар. Бұл енді жеке біздің пікір. Барлығы ойынның сценарийіне байланысты. Мүмкін, финалға бергісіз Афиныдағы бәсекеде бапкерлік құрам жастық максимализмнен көрі тәжірибеге сүйенуді ұйғара ма екен? Олай болса элиндердің алғашқы минуттардағы арынына төтеп беру үшін Айымбетовті шығарып жібереді. Эльхан Астановтың Свиридовтің алдында бірнеше артықшылығы бар. Ең алдымен, әрине, биылғы ҚПЛ-дегі нәтижелілігіне назар аударыңыз. (2 матчта - 2 гол). Одан кейін сол Ұлттар лигасының іріктеуінде біраз ойынға қатысып, құрамаға бой үйретті. Десе де, Қазақстан құрамасымен тарих жасап жатқан Магомед Мұсаұлының таңдауы «Шахтердің» шабуылшысына бекер түспеді деп үміттенеміз. Гректердің біздің команданың футболшыларын әбден зерттеп жатқаны мәлім. Көпшілікке бейтаныс Свиридовтың өнері элиндіктерге «Троян атындай» тосын сый бола ма?         

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 6
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×