Жарнама
Жарнама

ҚПЛ клубтары 31,2 миллиард теңгеден астам мемлекеттік қаржы алды

Бүгін, 16:45

2026 жылы Қазақстан Премьер лигасында өнер көрсеткен футбол клубтары жалпы сомасы 31,236 миллиард теңгенің мемлекеттік тендерлерін жеңіп алған, деп хабарлайды Aladop.kz.

Жарнама
Жарнама

«Дядя Ваня» телеграм арнасының зерттеуінше, биыл Қазақстан футболында айтарлықтай өзгерістер болды. Премьер лигадағы бірқатар клубтар жеке инвесторлардың басқаруына өткенімен, жергілікті бюджеттен бөлінетін қаржы әлі де маңызды рөл атқарып отыр.

Зерттеу барысында облыстық және қалалық әкімдіктердің 2026 жылы футбол клубтарына бағыттаған мемлекеттік сатып алулары есептелген. Нәтижесінде жалпы сома 31,236 миллиард теңгеге жеткен.

Алайда бұл көрсеткішке елордалық «Астана» клубының шығындары енгізілмеген. Себебі команда Sport Qory қоры арқылы қаржыландырылады. Қордың 2026 жылға арналған нақты шығындары келесі жылы жарияланбақ.

Бұған дейінгі есептерге сәйкес, 2021–2025 жылдары «Астанаға» Sport Qory арқылы 29,89 миллиард теңге бөлінген. Оның ішінде 2021 жылы 9,2 миллиард, 2022 жылы 4,8 миллиард, 2023 және 2024 жылдары 5,3 миллиардтан, ал 2025 жылы 5,29 миллиард теңге қарастырылған.

Мемлекеттік қаржы көлемі бойынша клубтар рейтингі:

«Ордабасы» 2,811 млрд ₸

«Елімай» 2,808 млрд ₸

«Тобыл» 2,693 млрд ₸

«Жетісу» 2,613 млрд ₸

«Ақтөбе» 2,477 млрд ₸

«Алтай» 2,446 млрд ₸

«Атырау» 2,400 млрд ₸

«Қызылжар» 2,126 млрд ₸

«Оқжетпес» 2,100 млрд ₸

«Ұлытау» 1,987 млрд ₸

«Қайсар» 1,871 млрд ₸

«Ертіс» 1,655 млрд ₸

«Каспий» 1,500 млрд ₸

«Жеңіс» 999 млн ₸

«Қайрат» 750 млн ₸

«Астана» Есепке енгізілмеген

Тізімде Шымкенттің «Ордабасы» клубы көш бастап тұр. 2026 жылғы Қазақстан чемпионы қала бюджетінен 2,811 миллиард теңге алған. Бұған қоса, клубтың жеке инвесторы Шахмұрат Мүтәліптің инфрақұрылым мен трансферлерге жұмсаған нақты қаражаты әзірге белгісіз.

Екінші орында 2,808 миллиард теңгемен Семейлік «Елімай» орналасқан. Бұған дейін KAZ Minerals компаниясының клубты қаржыландыруға қатысатыны хабарланған.

Үздік үштікті 2,693 миллиард теңгемен қостанайлық «Тобыл» түйіндейді. Қыркүйек айында клуб Olzha Agro агрохолдингінің басқаруына өтті. Жаңа қожайындар команданың жылдық бюджетін 4,5 миллиард теңгеге дейін ұлғайтуды жоспарлап отырғанын мәлімдеген.

Қаржының бір бөлігі балалар мен әйелдер футболына жұмсалады. Мемлекеттік сатып алулар арқылы қарастырылған қаражаттың барлығы негізгі командаларға бағытталмайды. Оның белгілі бір бөлігі футбол академияларына, балалар мен жасөспірімдер командаларына және әйелдер футболына бөлінеді.

Мәселен, «Атырау» клубы 2026–2028 жылдарға арналған жалпы сомасы 7,2 миллиард теңгенің үш тендерін жеңіп алған. Бұл жылына орта есеппен 2,4 миллиард теңгені құрайды.

Қаражаттың бөлінуі мынадай:

Негізгі ерлер командасына – 4,35 миллиард теңге (60,4%);

Балалар футболына – 2,1 миллиард теңге (29,2%);

Әйелдер командасына – 750 миллион теңге (10,4%).

Осылайша, жеке инвесторлардың келуіне қарамастан, мемлекеттік қаржыландыру Қазақстан футболындағы маңызды қолдау тетіктерінің бірі болып қалып отыр.

Айта кетейік, жарияланған сандар клубтардың нақты жұмсаған шығындарын емес, мемлекеттік тендерлер бойынша есептелген қаржы көлемін көрсетеді.

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров