10 000 доллар әзірбайжандарға бұйырды

05.05.2011, 17:06
10 000 доллар әзірбайжандарға бұйырды
Футболдан 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында «Қазақстан Республикасының Президенті кубогы» додасы аяқталды. Төртінші рет өткен дәстүрлі халық­ара­лық турнирде бас бәйгені Әзірбайжан жет­кіншектері иемденді. Олар «А» тобын­да қарсыластарының бәрін жеңіп, финал­да «В» тобында бірінші орын алған Украина ұландарымен кездесті. Ақтық ойын­да екі елдің бозбалалары да гол со­ға алмай, жеңімпаз пенальти арқылы анық­талды. Пенальти соғуда Әзірбайжан жеткіншектерінің бақтары жанып, бас бәйгеге тігілген 10 000 АҚШ долларын жан қалталарына басты. Украина ұлан­да­ры­на 6 мың доллар бұйырды. Үшінші орын үшін өткен матчта «А» то­бында екінші орын алған Қазақстан жет­кіншектері «В» тобында тура осындай орынға ие болған Түркия тарландарымен кездесіп, 2:3 есебімен ұтылып қалды. Тү­ріктер үшінші жүлдеге тиесілі 4 мың дол­лар­ға қол жеткізді. Біздің бозбалаларымыз төртінші орынды қанағат тұтты. Грузия жеткіншектері Иранды 3:2 есебімен же­ңіп, бесінші орын алса, Армения бозбала­лары Өзбекстан өрендерін 2:0 есебімен тізе бүктіріп, жетінші орынға орналасты. Қазақстан қақпашысы Михаил Голубничий турнирдің ең үздік голкипері атанса, Игорь Харатин (Украина) үздік қорғаушы болып танылды. Ал Серхат Чакмак (Турция) «үздік жартылай қорғаушы», Дмытро Билоног (Украина) «үздік шабуылшы» номинацияларында үздік шықты. Голды көп соққан Руслан Насирли (Әзірбайжан) «турнирдің сұрмергені» жүлдесіне ие болса, Николос Ахвледиани (Грузия) биылғы доданың «ең үздік ойыншысы» атанды. Өзіміз биылғы Елбасы кубогын бастан-аяқ көре алмаған соң, Қазақстан футбол федерациясының қоғаммен қатынас және маркетинг жөніндегі департаментінің директоры Измаил Бзаровқа осы турнирді қорытындылап беруді өтінген едік. – Бес күн бойы сегіз елдің жас талант­тары бір-бірімен достасып, жасыл алаң­да қарсылас та болды. Қазақстан жет­кін­шектерінің өнерлеріне баға берер бол­сақ, Оливер пельцердің шәкірттері ла­йықты деңгейде өнер көрсете білді. Қо­рытынды есептегі төртінші орын тым жаман көрсеткіш емес. Ең бастысы, біздің жет­кіншектер Әзірбайжан және Түркия сияқ­ты азулы командалармен кездесіп, ысыл­ды. Қақпашымыз (Павлодардың «Ер­­тісінің» голкипері) турнирдің «ең үздік қақ­­пашысы» болып танылды. Ал біздің құ­раманың ойынын үйлестіруші Иван Антипов («Ақжайық», Орал) ең үздік жартылай қорғаушы номинациясында үміткерлердің бірі болды. Елбасы кубогы Қазақстан жеткіншектері үшін 2012 жылғы Еуропа чемпионатының електік додасына дайындалудың бір сынағы болды. Оливе Пельцердің өзі «команда ойымыздағының бәрін жүзеге асыра алды, осы додадағы өнерімізге де, ал­ған орнымызға да көңіліміз толады» де­ді. Ең соңғы баспасөз маслихатында бә­рінен де Әзірбайжан құрамасының аға жат­тықтырушысы Табриз Хасановтың айт­қан сөздері адам тебіренерліктей бол­­ды. Ол «бірінші кезекте сіздердің Пре­зи­денттеріңізге алғыс жолдағым келеді. Бұл турнир елбасыларыңыздың аты­­мен ата­лады. Біз әрі сіздерде спортқа қа­лай ай­рықша көңіл бөлінетіндігін бі­леміз. Тур­­нирдің ұйымдастырылу деңгейіне әлі сүйсінудеміз. Бәрі де тамаша болды. Турнирдің ашылуына – 11 мың, ал жа­бы­луына 7 мың жанкүйер келді. Біз сәу­ле­ті тамаша стадионда жеңіске жеттік. Та­ту­лығы сүттей ұйыған елде қол жеткізген же­ңісіміз ешқашан ұмытылмайды. Біздің та­рихымызда мәңгілікке қалады. Құдды кіші әлем чемпионатын жеңіп алғандай күйдеміз» деп толқыды. Сырттан келген қонақтың сөздері бәріне баға бола алады деп ойлаймын, – деді Қазақстан футбол федерациясының өкілі. Автор: Нұрғазы сасаев
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×