
Ұлттық құраманың ойындарына байланысты ерте өткен тур көрермендерге нағыз шоу сыйлай білді.
30 мамыр
«Елімай» (Семей) – «Астана» – 0:2 (0:1)
Голдар: Кәрімов, 32 (0:1). Камара, 54 (0:2)
Көрермен саны: 8 500
Семейліктер өткен маусымда өз стадиондарын алынбайтын қамалдай қылып, бар мықтыларды жеңіп еді. Тек «Астана» клубына шамасына жетпеген. Биыл осы сәтсіздікті қайтару мақсатында алаң иелері алғашқы минуттан ентелей алға ұмтылып еді. Бірақ 90 минут бойы олар 1 ғана тура соққы жасай алды. Шеберліктің аты шеберлік. Елордалықтардың қанша қаржылық жағдайы қиын дегендей ақпарат тараса да, Семейде айтарлықтай қиындыққа тап болмады. «Астана» осы жеңістің арқасында турнир кестесінде 1-орынға көтерілді.
«Жеңіс» (Астана) – «Ордабасы» (Шымкент) – 2:2 (2:0)
Голдар: Ануарбеков, 3 (1:0). Әділ, 38 (2:0). Малый, 74 (2:1). Венизелу, 90-автогол (2:2)
Алаңнан қуылды: Жақсыбаев, 62 («Ордабасы»); Совет, 67 («Жеңіс»)
Көрермен саны: 2 500
«Жеңіс» клубының күнтізбесі өте ауыр болды. Қазақстан чемпионатының барлық дерлік фавориттерімен ойнап шықты. Кезекті рет алаң иелері қарсыластың атынан үрікпей, жалынды қарсылық көрсете білді. Маусым барысында әлі жеңістің дәмін татпаған ұжым соңғы минутқа дейін таблода алда тұрды. Бірақ өткен турдағы масқарадан кейін, «Ордабасы» ақтық ысқырық шалынғанша, барын салды. Тіпті ойыннан кейін Сергей Малый жариялы түрде бас төрешіге өз наразылығын білдірді.
«Тобыл» (Қостанай) – «Атырау» - 5:0 (3:0)
Голдар: Зуев, 14 (1:0). Чесноков, 16 (2:0). Эль Мессауди, 42 (3:0). Асранкулов, 78 (4:0) Жұмашев, 85 (5:0).
Алаңнан қуылды: Гадрани, 23 («Атырау»)
Көрермен саны: 4 500
Құрамы жағынан мықты ұжымдардың бірі – «Тобыл» өз алаңында еш қиналмады. 2 бас бапкерін ауыстырып үлгерген «Атырауды» тас-талқан қылды. 3 жеңіс сериясымен келген қостанайлықтар осы жолы да мүмкіндіктерін қалт жібермеді. Өткен маусымда чемпиондыққа үміткер «Тобыл» дәл осы мүмкіндіктерін қолданбағанның арқасында еурокубоктың жолдамасынан қағылып еді. Биылдыққа олардың қарқыны жақсы. Алайда жазда клубтың көшбасшысы Ислам Чесноков кетіп жатса, қалай болар екен?
«Ақтөбе» – «Қайрат» (Алматы) – 1:2 (0:0)
Голдар: Байдәулетов, 54 (1:0). Мартынович, 74 (1:1). Сәтпаев, 87 (1:2)
Алаңнан қуылды: Громыко, 70 («Қайрат»); Умаев, 90+8 («Ақтөбе»)
Көрермен саны: 12 400
Матчтың болдысынан боладысы қызық демекші, кездесуге бірнеше күн қалғанда билеттердің 44 минутта сатылып кеткені жайлы ақпарат желдей есті. Ойын да толық үмітті ақтады. «Қобыланды батыр» стадионы «Қайратқа» ыңғайсыз саналса да, осы жолы жеңіс үшін аянып қалмады. Бірақ есепті алаң иелері ашты. Былтыр Бірінші лигада доп тепкен Аян Байдәулетов екінші таймның басында «Ақтөбені» алға шығарған. Артынша қонақтар сапынан Валерий Громыко қуылған еді. Бірақ ойыншының аздығы керісінше «Қайратты» алға жетеледі. Алдымен Александр Мартынович бұрыштаманы сәтті пайдаланса, ойын соңында Дастан Сәтпаевтың шиыра тепкен добына қақпашы тосқауыл бола алмады. Есеп: 1:2.
Бір қызығы, 22 ақпан күні Астанада өткен Қазақстан Суперкубогында да «Қайрат» 10 ойыншымен қарсыласынан басым түскен еді.
31 мамыр
«Ұлытау» (Жезқазған) – «Тұран» (Түркістан) – 2:1 (0:1)
Голдар: Дорофеев, 21 (0:1). Таубай, 60 (1:1). Абылайхан, 73 (2:1)
Көрермен саны: 2 500
Білікті бапкер, мықты ойыншылары болса да, «Тұран» әлі тұрақты жолына түсе алмай жүр. Ел чемпионатының аутсайдерлеріне қарсы кезекті рет білгендерінен жаңылды. Бірінші таймда түркістандықтардың голынан кейін, қонақтар асықпай, жеңісті есепті сақтап қалатындай көрінген. Бірақ Азовскийдің шәкірттер Шымкенттегі сенсациясынан кейін, соңғы минутқа дейін үміттерін үзбеді. 60-минутта Абзал Таубай тараз басын теңестірсе, 73-минутта былтырғы «Жетісайдың» сұрмергені Рамазан Абылайхан жеңіс әперді. Осылайша, олар өз алаңында 28 жылдан кейін Премьер-лигадағы жеңістерін тойлады.
«Оқжетпес» (Көкшетау) – «Қызылжар» (Петропавл) – 3:2 (1:0)
Голдар: Жұмат, 10-пенальтиден (1:0). Жаңғылышбай, 55 (1:1). Йованович, 73 (2:1). Марат, 89 (3:1). Горшунов, 90+1 (3:2)
Алаңнан қуылғандар: Валгушев, 36 («Қызылжар»). Дарабаев, 38 («Оқжетпес»)
Көрермен саны: 2 800
Турдың орталық матчы саналмаса да, жеңіліссіз келе жатқан ұжымдар тартысты ойынды сыйлай білді. Ойын алдында көпшілік «Қызылжардың» көп гол соқпайтындығын әрі көп гол жібермейтіндігін ескеріп, гол аз болады деп топшылап еді. Бірақ барлығы керісінше болды. Көкшетау төріне жиналған жанкүйерлер 5 голға қарық болды. Әсіресе, Дамир Мараттың 89-минуттағы голы әдемі болды. Бұл жеңістің арқасында «Оқжетпес» ТОП-5-ке кірді. Трансферлік терезенің де жақындап қалғанын ескерсек, көкшетаулық көшбасшылар маусым соңына дейін қала ала ма екен?
«Қайсар» (Қызылорда) – «Жетісу» (Талдықорған) – 2:2 (0:0)
Голдар: Жалмұқан, 57 (1:0). Шмидт, 67 (1:1). Ковель, 88 (1:2). Мырзағалиев, 90+7 (2:2)
Көрермен саны: 3 500
Қызылорда стадионындағы ойынның тағдыры соңғы минутқа дейін белгісіз болды. Алма-кезек шабуылдармен өткен матчта 4 гол соғылды. «Жетісу» клубының осы стадионда сәтті ойнайтынын ескерсек, олар екінші тур қатарынан жеңіске жақын болды. Бірақ өткен маусымда соңғы секундта көп гол соғып көрермендердің есінде қалған «Қайсар» кезекті рет жеңілістен аман қалды. Есеп: 2:2.
Біздің серіктес: FONBET