Қазақстан құрамасының қорғаушысы Сергей Малый Фарер аралдарына қарсы Ұлттар лигасының төртінші турындағы 2:2 есебімен аяқталған матчтан кейін пікір білдірді, деп хабарлайды Aladop.kz.
Ойын футболшы үшін ерекше болды — ол Ұлттық құрама сапындағы 77-матчын өткізіп, Қазақстан құрамасындағы матч саны бойынша жеке рекордын жаңартты.
Малый үшін 77-ойындық көрсеткішке жету үлкен мәртебе екенін атап өтті. Ол осы уақыт ішінде өзіне сенім білдірген бапкерлерге алғысын айтып, Ұлттық құрамаға әлі де пайдасын тигізуге тырысатынын жеткізді.
«77 матчқа жеткеніме қуаныштымын. Бұл — мен үшін үлкен мәртебе. Әрі қарай да мүмкіндігім болғанша Қазақстанға, елімізге пайдамды тигізуге тырысамын», — деді қорғаушы.
Кездесудің екінші жартысында Қазақстан құрамасы шабуылды күшейтіп, айып алаңына жоғары доптарды көбірек бағыттады. Малый да осы тактиканың бір бөлігі болды. Қорғаушы дәл осындай шабуылдардың бірінде гол соғып, есепті теңестіруге үлес қосты.
Алайда матч соңына қарай Малый алаңнан қуылды. Оның айтуынша, бұл әдейі жасалған әрекет емес, абайсызда болған фол.
«Егер мені алаңнан қуып жібермегенде, қарсыласты жеңіп кетуіміз мүмкін еді. Бірақ ол абайсызда жасалған фол болды. Қарсыласқа әдейі жарақат салатын ойым болған жоқ», — деді ол.
Малый Қазақстан құрамасының ойынындағы басты мәселелердің бірі — футболшылардың нәтижеге шамадан тыс алаңдауы екенін атап өтті. Оның пікірінше, ойыншылар жеңіс үшін тым қатты уайымдап, соның салдарынан алаңда еркін әрекет ете алмай жүр.
«Ештеңе жоғалтатын жағдай қалмаған кезде біз жай ғана ойнай бастадық, еркіндік пайда болды. Сол кезде қысым жасап, жақсы футбол көрсете алдық», — деді қорғаушы.
Сонымен қатар Малый үш қорғаушымен ойнаған тактикалық сызбаға оң бағасын берді. Оның сөзінше, бұл жүйе команданың допты бақылауына және шабуылда көбірек футболшының алға шығуына мүмкіндік берген.
«Менің ойымша, бұл схема бізге келеді. Үш қорғаушыға қайта оралдық, доп арқылы бақылауымыз артты. Кей сәттерде бұл қуантты. Осы бағытта жұмыс істеу керек деп ойлаймын», — деді Қазақстан құрамасының қорғаушысы.
Қазақстан құрамасы төрт турдан кейін екі ұпай жинап отыр. Ұлттық команда Ұлттар лигасындағы келесі кездесуін 13 қарашада Молдовамен сырт алаңда өткізеді, ал 15 қарашада өз алаңында Словакияны қабылдайды.
Біздің серіктес: FONBET