Грекиялық «Панатинаикос» клубының шабуылшысы Сирил Дессерс алматылық «Қайратқа» қарсы матчтан кейін өз ойын айтып, қазақстандық команданың да қауіпті сәттер жасағанын атап өтті, деп хабарлайды Aladop.kz.
Афинa клубы УЕФА Конференциялар лигасының жалпы кезеңіндегі екінші турда Алматыда 5:1 есебімен жеңіске жетті.
Дессерс ұзақ әуе сапарынан кейін сырт алаңда ойнау оңай болмағанын айтты. Соған қарамастан, команда Алматыға нақты мақсатпен келген және бес гол соғып, жеңіске жеткеніне қуанышты.
«Әрине, мен өте қуаныштымын. Бізді ұзақ сапар күтіп тұрды және Қайратқа қарсы сырт алаңдағы матчтың қиын болатынын жақсы түсіндік. Сондықтан бес гол соғып, жеңіспен қайтып бара жатқанымызға қуаныштымын. Менің ойымша, бұл ойында Қайрат та өзінің мықты тұстарын көрсетті. Олардың бірнеше өте қауіпті сәті болды. Дегенмен бізде матчтан кейінгі көңіл күй керемет», — деді шабуылшы.
Сондай-ақ футболшы команданың ойын кестесі өте тығыз екенін, алыс сапарлардың да оңайға соқпайтынын жеткізді. Алайда оның айтуынша, бұл жағдайлар ақталуға себеп бола алмайды. «Панатинаикос» матчқа жақсы дайындалып, алдына қойған мақсатына қол жеткізген.
Дессерс кездесуде екі гол соққанына да тоқталды. Шабуылшы үшін дубль жасау әрдайым жағымды сезім сыйлайтынын айтқанымен, жеке жетістіктен гөрі команданың жеңісі маңызды екенін атап өтті. Ол осы оң нәтижені алдағы ішкі чемпионат пен еурокубок ойындарында жалғастыруға үміт білдірді.
Бұдан бөлек, Дессерс Қазақстан құрамасының ойыншысы Александр Меркельді жақсы білетінін айтты. Ол сондай-ақ шамамен 15 жыл бұрын Бельгиядағы академия кезеңінде Қазақстандық футболшы Георгий Жуковқа қарсы ойнағанын еске алды.
Шабуылшы Алматыдағы стадион мен футбол атмосферасына жоғары баға берді. Оның сөзінше, қалада ойнау командаға ұнаған, сондықтан болашақта Алматыға саяхатшы ретінде қайта оралуы да мүмкін.
Біздің серіктес: FONBET