Манастағы "Барселона" академиясының бапкері, Өзбекстандық маман Рафаэль Муслимов қорғаушы Абдукодир Хусановтың ойын стиліне жоғары баға беріп, оның Каталондық футбол философиясына толықтай сай келетінін мәлімдеді. Маманның айтуынша, футболшы жас кезінде Еуропалық академиялардан өтпесе де, қазіргі деңгейі таңғалдырарлық, деп хабарлайды Aladop.kz.
Пеп Гвардиоланың басты көзірі: Өзбекстандық талант несімен ерекшеленді?
Муслимов Хусановтың бойындағы қасиеттер әлемнің ең үздік бапкерлерінің бірі Пеп Гвардиоланың талаптарына мінсіз сәйкес келетінін жеткізді.
“Хусанов каталондық футболға өте қолайлы ойыншы. Оның бойында Гвардиола қорғаушылардан іздейтін барлық қасиет бар: жылдамдық, қуат, агрессия, футболдық интеллект және тез үйренгіштік. Дәл осы себепті ол Пептің сенімді көзіріне айналды. Гвардиола оның мықты тұстарын жақсы түсінеді және оны өзінің тактикалық үлгісінде қалай тиімді пайдалану керек екенін біледі.” — деді Муслимов Eurasia Football басылымына берген сұхбатында.
Бапкердің сөзіне сүйенсек, Хусановтың ерекше жылдамдығы қорғаныс шебін жоғары ұстайтын және өз қақпасының артында бос кеңістік қалдыратын командалар үшін өте маңызды.
“Мұндай тактикада серіктестерін сақтандыру, қарсыласты қуып жету, жекпе-жекке түсу және бос аймақтарды жауып үлгеру үшін жоғары жылдамдық қажет. Хусановта бұл қасиет артығымен жетеді. Ол өзінің жылдамдығын допты тартып алуға, қарсыласқа қысым көрсетуге және шабуылға араласуға шебер қолдана алады." — деп атап өтті маман.
Рафаэль Муслимов Өзбекстандық қорғаушының тек физикалық тұрғыдан емес, интеллектуалды түрде де өте зерек екенін алға тартты.
“Гвардиола үшін де, жалпы “Барселона” клубының ойын жүйесі үшін де қорғаушының алаңды көре білуі өте маңызды. Ол шабуылдың қалай өрбитінін алдын ала болжап, дұрыс позиция таңдап, қысым кезінде сауатты шешім қабылдауы тиіс. Егер Пеп Хусановты ақылды және тез қабылдайтын ойыншы деп санаса, демек, ол Абдукодирді өз тактикасына сай одан ары дамыта алатын талант ретінде көріп отыр. Сондықтан Хусанов Каталония клубының да құрамына еш қиындықсыз сіңісіп кете алар еді.” — деп түйіндеді сөзін академия бапкері.
Біздің серіктес: FONBET