Тараз қаласындағы Орталық стадион алдағы жылдары ауқымды жаңғыртудан өтеді. Жоба аясында спорт нысаны УЕФА талаптарына сәйкестендіріліп, заманауи материалдық-техникалық базамен жабдықталады. Сондай-ақ өңірде жаңа орталық стадион салу жоспары да қарастырылып, бұл бастамалар Жамбыл облысында футбол инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеруге бағытталмақ, деп хабарлайды Aladop.kz.
"Бүгін «Тараз» орталық стадионының қазіргі жай-күйімен танысып, алдағы кезеңде жүзеге асырылатын жаңғырту жұмыстары бойынша жобалаушы ұйым өкілдерімен кездестім.
Қазіргі таңда стадионның футбол алаңы УЕФА талаптарына толық сәйкес келмейді. Осыған байланысты нысанды қайта жаңғырту – уақыт күттірмейтін міндеттердің бірі болып отыр.
Биыл стадионды қайта жаңғыртуға арналған жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеп, мемлекеттік сараптамадан өткізу жоспарлануда. Ал құрылыс-монтаж жұмыстары 2027–2028 жылдары жүзеге асырылады деп күтілуде.
Осы орайда жауапты басқармалар мен жобалаушы ұйымға стадионды УЕФА талаптарына сай етіп қайта жаңғыртудан өткізу, материалдық-техникалық базасын замануи құрал-жабдықтармен жабдықтау, жобалау және құрылыс жұмыстарын сапалы әрі белгіленген мерзімде орындауды қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Өңірде жаңа орталық стадион салу жобасы 2026–2030 жылдарға арналған облыстың даму жоспарына енгізілген. Жобаны іске асыру 2029–2030 жылдарға жоспарланып отыр.
Заманауи талаптарға сай келетін спорт нысанының өңірдегі бұқаралық спортты дамытуға, кәсіби спортшылардың дайындық деңгейін арттыруға және халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндігі бар. Сол үшін де бұл жұмыстар қатаң бақылауда болады.” – деп мәлімдеді Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемов.
Біздің серіктес: FONBET