195 футболшының 55-і қазақ

08.06.2011, 16:16
195 футболшының 55-і қазақ
Қазақстан – Әзірбайжан ойыны талқылауға құмар футболсүйер қауым үшін әлі біраз күн азық болары анық. Әртүрлі тақырыптарды талқыдан өткізген жанкүйерлердің назарынан ұлттық құрамадағы үш-төрт қазақтың ойыны да шет қалмауға тиіс. Осы орайда біз де өз үлесімізді қосып, ел тарихында бұрын-соңды бас командамыздың жейдесін киген қазақтар туралы әңгіме өрбітсек дейміз. Жалпы, еліміз Тәуелсіздік алған кезеңнен бері санасақ, ұлттық құрамамызды 11 жаттықтырушы жаттықтырып, бас командамыздың жейдесін 195 футболшы киген екен. Соның 55-і – өзіміздің қаракөздеріміз. Оның ішінде екеуі – қақпашы, 19-ы – қорғаушы, 14-і – жартылай қорғаушы және 18-і – шабуылшылар. Ал енді ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен қаракөздерімізді қапталдары бойынша бөліп көрсек. Көптен ерек қос қақпашы Шыны керек, қазақ футболында қаракөз қақпашыларымыз көп болмаған. Ал Құралбек Ордабаевтың ізін басып, командасының маңдайалдысы болғандары некен-саяқ. Соңғы кездері есімдері сирек болса да, әйтеуір, аталып жүрген қандас қақпашыларымызды бір қолдың саусақтарымен-ақ санап шығуға болады. Мәселен, «Таразда» Мұрат Мұқашев бар. «Қайсарда» Ахмет Алайдаров пен Арыслан Сатыпалдин, «Ордабасыда» Самат Отарбаев, «Атырауда» Нұрболат Қалменов. Болды, есімізге басқа ешкім түспейді. Оның үстіне, алғашқы екеуінен басқалары командаларында негізгі рөлді атқармайды. Ал ұлттық құрамамыздың жейдесін киген қос қақпашымыз – Нұрлан Әбуов пен Нәкен Қырықбаев. 2000 жылдың сәуірінде Пәкістанға қарсы ойында бас командамыздың қақпасын бір мәрте қорғаған Әбуов бұдан кейін мұндай мүмкіндікке ие болмапты. Ал сол жылы ұлттық құрама сапында екі мәрте алаңға шыққан Нәкен Қырықбаев екі ойында қақпасына бес гол жіберген. Есмұратов бастаған қорғаушылар Қазақ футболшыларының ішінде ұлттық құрама жейдесін ең алғаш киген қорғаушымыз – Мұрат Есмұратов. Есмұратов 1992 жылдың 5 қазанында ұлттық құрамамыздың тұсаукесер ойынында жігіттерді Қырғызстанға қарсы бастап шыққан. Қатарынан үш ойында капитандық қызметті атқарып, бұл міндетті командаласы Асқар Қожабергеновке тапсырды. Бұлардан бөлек, осы уақытқа дейін Қазақстан құрамасының қорғанысын 19 қазақ күзетіпті. Олардың біразы Есмұратов пен Қожабергеновтен қалыспай, капитандық міндетті атқарды. Ал Самат Смақов болса 58 ойынымен ұлттық құрама сапында ең көп өнер көрсеткен қазақстандық қорғаушылардың тізімін бастап тұр. Бұл тізімге Мұхтаровты да қосуға болады. Алаң ортасының аламандары Осы уақытқа дейін ұлттық құрама намысын барлығы 65 жартылай қорғаушы қорғапты. Оның 14-і – қазақ футболшылары. Әрине, көп емес. Бірақ сол 14 футболшының өздері қалған 51 футболшыға татитындай көрінеді. Мәселен, өз кезеңінде үздіктердің қатарынан орын алған Асхат Қадырқұлов, командамыздың капитаны болған Нұрбол Жұмасқалиев, Сербия қақпасына алғашқы голды соққан Қайрат Әшірбеков, пасты әуелете берудің төресі Диас Камелов, жерлете пас ойнаудың қас шебері Азамат Ниязымбетов, бүгінде «Ертісті» түлетіп жүрген Талғат Байсуфинов, Эшли Коулдың түсіне жүз кірген Жамбыл Көкеев, оң қапталда ойнақ салатын Ұлан Қонысбаев бәрі де бас командамыз үшін жанын беріп ойнады. Ұлан мен Жамбылдар бұдан әрі де қарсыластарымыздың қамалын жүз теседі деген ойдамыз. 18 шабуылшыға – 15 гол Иә, осы уақытқа дейін ұлттық құрама сапында 18 қазақ шабуылшысы өнер көрсеткен болса, сол 18 шабуылшы жабылып жүріп 15 голды әзер соғыпты. Соның 9-ы – Азия футбол қауымдастығы құрамында ойнаған кезіміздегі голдар. Дегенмен шабуылшыларымыздың көрсеткішінің тым төмендігі үшін жаппай барлығына шағымданғанымыз дұрыс болмас. Мәселен, Болат Есмағамбетов жеті ойында 3 гол соққан. Таңат Нөсербаев та жеті ойында 1-ақ гол соқса да, қарсылас қорғаушылардың есінде біразға дейін сақталып қалды. Нүркен Мазбаевты да өз кезеңінің қарсыластары жақсы біледі. Қазақты тартқан бапкерлер Қазақстан ұлттық құрамасын жаттықтырған 11 жаттықтырушының ішінде бас командаға қаракөздерімізді көптеп тартқан бас бапкер Серік Бердалин болыпты. 1995-97 жылдар аралығында ұлттық құраманы алаңға 20 мәрте бастап шыққан Бердалин осы ойындарда 18 қазақ футболшысына өз өнерлерін көрсетуге мүмкіндік беріпті. Сондай-ақ Арно Пайперс те өзі жаттықтырған кезеңде 18 қаракөзімізге үміт артқан. Дегенмен Арноның басқаларға қарағанда бас командамызды екі-үш, тіпті төрт есе көп уақыт жаттықтырғанын айта кеткеніміз жөн. Ал ұлттық құрама сапына қазақ футболшыларын аз шақырған бапкер ретінде Владимир Фомичевтің есімі аталады. 2000 жылы ұлттық құрамамызды бір ғана матчқа бастап шыққан Фомичев алаңға шығуға тек Ерлан Оразаев, Ерлан Елеусінов және Самат Смақовқа ғана мүмкіндік беріпті. Ұлттық құрама жейдесін ең көп киген қазақ футболшылары: 1. Самат Смақов – 58 ойын 1 гол, 2. Нұрбол Жұмасқалиев – 54 (6), 3. Фархадбек Ырысметов – 35, 4. Асхат Қадырқұлов – 24(4), 5. Жамбыл Көкеев 21(1), 6. Мұрат Сүймағамбетов – 19(3), 7. Нұрмат Мырзабаев – 16(1), 8. Қайрат Нұрдәулетов – 16(1), 9. Азамат Ниязымбетов – 16, 10. Қайрат Әшірбеков – 15(2)
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Алдыңғы жаңалық
Еурожаңалықтар
Aladop Youtube
×