Жарнама
Жарнама

«Қайрат» иесі Қайрат Боранбаевтың бұрынғы мұнай компаниясынан «ҚазМұнайГаз» бас тартты

Бүгін, 17:06

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы бұған дейін кәсіпкер Қайрат Боранбаевқа тиесілі болған Phystech II мұнай компаниясының акционерлер құрамынан шықты, деп хабарлайды Aladop.kz.

Жарнама
Жарнама

Бұл туралы компания KASE сайтында хабарлаған.

Шешім «ҚазМұнайГаздың» акционері «Самұрық-Қазына» қорының 2026 жылғы 25 қыркүйектегі шешімінен кейін қабылданған. Phystech II Маңғыстау облысындағы Солтүстік Қаражанбас кен орнында мұнай барлау және өндірумен айналысады. Компанияның жер қойнауын пайдалану келісімшарты 2006 жылдан бері күшінде.

Компания мемлекетке қалай өтті?

Phystech II бұған дейін Қайрат Боранбаевтың активтерінің қатарында болған. 2023 жылы кәсіпкер қамауға алынғаннан кейін активтерді мемлекетке қайтару процесі аясында компания мемлекет қарамағына өтті. Сол кезде Қаржылық мониторинг агенттігі Phystech II құнын шамамен 35 млрд теңге деп бағалаған. 

Кейін актив Қаржы министрлігінің қарамағына өтіп, 2025 жылдың қаңтарында 8,1 млрд теңгеге «Самұрық-Қазынаға» берілген. 2024 жылы компанияны жекешелендіру әрекеті жасалғанымен, ол жүзеге аспады. Ал 2026 жылы Phystech II «ҚазМұнайГаздың» қарамағына өткен еді. 

Маусым айында «ҚазМұнайГаз» Phystech II компаниясының 100 пайыздық үлесін алғаны хабарланған болатын. Сол кезде компания «Самұрық-Қазынадан» ұлттық мұнай-газ компаниясының құрамына өткен. 

Актив шығынға батқан

Phystech II соңғы уақытта қаржылық қиындықтарға тап болған. 2025 жылдың қорытындысы бойынша компания 10 млрд теңгеден астам шығын көрсеткен. Ал 2026 жылдың басынан бері шығын көлемі тағы 53,7 млн теңгені құраған. 2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша компания активтерінің құны 11,7 млрд теңге деп бағаланған.

Сонымен қатар 2025 жылдың қарашасында Phystech II Солтүстік Қаражанбас кен орнын игеру келісімшартын және оған байланысты активтерді North Karazhanbas Ltd бірлескен кәсіпорнына жарғылық капиталға үлес ретінде берген. 

Осылайша, мемлекетке қайтарылғаннан кейін бірнеше рет иесі өзгерген Phystech II енді «ҚазМұнайГаздың» құрамында қалмайтын болды. 

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров