2020 жылдың үздік трансферлері

Ернар Ламқадыров
Бас редактор
10.01.2021, 22:15
Бұл трансферлердің кейбіріне ақша төлеудің қажеті де болмады.
2020 жылдың үздік трансферлері

Өткен жылды қорытындылайтын кезде, осы 12 айдағы ең үздік трансферлер туралы айтпай кетуге болмайды. Бүгін өткен жылда орын алған үздік 10 трансфер туралы айтатын боламыз.

10. Анте Ребич, "Айнтрахт" - "Милан" (5 миллион еуро)


"Айнтрахт" Ребичті өткен маусымда "Миланға" жалға берді. Хорватиялық ойыншы барлық жарыстарда 12 гол соғып, клубтағы үздік ойыншылардың бірі болды. Ал қыркүйек айында "Милан" Ребичті 5 миллион еуроға сатып алды. Бірақ Transfermarkt ойыншыны 32 миллион еуроға бағалады. Бұл төмен баға "Милан" мен "Айнтрахттың" ойыншы айырбастауына байланысты болды: Ребич Италияға ауысты, ал "Милан" шабуылшысы Андре Силва кері бағытта неміс клубына ауысты. Биылғы маусымда хорватиялық футболшы 13 кездесу өткізіп, 1 гол соқты, 6 нәтижелі пас берді.

9. Мойзе Кин, "Эвертон" - "ПСЖ" (жалдау шарты бойынша).


"Ювентуста" өте жақсы маусым өткізген италиялық шабуылшы "Эвертонда" ойнай алмады. Англияда өткізген бір жыл ішінде ол 37 ойынға қатысып, 4 гол соқты. Жас шабуылшының мансабы тоқтап қалғандай болды, бірақ уақыт өте келе ол ПСЖ-ға ауысты. Онда Мойзе бұрынғы деңгейіне қайта оралды: 16 матч, 9 гол, 1 голдық пас. Барлық жетістіктерге қарамастан, Мойзе маусым соңында "Эвертонға" оралуы керек. ПСЖ-ның ойыншыны сатып алуға құқығы жоқ, бірақ "Эвертонның" бас бапкері Карло Анчелотти ойыншыны сату туралы келіссөздер жүргізуге дайын екенін мәлімдеді.

8. Анхелиньо, "Манчестер Сити" - "РБ Лейпциг" (жалдау шарты бойынша)


"Манчестер Сити" тәрбиеленушісінің басқа клубқа кетуі бірінші рет емес. Бір қызығы, 2019 жылдың жазында "қала тұрғындары" Анхелиньоны ПСВ-дан қайтарып алды. Бірақ испаниялық қорғаушы "Манчестер Ситиде" мүмкіндік ала алмады және "РБ Лейпцигке" кетті. Анхелиньо осы маусымда 20 ойынға қатысып, 8 голдың авторы атанды және 6 нәтижелі пасы бар.

7. Эдуард Менди, "Ренн" - "Челси" (24 миллион еуро)


Мендидің "Челсиге" ауысуы клубтың соңғы жылдардағы басты мәселесін шешуге мүмкіндік берді. Кепа Аррисабалага өте жиі қателесетін. Сенегалдық қақпашы Премьер-лига мен Чемпиондар лигасында өткізген алғашқы алты матчта гол жібермеді. Менди "аристократтар" үшін 19 матчта 12 гол жіберді, 10 кездесуде қақпасын "құрғақ" ұстады. Осылайша "Челси" әлемдегі ең қымбат қақпашының орнын басатын адамды тапты.

6. Федерико Кьеза, "Фиорентина" - "Ювентус" (жалдау шарты бойынша)


Кьезаның "Фиорентинадан" кететіні ұзақ уақыт бойы талқыланып келді. Федерико үшін күресте "Ювентус" барлығынан мықты болып шықты. Клуб ойыншыны 2 жылға жалға алды, осы уақыт аралығында "Фиорентина" 10 миллион еуро пайда табады. Қалған 40 миллион еуроны "Ювентус" 2022 жылдың жазында төлейді.

Жанкүйерлер мен "Ювентус" басшылығының қуанышына орай, Кьеза командаға тез бейімделді. Ол 15 кездесуде 2 гол соғып, 5 нәтижелі пас берді. Енді, әрине, ол "Фиорентинадағыдай" команданың көшбасшысы емес. Алайда Федериконың өзі Туринге ауысқанына өкінбейтін шығар. Ең бастысы - "Ювентуста" сирек ойнайтын Бернардескидің жолымен жүрмеу.

5. Альваро Мората, "Атлетико" - "Ювентус" (жалдау шарты бойынша)


Испаниялық шабуылшы "Ювентусте" мансабындағы ең жақсы кезеңдердің бірін өткізген еді (2014-2016). Туриндік клуб бұл жолы Альвароны сатып алу құқығымен жалға алды. Қараша айында "Ювентус" Моратаны сатып алуға дайын екендігі туралы хабарлады. Оның нақты себебі бар: ол 17 матчта 10 гол соғып, 7 нәтижелі пас берді.

4. Златан Ибрагимович, "Лос-Анджелес Гэлакси" - "Милан" (тегін)


Златан таңқалдыруды жалғастыруда. 39 жастағы форвард 2020 жылдың қаңтар айында "Миланға" оралғаннан кейін, 30 ойында 22 гол соғып, 7 нәтижелі пас шығарды. Әсіресе, осы маусымның басы нәтижелі болды - Златан Италия чемпионатының 6 ойынында 10 гол соқты. Өкінішке орай, Ибрагимович жарақатына байланысты бір айға қатардан шығып қалды. Бірақ оның ерліктерінің арқасында "Милан" қазір А сериясында көш бастап келеді.

3. Диогу Жота, "Вулверхэмптон" - "Ливерпуль" (44,7 миллион еуро)


Португалиялық шабуылшы осы маусымның басында күтпеген жерден "Ливерпульдің" басты қаһарманына айналды. Себебі жарақат салдарынан мерсисайдтық клуб барлық көшбасшыларынан айырылған еді. Жота 4 рет жеңісті голдың авторы атанды, сондай-ақ Чемпиондар лигасында "Аталантаға" қарсы матчта хет-трик жасады. Диогу шабуылда кез-келген позицияны жаба алатын әмбебап ойыншы болып табылады.

2. Бруну Фернандеш, "Спортинг" - "Манчестер Юнайтед" (55 миллион еуро)


"Манчестер Юнайтед" португалиялық футболшыны қатарға қосу үшін ұзақ уақыт бойы күресті. Фернандеш бірден команданың көшбасшысына айналды. Ағымдағы маусымда Бруну 24 кездесуге қатысып, 15 гол соқты, 9 нәтижелі пасы тағы бар. Португалиялық жартылай қорғаушы жақында капитандық белгімен "Манчестер Юнайтедті" алаңға шығарды. Оның командадағы ойынын ескерсек, ол капитан болуға өте лайықты үміткер.

1. Эрлинг Холанд, "РБ Зальцбург" - "Боруссия Дортмунд" (20 миллион еуро)


Холанд "Боруссия" сапында өткізген 33 ойында 35 гол соғып, 6 нәтижелі пас берді. Орташа есеппен бір ойында бір гол соғып отырған. Холанд - қазіргі уақытта әлемнің ең үздік жас ойыншыларының бірі. Transfermarkt порталы оны 100 миллион еуроға бағалады. Бір жыл бұрын "Боруссия" Эрлингті сатып алуға жұмсаған 20 миллион еуро өзін ақтап үлгерді. Холанд қол жеткізген жетістіктермен тоқтап қалмай, алға жылжи беретініне күмән жоқ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×