Бүгін, 15 шілде күні сағат 20:00-де, футболсүйер қауым Қазақстан Кубогының алғашқы жартылай финалдық кездесуіне куә болады, деп хабарлайды Aladop.kz.
Шымкенттік "Ордабасы” өз алаңында турнирдің басты сенсациясы — Өскемендік "Алтайды” қабылдайды.
"Ордабасы” биылғы кубок маусымында өзінің жоғары деңгейін көрсетіп келеді. Олар турнирді "Академия Оңтүстікті" 4:2 есебімен жеңуден бастады. Одан кейін 1/8 финалда "Каспийді" 3:0 есебімен ойсырата жеңіп, ширек финалда "Жетісудан” 1:0 есебімен басым түсті.
Команданың басты қаруы — шабуылшы Димитар Георгиев Митков. Ол қазіргі таңда 3 голмен сұрмергендер тізімінде екінші орында тұр (xG көрсеткіші 2.9). Сонымен қатар, қақпашы Қажымұқан Төлепбергеннің сенімді ойынын атап өткен жөн: ол екі матчты қатарынан құрғақ өткізіп, қақпасына гол дарытпады.
Өскемендік "Алтай” биылғы Кубоктың нағыз жаңалығына айналды. Олар жол-жөнекей мықты қарсыластарды қапы қалдырып келеді.
– 1/16 финалда әуесқой "Желаев Нан" командасын жеңді (2:0).
– 1/8 финалда "Ұлытаумен” болған драмалық матчта 4:3 есебімен басым түсті.
– Ширек финалда "Ақтөбені" пенальти сериясында (4:3) жарыс жолынан шығарып, үлкен сенсация жасады.
"Алтайдың" сәтті ойынына жартылай қорғаушы Жаннұр Көкеевтің қосқан үлесі зор. Ол 2 нәтижелі пас беріп, 3 шешуші паспен ассистенттер тізімінде үздіктер қатарында.
Статистикаға сүйенсек, биылғы Кубок матчтары өте нәтижелі өтуде — әр ойында орта есеппен 3.37 гол соғылады. "Ордабасы” айқын фаворит саналғанымен, "Ақтөбені” қапы қалдырған "Алтайдың" мінез көрсететіні анық.
Бұл екі команда арасындағы қарымта кездесу 19 тамызда Өскеменде өтетінін ескерсек, бүгінгі матчта "Ордабасы" өз алаңында барынша сенімді есеппен жеңіске жетуге тырысады. Ал "Алтай” үшін сырт алаңда гол соғып, қарымта матч алдында жақсы нәтиже тіркеу маңызды.
Жанкүйерлерді тартысты әрі голға толы кеш күтіп тұрғаны анық. Кімнің финалға бір табан жақындайтынын бүгін кешке білетін боламыз.
Біздің серіктес: FONBET