Танымал футбол агенті Дмитрий Селюк Қазақстандық футбол клубтарындағы астыртын ойындар мен трансферлік былықтарды ашық айтты. Оның сөзінше, отандық футболды дамыту емес, тек парақорлық пен тамыр-таныстық мәселесі алдыңғы орынға шыққан.
"Қызылжардан" қашқан талант Дубайды бағындыруда: Бапкерлер ақша үшін көз жұма ма?
Селюктің айтуынша, Қазақстан клубтарында легионерлерді таңдауда футболшының шеберлігі емес, оның қай ұлттан екені маңызды рөл атқарады.
“Өкінішке қарай, Қазақстандық футболда белгілі бір топтардың мүддесін қорғау үрдісі белең алған. Мысалы, Югославтар өз адамдарын, ал латын Америкалықтар өздерінің таныстарын тартады. Оған дәлел — “Қызылжарда” ойнаған Азиз бен Нене. Олар командадағы ең үздік ойыншылар болса да, клуб басшылығы оларға келісімшартты ұзарту туралы ұсыныс та жасамады. Неге? Себебі қазір клубқа келген дәулетті инвестордың ақшасын басқарып отырғандар, сірә, жемқорлықпен күн көріп жүр. Бар болғаны осы.” — деп ашынды агент.
Сондай-ақ, ол Петропавлдық ұжымның бұрынғы бапкері Милич Чурчичтің түсініксіз шешімдерін де сынға алды. Клубта 2007 жылғы жас талант Мишель Као болса да, бапкер оны алаңға мүлдем шығармаған деуге болады.
“Бұл бапкер өте оғаш әрекет етті. Каоны небәрі бір-ақ рет алаңға шығарған шығар. Ал қазір сол Мишель Дубайдың “Аль-Васл” клубында ойнап жүр. Ондағы спорттық директор — әйгілі Эрик Абидаль. Қазір Абидаль да, бүкіл команда да Мишельдің шеберлігіне тәнті болып, таңғалып отыр. Иә, ол жас, бірақ өте мықты футболшы. Бірақ бізде ешкімге жақсы футболшының керегі жоқ, бәрі тек ақша ойлайды. Салдарынан сапасыз легионерлер келеді, команданың ойыны берекесіз болады, сонымен бәрі бітеді.” — деді Селюк.
Нанидің "Ақтөбеге” келуі — күлкілі жағдай ма?
Сонымен қатар, Дмитрий Селюк Португалиялық футболшы Нанидің "Ақтөбеге” ауысун да аяусыз пікір білдірді. Оның ойынша, мұндай трансферлер клуб деңгейін көтеруге емес, тек уақытша дақпырт үшін жасалады.
“Бұл трансфер Англия баспасөзінің назарын бес минутқа ғана аударуы мүмкін. Әрине, клубтың жаңа жетекшісі “Мәссаған, мен туралы Англияда жазып жатыр, бізді таныды” деп мәз болатын шығар. Бірақ бұл күлкілі жағдай, нағыз анекдот. Меніңше, бұл бос әурешілік, оған жұмсалған шығын өзін мүлдем ақтамайды. Мен керісінше, жас әрі алға ұмтылатын, мотивациясы жоғары футболшыларды шақыруды қолдаймын. Ал футболмен қоштасып, 40-қа келіп қалған зейнеткерлерді қайта сүйрелеу — мүлдем дұрыс емес қадам." — деп түйіндеді сөзін футбол агенті.
Біздің серіктес: FONBET