15-тур. "Шахтердің" екі айдан кейінгі жеңісі

08.06.2015, 09:31
15-тур. "Шахтердің" екі айдан кейінгі жеңісі

димитрКерекулік «Ертіс» жаңа бапкердің қол астында алғашқы жеңіске қол жеткізді. Болгариялық бапкер Димитр Димитров командаға көп өзгеріс енгізе қоймаса да, алаң иелері талдықорғандық «Жетісудан» басым түсті. Матч басталысымен шабуылға лап қойған «Ертіс» кездесудің 10-минутында есеп ашты. Сол қапталдан көтерілген пасқа бірінші болып жеткен шабуылшы Константин Дудченко баспен әдемі соққы бағыттап, «Жетісу» қақпашысын қапыда қалдырды. Бұл жерде орталық қорғаушылардың ресейлік шабуылшыға шамалары жетпей қалғанын айта кетуіміз керек.

Ұзын бойлы шабуылшы екінші қабаттағы доптарға тамаша ұмтылатынын тағы бір дәлелдеді. Одан кейін де алаң иелері көптеген шабуылдар жасады. Көбінесе, стандарттық жағдайларға сенім артты. Самат Смақовтың орындауындағы бұрыштама доптары да қауіпті болды. Бірақ, алаң иелері есепті еселеуге шамалары жетпеді. «Жетісу» болса алыстан жойқын соққылар бағыттап, таблодағы көрсеткішті теңестіруге тырысты. Марко Деспотович пен Бауыржан Тұрысбектің бір – екі гол соғатын мүмкіндіктері болды. Бірақ, олардың соққылары көбінесе Давид Лория қорғаған қақпадан қиыс кетіп жатты. Қалған минуттарда есеп өзгермей, матч керекуліктердің пайдасына шешілді. Есеп 1-0. Осы ойыннан кейін «Ертіс» 15 ұпай жинап, турнирлік кестенің 9-сатысына көтерілді. Көкшетау Көкшетаулық «Оқжетпес» жергілікті жанкүйерлерінің алдында жеңіліс тапты. Соңғы кездері күш алған «Қайрат» әр тур сайын ұпайға жармасуда. Бұл жолы да матч тағдырын Жерар Гоу шешті. Соңғы екі турда котдиуарлық шабуылшы 5-гол соғып үлгерді. Бұл матчта ол кезекті хет-тригін тіркеді. Ал матчтың алғашқы голын алаң иелері соққан болатын. Кездесудің 23-минутында Лука Роткович қақпашы мен қорғаушының түсінбеушілігін дәл пайдаланып, бос қақпаға гол соқты. Араға бес минут салып, Жерар Гоу өзінің тікелей жұмысы, гол соғуға кірісті. Бұрыштама кезінде, ол шапшаңдық көрсетіп, есепті теңестірді. Бірінші тайм аяқталар тұста Гоу тағы бір бұрыштама кезінде баспен екінші голын соғып, «Қайратты» алға жетеледі. Екінші таймда алматылықтар тағы бір тамаша шабуыл ұйымдастырып, Жерар Гоу хет-триктің авторы атанды. Есеп 1:3 Қайраттың жеңісі. ҚАРАҒАНДЫ Қаржылық дағдарыс пен түрлі қиындықтарды бастан өткеріп жүрген қарағандылық «Шахтер» ұзақ уақыттан бергі жеңісіне қол жеткізді. Жеңіс дейсіздер, тіпті голдың өзі де кеншілер үшін кәдімгідей қуаныш болар еді. Өйткені, олар соңғы рет 20 сәуір күні «Ертіс» қақпасына гол соққан болатын. Одан бері жеңілістен көз ашпай келе жатқан «Шахтер» осы турда бағы жанып, қаралы серияны үзді. Ойын басталысымен қарағандылықтар шабуылға иек артты. Михрет Топчагичтің бірнеше гол соғатын мүмкіндігі болды. Одан кейін айып алаңында Ян Вошаглик қайшылай соққы жасаған болатын. Бірақ, «Тобыл» қорғанысы еш сыр бермей тұрды. Одан кейін де кеншілер қақпа маңынан керемет жойқын соққы бағыттаған. Бірақ, әдеттегідей дәлдік жетіспеді. Екінші таймның бел ортасында қостанайлықтар да қарымта шабуыл ұйымдастырып, гол соғудың аз-ақ алдында қалды. Недошковскийдің асырған пасын «Тобыл» ойыншысынан бұрын қақпашы Заруцкий бірінші болып қағып алды. Кездесудің бас төрешісі павлодарлық Виктор Антонов ойынның негізгі уақытына 4-минут уақыт қосқан болатын. Сол қосымша минуттың бірінде Қуаныш Ермеков Топчагич берген пасты голға айналдырды. Бұл ойын биылғы маусымдағы «Шахтердің» екінші жеңісі еді. Тараз Тараз қаласында оңтүстіктің дербиі өтті. «Тараз» бен «Ордабасы» арасындағы ойын Кездесудің небәрі 5 – минутында қонақтар есеп ашты. Бұрыштамадан көтерілген пас, ашық қалған Еркебұлан Тұңғышбаевқа келді. Қазақстан жастар құрамасының ойыншысы еш ойланбастан допты қақпаға бағыттай салды. Одан кейін әулиеаталықтар алға шығып, есепті теңестіруге тырысты. Биылғы маусымда әжептеуір мергендік көрсетіп жүрген украиналық шабуылшы Александр Пищур бұл матчта өзіне берілген мүмкіндіктерді пайдалана алмады. Соңғы ойындарда, жалпы Тараздың жолы болар емес. Көбінесе, матчтың соңғы минуттарында гол жіберіп алып жүр. Бірінші таймда жергілікті аяқдопшылар стандарттық жағдаймен жауап қатқысы келді. Айып добын орындаған Санат Жұмахановқа сәл ғана дәлдік жетіспеді. Айта кетуіміз керек ауа-райы осы күні Таразда 37 градус ыстық болды. Соған байланысты төреші ойынды аракідік тоқтатып тұрды. Екінші таймда «Тараз» тағы да арынын баспай, алға шыға берді. Ойынды трибунадан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Юрий Красножан да тамашалағанын айта кетуіміз керек. Құрама команда сапында өнер көрсететін «Тараз» ойыншылары есепті теңестіру үшін қолдан келгеннің барлығын жасады. Ильия Воротников, Тимур Досмағамбетов, Санат Жұмаханов, Жақып Қожамберді, Альмир Мухитдинов секілді «Тараздың» бірқатар ойыншысы еліміздің бас командасына шақырту алып жүр. Дәл осы аталған футболшылар ойын соңына қарай «Ордабасы» қақпасын торуылға алды. Көптеген стандарттық жағдайлар еш нәтижесін бермей, Андрей Сидельников қақпасына гол жібермеді.   Ақтөбе Турдың негізгі матчы Ақтөбеде өтті. Қобыланды батыр атындағы орталық стадион әлі де болса жөндеу жұмыстарын бастан өткеріп жатқандықтан матч қосалқы стадионда өтті. Ойынның алғашқы ширегінде Андерсон Сантана айып добын орындаған. Бірақ қақпадан қиыс кетті. Ал кездесудің 36-минутында Фокси Кетевоама қапталдан айып алаңында тұрған Георгий Жуковке керемет пас шығарды. Ұлттық құраманың жартылай қорғаушысы ұрымтал сәтті керегінше пайдалана алмады. Екінші таймда «Астана» жартылай қорғаушысы Патрик Твумаси қақпашыға ыңғайсыз соққы жасады, Покатиловтан қайтқан допты Кетевоама бос қақпаға тоғыта салған. Бірақ, орталық африка құрамасының ойыншысы ойыннан тыс қалыпты. Абат Айымбетовтың орнына шыққан Дидар Жалмұқан айып алаңына жақсы пас шығарған, әуедегі допты тоқтатпастан, қақпаға соққы бағыттаған Данилоның мүмкіндігін Ненад Эрич жоққа шығарды. Ал кездесу соңында қос команда футболшылары жаға жыртысып, матчтың берекесін кетірді. Кездесу төрешісі Денис Измайлов Ақтөбе қорғаушысы Андерсон Сантананы алаңнан қуды. Енді бразилиялық футболшы келесі ойынға қатыса алмайды. Атырау Атырауда қала аттас команда қызылордалық «Қайсарды» қабылдады. Әріптесінен тамаша пас алған Иван Иванович қақпаға жақындай түсіп, дәл соққы бағыттады. Черногориялық легионер «Мұнайшы» стадионына келген жанкүйерлерді бір қуантты. Бірінші тайм аяқталар тұста қызылордалықтар нәтижелі шабуыл ұйымдастырды. Владислав Нехтидің пасын қайшылап тепкісі келген «Қайсар» ойыншысының добын тосып алған Ян Вораговский Нәрзіқұлов қақпасына дәл бағыттады. Бірінші тайм тең аяқталды. Кездесудің екінші жартысында мұнайшылар қайтадан алға шықты. Ги Стефан Эссаме көтерген допты Антон Григорьев әуелете баспен соқты. Алға шығыңқырап кеткен Рамиль Нұрмұхамедов қақпасына екінші голды жіберіп алды. Ендігі кезек «Қайсар» ойыншыларына келгендей еді. Сергей Струков аяғын барынша созып қиыс кетіп бара жатқан допты қақпа бағыттаған болатын. Дегенмен, тәжірибиелі шабуылшының соққысы қақпа бағанынан кері серпілді. Одан кейінгі Огай шәкірттерінің соққыларын қақпашы Жасұр Нәрзіқұлов қайтарып жатты. Қорытынды есеп 2-1, «Атыраудың» кезекті жеңісі. nf,
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×