
Қазақстан Премьер-лигасының 9-турындағы «Атырау» мен «Жетісу» арасындағы матч 1:1 есебімен аяқталды. Кездесуден кейін «Атырау» клубының бас бапкері міндетін атқарушы Қуаныш Қабдолов ойынға қатысты пікір білдірді.
— Тартысқа толы жақсы ойын болды. Әдетте турнирлік кестенің төменгі жағында орналасқан командалар кездескенде, қос тарапқа да жеңіс маңызды. Сондықтан мұндай ойындар әрдайым жүйкені жұқартатын, көп күреспен өтеді. Біз бұл кездесуге тыңғылықты дайындалдық. Дегенмен бірінші таймда кейбір ойыншылар тапсырманы дұрыс түсінбеген сияқты. Сол себепті үзілісте түзетулер енгіздік, — деді Қабдолов.
Оның айтуынша, екінші тайм басында қақпаға белгіленген пенальти команданы қиын жағдайға қалдырған. Бірақ кейіннен жасалған ауысымдар ойынға серпін беріп, команда шабуылды күшейткен.
— Бізге қазір жақсы эмоциялар мен психологиялық тұрақтылық қажет. Бұл матчта ең құндысы — жігіттердің соңына дейін күресіп, бас имегені. Қосымша минутта соғылған гол үшін, Зазаға алғыс айтамыз. Енді келесі турларда ұпай жинауға тырысамыз, — деп түйіндеді ол.
Қазіргі таңда «Атырау» 11 матчтан кейін 4 ұпай жинап, турнир кестесінде 13-орында тұр. Ал «Жетісу» 9 ойыннан кейін 5 ұпаймен 11-орынға жайғасқан.
Біздің серіктес: FONBET