«Жетісу»-«Шахтер»: Бесінші турда кімнің жолы болады?

Мұқашұлы Мұрат
Мұқашұлы Мұрат
Бас редактор
09.04.2024, 12:19

ҚПЛ-дің 4-турында біраз күтпеген нәтиже тіркелді. «Шахтердің» «Астанадан» басым түсуі мен «Жетісудың» сырт алаңда «Қайратқа» төтеп бергені ерлікпен пара-пар. Өткен турда жанкүйерлерін қуантқан қос клуб енді өзара жолығады.

«Жетісу»-«Шахтер»: Бесінші турда кімнің жолы болады?

Бұл екі сенсацияның ішінде «кеншілердің» жетістігі жоғары бағаға лайық. Жаңа маусымда жеңілістен көз ашпай келген «Шахтерден» бұл күні ешкімнің ерлік күтпегені анық. Көпшілік «Шахтерды» амбициялы, ашығын айтқанда чемпиондықтан дәмелі Григори Бабаянның (әзірге «Астана» бас бапкерін ауыстырған жоқ) командасына жем болады деп күткен. Алайда, барлығы басқаша болып шықты. Жанкүйер, намыс деген дүниелер есіне түскен болар, «кеншілер» төртінші турдағы басты сенсацияны тарс дегізді. Бәлкім, Ермұхамед Мәулен айтпақшы, «Шахтердің» аңыз адамы Андрей Финонченконың ықпалы болды ма, әйтеуір Рохер Каньяс бастаған қарағандылық футболшылар жерге қаратпады. Ермұхамед колумбиялықтың добын 4-турдың үздік голы депті. Қалай дегенде де, үш турда қатарынан жеңіліп келген «Шахтер» үш ұпай алды. «Кеншілердің» турнирлік кестедегі жағдайы да оңалып қалғанын айту керек. Андрей Финонченко факторы енді «Жетісуға» қарсы қалай әсер етер екен?

Андрей ФИНОНЧЕНКО, «Шахтер» ФК бас бапкерінің міндетін атқарушы;

«Біріншіден, футболшылар мен бүкіл Қарағандыны осы маусымдағы алғашқы жеңісімен құттықтағым келеді. Көрсеткен өнеріне, алаңда берліп ойнағандары үшін командаға алғыс айтамын. Бүгінгі жеңіске жігіттер лайық! Матчта «Шахтерды» жақсы көретін, қолдайтын көптеген жанкүйер болды. Біз солардың сенімін ақтап, тек қана алға қадам басуға тырысамыз». Биылғы ҚПЛ-дегі сәтсіздіктер сериясынан кейін көпшілік «Шахтерді» «ұшырып» қойған еді. Бірақ, «кеншілер» 4-турдағы ойынымен бұл болжамның асығыстық болғанын дәлелдейтіндей ме, қалай? Маусым басында бізге берген сұқбатында жанкүйер сенімі үшін ойнайтынын «Шахтер» ғана емес, Қайрат Нұрдәулетов те айтып еді. Демалыста Алматыдан бастарын тік көтеріп қайтқан жетісулық жігіттердің де дәлелдейтін дүниесі көп. Осы Алматыда болған матч жайлы. «Қайраттың» Қайрат Нұрдәулетовтің командасынан әлдеқайда әлеуетті екені түсінікті. Бірақ матч алдында «Жетісудың» бас бапкері азулы қарсыласпен қорықпай ойнаймыз деген.  

Қайрат НҰРДӘУЛЕТОВ, «Жетісу» ФК бас бапкері;

«Алдымызға қойған өзіміздің тактикамыз бар. Қазір пысықтап, көріп жатырмыз. Қайраттың ойынынын жігітерге түсіндіріп айтамыз. Қалай ойнайтынымызды. Мықты жерін жабамыз, осал жерін пайдаланамыз деген нәрселерді көрсетеміз әлі 3-4 күн бар. Ең бастысы біз ешкімнен қорықпаймыз. Біздің өзіміздің ойынымыз бар. Өзіміздің ойымыз бар. Өзіміздің мақсатымыз бар».

Талдықорғандық бапкер мен оның командасы сөзінде тұрды. Иә, кездесуде «Жетісудың» бірнеше рет жолы болып кеткенін мойындау керек. Десе де, кездейсоқ ештеңенің болмайтынындай, Алматыдағы 0:0-де тегін емес. Талдықорғандық клубтың сол бір ұпайды алу үшін қалай жанын салып ойнағанын, ақыры соған жетіп тынғанын көрдік. Соңғы уақытта Талдықорғандық команданың көңіл-күйі көтеріңкі. Клубтың аңызы Серікжан Мужиков 11 жылдан кейін туған командасына қайтып оралды. Капитан өткен турда қайтып келгенін керемет голмен атап та өтті. (Атыраудың қақпашысына жалынды сәлем!). Ақтөбе-Талдықорған бағытында бағын іздеген шабуылшы Абылайхан Жұмабек командаға келіп қосылды. Бұл да команда үшін плюс деуге болады. Жетісулық команданың гол салуы қиындау еді. Талдықорғандықтардың биылғы біріншілікте жалғыз доп салған. Абылайхан Жұмабектің келуі осы мәселені шешіп қалар. Жалпы Қазақстан Ұлттық құрамасына шақырту алып жүрген шабуылшымен «Жетісудың» жаттықтырушысы жақсы таныс. Екеуі Қазақстан жастар құрамасында болды. Сондықтан, Қайрат Жұмабекұлы Абылайханмен ортақ тілді тез тауып кетуі тиіс. Жалпы, «Жетісу» үшін маусымның басы жақсы өтіп жатыр. Ең бастысы команданың ішкі климаты дұрыс. Қайрат Нұрдәулетов салыстырмалы түрде «скромный» құраммен тәуір нәтиже көрсетуде. Қатарынан екі турда сәттілікті серік еткен «Жетісу» 5-турда да жанкүйерлерін қуантуды көздейді. Турнирлік кестеде қатар орналасқан «Жетісу» мен «Шахтер» үшін биылғы біріншіліктегі әрбір ұпай өте маңызды. Әсіресе, деңгейлері шамалас қарсыластармен болатын бәсекеде барынша қимылдап қалу керек. Өйткені, «Қайрат», «Астана» секілді фавориттермен күнде жолың бола бермейді. Айта кетейік, қос команда арасындағы кездесу 21-сәуірде болады. Бұл, жетісулық команданың өз алаңындағы алғашқы матчы болмақ. Бұған дейін «Жетісу» өз ойындары Алматыда өткізіп келген.          

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 6
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×